Құрметті теректіліктер!

Құрметті теректіліктер!

Еліміздегі мерекелер қатары 14 наурыз – Көрісу (Амал) дәстүрімен толыққаны баршаңызға мәлім. Батыс өңірдің белгілі бір бөлігінде ғана сақталып, атадан балаға мұра боп жеткен қасиетті мереке қалың қазақпен қайта қауышты деуге толық негіз бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі мерекелер тізбегінде көрісу күнін ерекше атап өтуі – осының айғағы. Қай кезеңде, қай елде болмасын дәстүр мен салттың озығын ұлықтап, тозығын ұмытып отырған. Дархан қазақтың ұлттық таным-тәрбиесінің ұялатын тұсы жоқ. Ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғыртатын жәдігерлеріміз жетерлік. Бүгінгі келіп жеткен көрісу күні де осындай ұлық мерекеміздің бірі. Ескіше санақпен көктемнің алғашқы күндеріне тұспа-тұс келетін мейрамның тәрбиелік тұсы зор. Жер бусанып, дала төсі қыс құрсауынан босап жатқан кезде ағайын-туыс бір-бірімен шұрқырай амандасып, төс түйістіріп көрісіп, өкпе-ренішті өткен жылда қалдырып, жаңа жылға жаңаша қадам басқан.  

Ардақты ағайын!

Көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі.

Ұлыстың ұлы күніне жалғасатын көрісу мерекесі құтты болсын! Жастан жасқа аман жетейік!

 

Ізгі тілекпен,

Теректі ауданы әкімі Арман ӨТЕҒҰЛОВ