Тасқала ауданының білім саласы
Ауданда мектепке дейінгі және жалпы орта білім берудің үздіксіз және қолжетімді болу үшін барлық жағдай жасалған. Білім беру желісінде 22 мектепке дейінгі білім беру ұйымдар, 18 жалпы орта білім беретін мектептер, 4 қосымша білім беру ұйымдары, колледж және Педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті бар.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ішінде 5 бөбекжай-бақша жұмыс істейді (соның ішіндегі «Нұр» бөбекжайы - жеке). 4 бөбекжай Тасқала ауылында орналасқан (соның ішінде жеке бөбекжай «Нұр»). 7 мектептің жанында бөбекжай-бақша ашылып, «мектеп-бөбекжай-бақша» кешендері болып жұмыс істейді. 10 мектептің ішінде «шағын-орталықтар» жұмысы ұйымдастырылған. Ауданда 3-6 жас аралығындағы балалар толығымен (100%) мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Тасқала ауылы аудан орталығы және ең үлкен елді-мекен болғандықтан, мектепке дейінгі ұйымдарға қажеттілігі бар. Осы себептен қазіргі таңда аудан орталығында 140 орындық бөбекжай-бақша салу мәселесі қарастырылуда. Салынатын нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып мемлекеттік сараптамаға тапсырылуда. Жыл сайын аудан әкімдігінің қаулысымен жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, «Нұр» жеке бөбекжай-бақшаға мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік тапсырыс беріледі.
Жалпы орта білім беретін ұйымдардың ішінде 4 бастауыш, 2 негізгі және 12 орта мектептер бар. Орта мектептердің ішінде 300 орындық және 100 орындық интернаты бар инновациялық «Сәулет» мектеп-лицейі 2011 жылы салынды. Аудан орталығында 4 орта мектеп орналасқан. 2019 жылы Қ.Сәтбаев атындағы және С.Жақсығұлов атындағы жалпы білім беретін орта метептеріне «Ауыл - Ел бесігі» бағдаламасы аясында 247,0 млн тенге қаражат бөлініп күрделі жөндеуден өтті. 18 мектептің ішіндегі 16-да оқыту мемлекеттік тілде, 1 мектепте – орыс тілінде, 1 мектеп – аралас (қазақ-орыс) мектеп.
2019-2020 оқу жылын 2555 оқушы бастады (2018-2019 о.ж. – 2528). Жаңартылған білім беру мазмұнына өту жұмысы аяқталуда. Білім сапасы 67% құрайды. 2018-2019 оқу жылында 9 сыныпты 207 оқушы бітірді, соның ішінде 33-і үздік аттестатқа ие болды. 150 мектеп түлектерінің 11-і «Алтын белгі» төсбелгіге, 5-і үздік аттестатқа ие болды. 112 түлек жоғары және арнаулы орта білім беретін ұйымдарына түсу үшін мемлекеттік грант иегерлері атанды.
Барлық мектептерде ыстық тамақтандыру ұйымдастырылған. Әлеуметтік қорғауды қажет ететін отбасылардың балалары толығымен ыстық тамақпен тегін қамтылды. Оған қоса жергілікті бюджет арқылы 1-4 сынып оқушылары да тегін ыстық тамақпен қамтылды. Жалпы тегін ыстық тамақпен қамту пайызы 78% құрайды.
Мектеп оқушылары толығымен тегін оқулықтармен қамтылды. Жыл сайын жергілікті бюджеттен оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сатып алу үшін қаражат бөлінеді. 2019 жылы оқулықтар алуға 84,1 млн тенге бөлінді.
Қосымша білім беретін ұйымдар қатарында Мектептен тыс жұмыс орталығы, Жас туристер станциясы, Балалар саз мектебі бар. Үшеуіде аудан орталығында орналасқан, айтқанымен, ауылдық мектептерде филиалдары мен үйірмелері жұмыс істеуде. Саз мектебінің ғимараты 2009 жылы салынса, Жас туристер станциясының ғимараттары (жазғы мезгілде «Шұғыла» аудандық лагері жұмыс істейді) 2017 жылы күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмысына 100,0 млн тенге қаражат бөлінді, соның ішінде 90,0 млн республикалық бюджеттен. 2019 жылы жергілікті бюджеттен 4,0 млн тенге бөлініп Мектептен тыс жұмыс орталығы ағымды жөндеуден өтті. Жалпы қосымша білім беру үшін ауданда 57 секция мен 115 үйірмелер жұмыс істеп 2706 оқушы қамтылды. Балалар саз мектебінің оқушылары республикалық, халықаралық байқауларға үнемі қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Мектепте аспаптар оркестрі құрылды және 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен аспаптар оркестрлер арасындағы байқауының Гран-При иегері атанды.
Ауданымызда робототехника жақсы дамыған. Робототехника үйірмелерге қатысатын оқушылар республикалық, халықаралық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. 2019 жылы «Сәулет» лицейінің базасында робототехника бойынша облыстық байқау өткізілсе, 2020 жылы Қ.Сәтбаев атындағы ОМ базасында облыстық Роболенд байқауы өтеді.
Білім ұйымдары толық педагог кадрлармен қамтылған және жыл сайын жас мамандармен толықтырылады. Аудан мектептерінде 490 педагог жұмыс істейді, солардың 402 – жоғары білімді, 88 – арнаулы орта білімді. Жоғары санатты педагог саны - 104, І санатты – 169, сапалық құрамы – 55,7%.
2018-2019 оқу жылынан бастап үштілді оқытуға көшу басталды: оқып келген 22 педагог жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде береді.
Ерекше білімді қажет ететін балаларға аса назар аударылып тұрады. Осы санаттағы балаларға ауданда Педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті, Ы.Алтынсарин атындағы ОМ түзете-дамыту сыныбы, Қ.Сәтбаев атындағы ОМ логопедиялық пункт, «Бөбек» бөбекжайда инклюзивтік кабинет жұмыс жасайды. Барлық мектептерде логопед және дефектолог штаттық бірліктері енгізілді. Барлық білім беру ұйымдар ерекше білімді қажет ететін балаларға қолжетімді білім алуға жағдай жасалуда: пандустар, кедергісіз аймақтар, арнайы белгілер және т.б.
Ақпараттандыру және цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Барлық мектептер компьютерлермен қамтылған, 1 компьютерге 3 оқушыдан келеді. 17 мектеп кеңжолақты интернет желісіне қосылған. 12 орта мектеп жаңа модификациядағы кабинеттерімен қамтылған, 14 шағынкомплектілі мектептерге 2018 жылы 54 «Білім бук» комплектілер алынды, 9 мектепте электрондық журнал жүргізіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылы аудан орталығының 3 бөбекжайы "CUSTOM SOLUTIONS CENTER" ЖШС-мен шартқа отырып «Мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін кезекке қою», ал аудан орталығының 4 мектебі «IT Group» АҚ шартқа отырып «Мектепке қабылдау» мемлекеттік қызметтерді автоматты түрде көрсетті. 2020 жылы 12 ұйымдар мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруге жұмыстануда.