ЕЛДІҢ ТАҢДАУЫ – ӘКІМ САЙЛАУЫ

             

Қазақстанда демократиялық өзгеріске жол ашатын, халық үшін маңызды бастамалар қанат жайып келеді.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында берген тапсырмасы бойынша және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулер енгізгені мәлім. Өзгеріске сәйкес 2021 жылдың маусым айынан бастап ауыл әкімдері халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланып келеді.

Елімізде 1995 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту мен мемлекеттік қызметтерді бөлісу бастамасы жүзеге асып келеді. Естеріңізде болса, жергілікті әкімдерді сайлау тәжірибесі Қазақстанда 2013 жылы қолданысқа енгізілген. 2013 және 2017 жылдары елдегі 2500-ге жуық әкімнің 1416-сы жанама түрде сайланған. Яғни, әкімдерді тікелей тұрғындар емес, мәслихат депутаттары сайлады. Оның үстіне бұған дейін әкімдікке кандидаттарды одан жоғары тұрған әкімдер, яғни аудан әкімдері ұсынатын еді. Енді халық, қоғам арасында бұл жүйе орныққаннан кейін мәслихат сайлаған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтаған кезде сайлау тікелей өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, ендігі кезекте округ әкімдерін халық тікелей сайлап келеді. Мұның тиімді тұстарына тоқталатын болсақ, ең бірінші жергілікті жердің халқы өздері таңдаған кандидаттарын әкім етіп сайлауға мүмкіндік алды. Әкімдерді сайлау – азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, ауыл әкімінің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына жедел ден қоюына, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.

2021 жылдың маусым айынан бастап Тәуелсіз мемлекеттің тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерін халық тікелей сайлайтын сайлау өтті. Қазақстан үшін маңызды саяси науқанды өткізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы көтерді. Президент атап өткендей, бұл дауыс беру науқаны саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді.

Теректі ауданында осы әдіспен 2021 жылы Ақжайық, Ақсуат, Подстепный, Приречный, Шалқар, 2022 жылы Шағатай, 2023 жылы Подстепный, Шалқар, Шаған ауылдық округ әкімдері сайланып, қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетуде.

Ал, сайлау бірінші кезекте аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидаттарды ұсыну келесі тәртіп бойынша жүргізіледі. Яғни, округ әкімі лауазымына үміткерлерді саяси партиялар және азаматтар – өзін-өзі ұсынумен. Әкім лауазымына сайланатын үміткерлер сол жергілікті жердегі сайлаушылардың 1 пайыз дауысымен қолдау табуы тиіс. Теректі ауылдық округі бойынша кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады және сайлау өткізілетін күнге жиырма бес күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталды. Кандидаттарды тіркеу барлық құжаттарды алғаннан кейін басталады және 2023 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Сайлау заңындағы жаңа өзгерістерге сәйкес аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылатын кандидаттар саны 2 адамнан кем болмауы қажет. Егер екеуден аз кандидат ұсынылған жағдайда сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін үш күннен аспайтын мерзімге ұзартады.

Бұл ретте, ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталатын күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда, жоғары тұрған әкім тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы.

Әкім болып сайланатын үміткердің жасы 25-тен төмен емес, Қазақстан Республикасының азаматы, жоғары және арнаулы орта білімі бар, ақыл-ойы дұрыс, бұрын сотталмаған, сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» заңындағы талаптарына сәйкес болуы қажет.

Үміткерлер тиісті құжаттарды жинап, кандидат болып тіркелу үшін аумақтық сайлау комиссиясына тапсырады. Тіркеуге келіп түскен кезден бастап кандидаттардың құжаттарын арнаулы тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді. Кандидат болып тіркелу үшін саяси партия ұсынған үміткерді қоспағанда, үміткерлер өз қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың есепшотына 2023 жылдың 1 қаңтарында бекітілген 1 айлық ең төменгі жалақы есебінде сайлау жарнасын енгізеді. Ал тіркелген кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына кететін шығындардың қаражаты жергілікті аудандық аумақтық сайлау комиссиясы арқылы төленетін болады.

Енді сайлаушылар қалай дауыс беретініне келсек, бәрі бұрынғыша қалмақ. Сайлаушылар жергілікті жерлердегі сайлау учаскелеріне келіп, өзі таңдаған кандидатқа дауыс бере алады. Тағы да бір өзгеріс – бұрын сайлау бюллетенінде өзіңіз қолдаған кандидатқа дауыс берсеңіз, жаңа бюллетендерде ұсынылатын кандидаттардың төменінде «бәріне қарсымын» деген жол енгізілді.

Ағымдағы жылдың тамыз айында Теректі ауылдық округі әкімінің өкілеттігі аяқталуына байланысты 13 тамыз күні Теректі ауылдық округі әкімінің сайлау өткізілмек. Теректі ауылдық округінің Теректі, Жайық, Тақсай ауылдарындағы 5 учаскелік сайлау комиссиясы 2023 жылдың 13 шілдесінен бастап өз жұмыстарына кірісті. Қазіргі кезде әкімдікке кандидаттарды ұсыну жұмыстары жүргізілуде.

 2023 жылдың 29 шілдеден бастап әр сайлаушы өз сайлау учаскелеріне келіп сайлаушылардың тізімінде өзінің бар екенін тексере алады.

Сайлаушылардың конституциялық құқығын жүзеге асыруға және ағымдағы жылдың 13 тамыз күні сайлау учаскелеріне келіп өз дауыстарын беруге шақырамыз.

Досмұхан Жұмағалиев,

Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары

Дата публикации
16 июля 2023