Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қою АЛГОРИТМІ

  1. Жалпы ереже

 

  1. Осы Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне ден қою алгоритмі (бұдан әрі - Алгоритм) балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ведомствоаралық ден қоюды және зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға, сондай-ақ олар тұратын отбасыларға уақтылы кешенді көмек көрсету және қолдау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісімділігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
  2. Алгоритм Қазақстан Республикасының аумағында болған 18 жасқа дейінгі кез келген жеке тұлғаға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік фактілерін анықтау және оларға қатысты жұмыс жөніндегі уәкілетті органдар, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер (бұдан әрі- БҚӨУ), сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің өзара іс-қимылын айқындайды.
  3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қоюдыңжұмыс органы болып табылады.
  4. Жұмысты үйлестіру және мониторингті, жедел ведомствоаралық ден қоюды қамтамасыз ету және зорлық-зомбылық құрбаны болған балалар мен олардың ата-аналарына (отбасыларына) уақтылы көмек көрсету және қолдау үшін өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары дербес жауапты болады.

 

  1. Мемлекеттік органдардың және ұйымдардың балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне өзара іс-қимыл және ден қою тәртібі

 

  1. Кәмелетке толмағандарға қатысты немесе олардың арасында зорлық-зомбылық немесе қатыгездік фактілерін анықтау келесі органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің аулаларды аралау, патронаждық бару, рейдтер, азаматтарды қабылдау, жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізу барысында жүзеге асырылады:

1) білім беру;     

2) ішкі істер;

3) әділет;

4) денсаулық сақтау;

5) халықты әлеуметтік қорғау;

6) прокуратура;

7) жұртшылық;

8) бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер;

9) басқа жергілікті атқарушы органдардың (ұйымдардың, мекемелердің) қызметкерлері.

Зорлық-зомбылыққа немесе қатыгездікке ұшыраған кәмелетке толмаған туралы ақпарат 5-тармақта көрсетілген органдардың және (немесе) ұйымдардың кез-келгеніне келіп түсуі мүмкін.

  1. Балаға (балаларға) қатысты немесе олардың арасында зорлық-зомбылық немесе қатыгездік фактілері анықталғаннан кейін, ақпарат не факт туралы хабарлама келіп түскеннен кейін барлық уәкілетті мемлекеттік органдар-ішкі істер, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары, сондай-ақ БҚӨУ жедел хабардар етілуге тиіс.
  2. БҚӨУ балаға (балаларға) қатысты немесе олардың арасында зорлық-зомбылық немесе қатыгездік фактілері анықталғаннан кейін және осы фактілер ішкі істер органдарында расталғаннан кейін осы фактілер және мемлекеттік органдар қабылдаған шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде дереу хабарлайды.
  3. Уәкілетті органдар өкілдерінің қатарынан құрылған балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мониторингтік топ, сондай-ақ БҚӨУ қадағалаушы прокурордың келісімімен оқиға орнына дереу барады.
  4. Уәкілетті органдар оқиғаны сәйкестендіруді жүргізеді: зорлық-зомбылық белгілерін анықтау, баланың өмірі мен денсаулығына қатерлерді анықтау, алдын-ала диагноз қою және т.б.
  5. Ішкі істер органдары дереу қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қажетті тергеу іс-шараларын, оның ішінде сот-медициналық, кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамаларды тағайындауды жүргізеді.
  6. Сот сараптамасы органдары, лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғалар медициналық консультациялар жүргізу және қосымша материалдар ұсыну қажеттілігі болмаған жағдайда 3 тәуліктен аспайтын мерзімде сот сараптамасын жүргізеді.
  7. Прокуратура органының басшысы кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін жүргізген не зорлық-зомбылық туралы арыздарды, хабарламаларды СДТБТ-ға тіркеген кезден бастап сотқа дейінгі тергеп-тексеруге іс жүргізу бойынша басшылықты жүзеге асыру үшін іс жүргізу прокурорларын тағайындайды және қылмыстық істердің осы санатын тергеп-тексеруді тұрақты қадағалауды қамтамасыз етеді.
  8. Білім беру органдары зорлық-зомбылық құрбаны мен ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
  9. Ішкі істер, білім беру және әлеуметтік қорғау органдары Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегікомиссия шешім қабылдағанға дейін оны баланың бастапқы қажеттіліктері қамтамасыз етілетін, сондай-ақ жәбірленуші баланы және күдіктіні ІІО-ға бөлек жеткізу қамтамасыз етілетін медициналық ұйымдарға не балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға (Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары, Балаларды қолдау орталықтары, дағдарыс орталықтары) орналастыру арқылы бала үшін қауіпсіз жағдайлар жасау жөнінде шұғыл шаралар қабылдайды.
  10. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия зорлық-зомбылық фактісі туралы ақпарат түскен сәттен бастап 12 сағат ішінде баланы орналастыру туралы шешім қабылдайды, содан кейін оны медициналық ұйымдарға не балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға (кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, балаларды қолдау орталықтары, дағдарыс орталықтары) орналастырады.
  11. Жәбірленуші көрсетілген ұйымдарға орналастырылғаннан кейін ол (отбасы) қолданыстағы заңнамада көзделген арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенімен қамтамасыз етіледі.

 

  1. Орталық мемлекеттік органдарды хабардар ету тәртібі

 

  1. Балаларға (балаға) қатысты немесе олардың арасында зорлық-зомбылық немесе қатыгездік фактілері анықталған жағдайда уәкілетті орталық мемлекеттік орган ақпаратты Ішкі істер министрлігінде жедел растайды және Оқу-ағарту министрлігіне береді.
  2. Ақпарат расталған жағдайда, Оқу-ағарту министрлігі жұмыс уақытында 1 (бір) сағат ішіндеоқиға туралы БҚӨУ-ға хабарлайды.
  3. БҚӨУ бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар туралы жедел хабарлайды және балаларға (балаға) қатысты орын алған зорлық-зомбылық немесе қатыгездік жағдайларынан туындауы мүмкін резонанстық жағдайларды тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік органдардың іс-қимылдары мен өзара іс-қимылдарының реттілігі тәртібіне түсініктеме береді.
  4. Орталық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы Telegram чат арқылы оқу-ағарту,ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму министрлерінің, Бас прокуратура басшыларының жетекшілік ететін орынбасарлары деңгейінде жүзеге асырылады.

 

  1. Бұқаралық ақпарат құралдарымен және әлеуметтік желілермен жұмыс тәртібі

 

  1. Ақпарат саласындағы уәкілетті орган-Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне ақпараттық кеңістіктің, БАҚ және әлеуметтік желілердің тәулік бойы мониторингін және талдауын жүзеге асырады.
  2. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми әлеуметтік желілері арқылы балаға қатысты зорлық-зомбылық фактісі туралы жарияланған әрбір ақпарат бойынша қабылданатын шаралар туралы жұртшылықты жедел хабардар етуді қамтамасыз етеді.
  3. БҚӨУ тоқсан сайын брифингтер өткізеді, онда тұрғындарды балалардың құқықтарын қорғау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, оның ішінде резонанстық істер бойынша хабардар етеді.
  4. Зорлық-зомбылықтың жекелеген резонанстық жағдайлары бойынша анықталғаннан және расталғаннан кейін3 сағаттан кешіктірмей барлық уәкілетті органдар (ішкі істер, денсаулық сақтау, ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, жергілікті атқарушы органдар) қаралып отырған зорлық-зомбылық фактісі бойынша өзекті ақпаратты ұсынатын Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілінің БАҚ-қа шығуы қамтамасыз етіледі.

Құрылымдардың басшылары, сондай-ақ БҚӨУ ұсынылатын ақпараттың дұрыстығы мен сапасы үшін дербес жауапты болады.

 

 

Дата публикации
24 июля 2023