Аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдеріне кандидаттар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тексеру үшін аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына келесі құжаттарды ұсынады:
1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) осы тізбеге қосымшаға сәйкес нысандағы аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің әкіміне кандидаттың қызметтiк тiзiмі;
3) еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмесі;
4) білімі туралы құжаттар мен олардың қосымшаларының көшірмелері. "Болашақ" халықаралық стипендиясын иеленушілерге берілген білімі туралы құжаттарға "Халықааралық бағдарламалар орталығы" Акционерлік қоғамы берген Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша оқуды аяқтау туралы анықтаманың көшірмесі қоса беріледі.
Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы 1), 3) және 4) тармақшаларда көрсетілген құжаттардың көшірмелерін түпнұсқалармен немесе нотариалды куәландырылған көшірмелермен салыстырады.
Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидат құжаттарды тапсырғаннан кейін келесі күнтізбелік күннен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның тиісті аумақтық органына жоғарыда көрсетілген құжаттарды және статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органның есептері бойынша мәліметтердің болуы/болмауы туралы деректерді алу үшін жеке тұлғаға берген жауабын жолдайды.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның тиісті аумақтық органы күнтізбелік үш күннен кешіктірмей кандидаттың бiлiктiлiк талаптары бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі мәселесі бойынша қорытындыны тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жолдайды.