Құрметті аудан тұрғындары!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында халықпен тиімді кері байланыс орнату, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру үшін аудан әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында «Ашық әкімдік» фронт-офисы ашылды. «Ашық әкімдік» алаңында 5 бөлім, аудан әкімі аппаратының кеңсесі және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы орналасқан. Барлығы 38 мемлекеттік қызмет және әр сала бойынша кеңестер ұсынылады. «Ашық әкімдік» іске қосылғалы бері, 11 тамыздан бастап 1095 азаматқа қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, тұрғындарды жеке қабылдауға арналған арнайы бөлме орналасқан. Жыл басынан бері өзім және орынбасарларым 44 жеке қабылдау өткізіп, жалпы 117 адамды қабылдадық. Соның ішінде 92 азамат өзімнің жеке қабылдауымда болды. Өткізілген 44 жеке қабылдаудың 37 онлайн форматта өтті. Жалпы көтерілген сұрақтардың басым бөлімі тұрғын үймен қамту, жол жөндеу, жұмыспен қамту, жер бөлу, несие алу мәселесіне қатысты болды. Көтерілген мәселелердің 11-і оң шешілсе (жолды асфальттау, жұмыспен қамту, су өткізу, интернет тарту), 33 бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, фейсбуктегі және инстаграмдағы аудан әкімдігі мен өзімнің жеке парақшама жалпы 37 сауал түсіп, уақытылы жауаптары берілді.
Құрметті жерлестер!
Карантин жарияланып, шектеу шаралары енгізілгенімен есепті кезеңде ауданның әлеуметтік – экономикалық даму жолында біркелкі жұмыстар атқарылды, соның арқасында аудан тұрғындары, әсіресе жастар, вахталық жұмыста жүріп, уақытша жұмыссыз қалған азаматтар жұмыспен қамтылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2019 жылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының 18 съезінде сөйлеген сөзінде ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.
Тасқала ауданы 2019 жылы «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына алғашқы аудан болып қатысып, бағдарлама аясында ауқымды істер атқарылды. Екі жылда Бағдарлама арқылы ауданға 2 млрд 149 млн.теңге қаражат тартылып 8 жоба бойынша 3 мектеп, 1 мәдениет үйінің ғимараты, аудан орталығының 35 көшесінің автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл аудан орталығы көшелерінің 85% құрайды.
Ресей Федерациясы Саратов облысының 2 ауданымен, Батыс Қазақстан облысының 3 ауданымен шекаралас, жеті жолдын торабында орналасқан Тасқала ауданы экономикасының дамуына автомобиль жолдарының жөнделуі үлкен серпін беретіні сөзсіз. Осы орайда, 2019 жылы Орал – Тасқала – Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі республикалық маңызы бар 104 км тас жолы күрделі жөндеуден өтсе, 2020 жылы Тасқала – Аққурай облыстық маңызы бар 96 км тас жолының орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Есепті кезеңде аудан барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жалпы 4 млрд 904 млн.теңгеге 28 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, аудан жолдарын сапалы күтіп-ұстау мақсатында екі дана арнайы жол техникасы сатып алынды. Аудан орталығында жалпы көлемі 338,7 шаршы метр құрайтын бір қабатты әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Тасқала ауылында көшпелі тәсілмен 320 көрермен орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Кешеннің құрылысы ауданда 14 спорт түрін дамытуға толық мүмкіндік береді.
Аталған жобалар аясында аудан бойынша жалпы 457 жұмыс орны құрылып, 240 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылды, соның ішінде 43 адам вахталық жұмыста жүріп уақытша жұмыссыз қалғандар.
Оған қоса, әр елді мекенде тұрғындардың күшімен, демеушілік көмек арқылы және бюджеттік қаражат есебінен жалпы 96,6 млн.теңгеге абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ақтау, Шежін ауылдық округ әкімі аппараттарының ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудан қаражатынан 15,3 млн тенге бөлініп күрделі жөндеуден өткен 5 мектептің жиһаздары жаңартылып, екі мектепке қызметтік автокөлік, 4 мектепке 50 компьютер алынды. Амангелді, Мерей мектептері мен «Айгөлек» бөбекжайында күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасалды.
Жылдан жылға ауданда өзекті болып табылатын мәселе - электржарығының жиі өшіп қалуы. Аудан бойынша электржелілерінің ұзындығы 578 км құраса, соның 322 км ауылішілік желілер. Жалпы электржелілерінің 93% тозығы жеткен. Тек биылғы жылдың өзінде аудан бойынша электржелілерінің 210-нан астам апаттық жағдайы тіркеліп жойылды.
2020 жылы аудандық бюджет көлемі 8 млрд 711 млн.теңге құрап, жыл қорытындысы бойынша 99,3% орындалды. Соның ішінде, салық және салықтық емес түсімдердің жоспары 132,4 % орындалып 543 млн.теңге құрады. Жыл қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімі 10 млрд. 559 млн.теңге құрап 103,9% артты.
Аудан экономикасының дамуының басты кепілі ауданға инвестиция тарту мәселесі. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6 млрд 588 млн.теңгені құрады, бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 57,8% жоғары. Жұмсалған инвестиция көлемінің 60% (3949 млн) мемлекет қаражаты есебінен болса, 40% (2639 млн) өзіндік қаражат есебінен қалыптасты, соның 42,6% (1124 млн) ауылшаруашылық саласына тартылған инвестиция. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд. 170 млн.тенге құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 168,6 % артса, тұрғын үй құрылысының көлемі 3959 шаршы метр құрап, 48% төмендеді. Себебі 2019 жылы облыс қаражаты есебінен екі 3 қабатты тұрғын үй салынып пайдалануға берілсе, 2020 жылы тұрғын үй құрылысы тек жеке сектор қаражаты есебінен жүргізілді.
Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылық саласы құрайды. Президент өз Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыру мәселесіне баса мән берді. Ауыл шаруашылығы ел экономикасына тың серпін әкелетін, азық-түлік қауіпсіздігіне кепілдік беретін әлеуетке ие. Ауданда агроқұрылымдардың дамуымен қатар, тұрғындардың әл ауқаты артуының бірден бір жолы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту.
Осы мақсатта екі жыл қатарынан құс сату жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданға жалпы 50 мыңнан астам құс балапандары кіргізіліп, барлық ауылдық округтерге жеткізілсе, биылғы жылы осы жұмыстарды жалғастыра отырып, жеке кәсіпкер «Кенжалиев Ізбасар» қуаттылығы жылына 200 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосады. Бұл жоба өз кезегінде ауданда құс еті мен жұмыртқа бағасын төмендетуге ықпал етеді.
Ағымдағы жылдан бастап қараусыз қалған бау-бақтарды есепке алып, біртіндеп қалпына келтіру жұмыстарын бастағалы отырмыз. Осы орайда, аудан орталығында «Шевченко» және «Таскала-Акку» шаруашылықтары 2,5 га жерге жеміс-жидек, ағаш көшеттерін, соның ішінде қылқан жапырақтыларды егу үшін питомник салуды қолға алуда.
Осы жұмыстардың түпкілікті мақсаты аудан халқын бірінші қажет ететін 19 азық-түлік түрінің 10 түрін ауданда өндірілген өніммен мейілінше толық қамтамасыз ету. Соның ішінде, құс еті, жұмыртқа, картоп, сәбіз, қырыққабат, ұн, күнбағыс майы, макарон, нан өнімдері және сүт.
Мал шаруашылығын дамыту, бау-бақтар, бақша егудің негізгі кепілі - суару мәселесін шешу. Ауданда 46 тоған мен бөгет бар. 2020 жылы аудандық қаражат есебінен және демеушілік көмек арқылы 6 бөгет кеңейтіліп терендетілсе, биылғы жылы Ақтау ауылындағы дамбаны қайта құру жұмыстарын аяқтап, 7 бөгетті жөндеу жоспарлануда. Тасқала ауылының оңтүстік батыс бағытында орналасқан дамбаға қайта құру жұмыстарын жүргізу мәселесі былтырдан бері көтеріліп келеді. Аталған бөгеттің жөнделуі көктем кезінде 1 млн.текше метрге жуық еріген қар суын Тасқала ауылына кіргізбей ұстап қалуға, жаз мезгілінде мал суаруға және құс шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Бөгеттің ауыл деңгейінен 10 м биіктікте орналасуынан пайда болған табиғи қысыммен жиналған суды құбырлар арқылы ауылға жеткізіп, бақша суаруға пайдалануға болады. Сонымен қатар, жылдан жылға көтеріліп, шешімін таппай келетін мәселенің бірі бұл Жайықбай каналын жөндеу.
Канал бойында 50 ауылшаруашылық құрылымдарына жер телімдері бөлінген. Жайықбай каналын қалпына келтіру мал, құс, балық шаруашылығын кеңінен дамытуға, 812 га суармалы жерлерге су жіберуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде дайындалатын мал қорымы мөлшерін арттыруға септігін тигізеді. Биылғы жылы Жайықбай каналына 2 млн.текше метр су беруге келісім шарт жасалды.
2020 жылы егілген егіс көлемі 37,4 мың га құрады. Биылғы жылы егіс көлемін 40 мың га жеткізуді, болашақта мақсатты пайдаланбайтын егістік жерлерді қайтару арқылы 60 мың га жеткізуді көздеп отырмыз. 1970 жылдары ауданда егіс көлемі 120 мың гектар құраған. Түпкілікті мақсат егіс көлемін осыған жеткізу. Казіргі кезде кәсіпкерлер Тасқала элеваторын толық қуаттылығымен іске қосуды қолға алды. Былтырдын өзіңде элеваторда 48 адам жұмыспен қамтылды. Биылғы жылы тәуілігіне 2 мың дана нан өндіру қуаттылығымен наубайхананы іске қосу көзделсе, болашақта диірмен және макарон өнімдерін өндіретін цех ашу жоспарда бар.
Сонымен қатар, ауданда күнбағыс майын өндіретін цех ашу бағытында жұмыстанудамыз. Осы орайда, биылғы жылы ауданда күнбағыс егіс көлемін үш есе ұлғайтып, 6 мың га дейін жеткізу жоспарда бар.
Егін шаруашылығын дамыту мақсатында агроқұрылымдармен соңғы екі жылда 2 млрд 690 млн. теңгеге 2 егістік кешен, 12 комбайн, 44 трактор мен 74 бірлік ауылшаруашылық техникалық құрал-жабдықтарды сатып алды.
Жалпы есепті кезеңде «Жер» кодексінің талабына сәйкес аудан бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне 2 конкурс өткізіліп көлемі 54,3 мың га құрайтын 45 жер учаскесі пайдалануға берілді. Коммерциялық мақсаттағы жер учаскелеріне 4 аукцион ұйымдастырылып көлемі 32,4га құрайтын 10 жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілді. 2019-2020 жылдары аудан аумағында 182 мың га ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 18,2 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, 119,8 мың га жер учаскелерін игеруге кірісті.
Аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың кепілі – бұл жұмыссыздықты жою мәселесі. Еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын құру, жастарды жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелерін шешуде шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастырудың маңызы зор. Жылдан жылға мал басы санының артуына байланысты жаңа жұмыс орындарына қажеттіліктер де туындауда.
Ауданымызда жұмыс орындарының қажеттілігін анықтау мақсатында агроқұрылымдардың ауыл шаруашылығы жануарларын бағуға қажетті және техникаға жауапты жұмысшылардың арнайы жүктемелерге сәйкес талдауы жүргізілді. Талдау нәтижесінде қосымша 769 жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігі анықталды. Қазіргі таңда жұмыс орындарын құру бағытында аудан әкімінің орынбасары мен кірістер басқармасының өкілдері ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Аграрлық салаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының бірі бұл жеңілдетілген несие беру мен субсидия төлеу. Есепті кезеңде «Аграрлық несие корпорациясы», «Даму» қоры және «Тасқала» несие серіктестігі арқылы 44 адамға 649,2 млн.теңгеге несие берілді. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру» ережесі бойынша 116 ауылшаруашылық құрылымдарына 352 млн. теңге көлемінде субсидия төленді.
Бұл мемлекеттік қолдау агроқұрылымдарға мал басын көбейтуге, асылдандыру, тұқымдық түрлендіру, өнімділігін арттыру жұмыстарын жүргізуге, материалдық-техникалық паркті жаңартуға үлкен мүмкіндік береді. Осы қолдау арқасында 2020 жылы аудан шаруашылықтары 436,8 млн. теңге инвестициялық субсидия алды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына жолдауында жеке шаруашылықты дамытуға ерекше көңіл бөліп, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажеттігі аталған. Президент Жолдауынан туындайтын шараларды жүзеге асыру барысында аудан деңгейіндегі мал шаруашылығының дамуына сараптама жасадық.
Соңғы үш жылда агроқұрылымдарда ірі қара мал басы 42,2 % артып 23026 бас құраса, қой мен ешкі 47,8 % артып 41265 бас құрап отыр, жеке сектордағы ірі қара мал саны 11,2% азайып 8603 бас құраса, ұсақ малдың басы 3 % ғана артып, 29265 бас құрады. Өздеріңіз көріп отырғандай шаруа қожалықтарымен жеке сектордағы мал басының өсімінде айтарлықтай айырмашылық бар. Осы жерде неге осылай деген заңды сұрақ туындайды.
Мұның негізгі себептері келесілер деп есептеймін: мал ұстаудың өзіндік құнының, яғни жем-шөптің, бағымның қымбаттығы; жылма-жыл мал тұқымының сапасы әлсіреп, зоотехникалық нормаларға сәйкес төл алу индексінің төмендеуі; ауылшаруашылық жануарларының жаппай жұқпалы ауруларға шалдығуы; мал жайылымының тозуы мен жетіспеушілігі, суаттың тапшылығы; мемлекеттік қолдау шараларына жеке қосалқы шаруашылықтардың қатыса алмауы.
Осылардың барлығын саралай келе жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың бірден-бір жолы ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері деген тоқтамға келдік.
Біз ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру арқылы келесілерге қол жеткіземіз: лизингке ауылшаруашылығы техникаларын алу; селекциялық асылдандыру жұмыстарына қатысу арқылы мемлекеттік қолдауға ие болу; мал басын асылдандыру арқылы өнім сапасын арттыру; ұйымдастырылған мал бағымының жүзеге асырылуы; маусымдық, тұрақты және әлеуметтік жұмыс орындарының ашылуы; ветеринарлық қауіпсіздік шараларымен қамтылуы.
Осыларды зерделеу мақсатында Мерей ауылдық округі негізінде талдау жүргізіліп, жеке қосалқы шаруашылықтарын біріктіру арқылы ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, қолданыстағы бағдарламаларға сәйкес дамытқанда 5 жылда жеке қосалқы шаруашылықтарында қол жеткізетін оңды өзгерістер мен жетістіктерді көрсете отырып жоба жасадық. Осы жобаны облыс әкімінің қолдауымен ҚР ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныс ретінде жолдадық. Жоба қолдау тапқан жағдайда ауыл тұрғындарының табыс көлемі көбейіп, тұрмыс деңгейі артатына сенімдімін. Бүгіңгі таңда ауданда 280 мүшесі бар 19 ауылшаруашылық өндірістік кооператив құрылды. Бұл жұмыс жалғасуда.
Қарқынды дамып келетін саланың бірі шағын және орта бизнес саласы. Шектеу шаралары кезінде шағын бизнес субъектілеріне оңай кезең болған жоқ. Алайда, «Еңбекке бейім болсаң - қатарыңнан кейін болмайсын» дегендей, есепті кезеңде аудан аумағында 1 жол бойындағы сервис нысаны, 4 дүкен, 1 шағын наубайхана, Бірлік ауылының аумағында «Феррум контракт» компаниясының «Су құю цехы», Достық ауылының маңында «Архар Бизнес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автокөлікке жанар-жағар май құю станциясы және «Taskala-Et BKO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5120 ІҚМ басына арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Аталған жобалардың іске қосылуына байланысты 65 адам жұмыспен қамтылды.
Жалпы ауданда жұмыс жасап тұрған 1059 шағын және орта бизнес субъектілері 2064 адамды жұмыспен қамтып отырса, жұмыс жасап тұрған 19 шағын цехте 48 адам жұмыспен қамтылып отыр. Есепті кезеңде шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 218,6 млн.теңге құрады.
Жалпы ауданда жұмыспен қамту саласында біркелкі жұмыстар атқарылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік саласына үлкен көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда 334 адам кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шараларына қатысты, соның ішінде 237 адам мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға ие болса, 97 адам шағын несие алды.
Мемлекеттік қолдау арқылы 270 адам халқымыздың дәстүрлі кәсібін одан әрі дамытуды көздеп 1750 бас ірі қара мал, 4200 бас ұсақ мал, 27 бас жылқы сатып алып шаруаларын дамытуда. Бағдарлама қатысушылары құс шаруашылығын дамыту бағытына үлкен қызығушылық танытуда, соңғы екі жылда 52 адам 5280 құс түрлерін сатып алып, жылдам өтелетін бизнестің түрі екеніне көз жеткізіп, одан әрі кәсіптерін дамытуда. Мысалы, Тасқала ауылының тұрғыны Фрей Александр алыс қашықтықтарға жүк көлігімен тауар тасу кәсібін құс шаруашылығын дамытуға айырбастауды тиімді көріп, жаңадан ашқан ісін өрбітіп келеді. Бүгінгі күннің өзінде инкубатор аппараттарын алып, тауық балапандарын шығаруда. Бұған қоса бройлер және мекиен тауықтарын шығарып жұмыртқа және тауық етін өндіруде.
Мемлекеттік қолдау арқасында соңғы жылдары аудан тұрғындары біртіндеп бизнесті халық сұранысына қарай дамытуға бет бұруда. Атап айтсақ, мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері өрнек тастар шығару, темірден әр түрлі оюларды иіп қақпалар, есіктер, басқа да бұйымдар жасауды, шағын жылыжай салып маусымында көшеттер өндіріп сатуды, қоғамдық монша салып, кір жуу, жастықтарды қайта өндеу қызметін қолға алуда. Сонымен қатар, 12 тігін цехін, 1 маталар сататын дүкен, 5 шаштараз ашылып, 3 адам жарнамалық қызмет көрсетумен айналысып бизнесін дамытуда. Мысалы, жеке кәсіпкер Ажгалиева Мейрамгүл 2014 жылы 1,2 млн теңге шағын несие алып Амангелді ауылынан тігін цехын ашты. Ісі өрге басып 2015 жылы аудан орталығынан ателье ашты. Тапсырыс берушілердің сұранысы бойынша 2020 жылы бағдарламаға қайта қатысып 2,5 млн теңге шағын несие алып орталықтан мата дүкенін ашып, кәсібін одан әрі дамытуда.
Осы үлгілер, жұмыс жасаймын, кәсіп ашамын деген азаматтарға Бағдарлама үлкен мүмкіндіктер беретінін дәлелдеп отыр.
Аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2019 жылы 269 отбасын құраса 2020 жылы 135 отбасына азайды. Себебі осы жылдары 256 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның 69 жұмысқа орналастырылса, 32 мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға ие болып, өз кәсібін ашты, 1 шағын несиеге қол жеткізді.
Аталған шаралар нәтижесінде, кәсіпкерлік саласында жаңа нысандардың іске қосылуына байланысты және мемлекеттік бағдарламалар арқылы іске асырылған жобалар аясында жұмыс орындары ашылып, 2019 жылмен салыстырғанда ауданда 403 жұмыс орны артық құрылды (2020ж.- 1100). Сонымен қатар, 2020 жылы жалпы ауданда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1734 адам тартылды, соның ішінде 772 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды, оның 569 тұрақты жұмыс орны болып табылады. Оған қоса, 96 жас маман жастар тәжірибесіне, 45 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына және 527 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды.
Алайда, шектеу шаралары енгізілуіне байланысты жұмыстан қысқартылғандардың саны көбейіп, Ресей Федерациясының шекарасы жабылуына байланысты 2019 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі артып, 6,8% құрады. Аудан бойынша жұмыссыздар саны 601 адамды құрап отыр. Бұл мәселеңі оңды шешу бағытында жоспарлы түрде жұмыстар жалғастырылатын болады.
Құрметті жерлестер! 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеппен баяндамадан, бейнероликтен таныстыңыздар, өздеріңіз естігендей өткен жылы бір келкі ауқымды жұмыс атқарылды, бірақ алда тұрған міндет одан да зор.
Қысқаша тоқталып кететін болсам, 2021 жылы 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Соның ішінде, «Taskala ET BKO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бордақылау алаңына арнайы техника алып, қажетті өндірістік құрылыстар салу, «Таскала-Акку» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жемістер мен бау-бақша дақылдарын өңдеу, шырындар мен тамақ өнімдерін өндіру жобасын, 5 жоба бойынша жол бойында қызмет көрсету және жанар-жағар май құю станциясы құрылысын жалғастыру жоспарлануда.
Оған қоса, аудан орталығында инженерлік инфрақұрылымдары мен бір үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіледі және Тасқала ауылының оңтүстік-батыс бағытында 66 жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым тартылатын болады.
Аудан орталығында екі үш қабатты 72 пәтерлі тұрғын үй құрылысы, 9 ауылдық округ орталықтарында 15 бір қабатты үш бөлмелі тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарлануда, қазіргі кезде қаржыландыру мәселесі қаралуда.
Атамекен ауылына дейін 18 км жолға күрделі жөндеу, Тасқала ауылының 7 көшесінің көше жарығына қайта құру жұмыстарын жүргізу, 11 көшенің жөндеу жүргізілмеген жалпы 3,5 км жолына жөндеу жүргізу жоспарлануда.
Қадірлі жерлестер, Өздеріңізбен бірге осылай бір жылды қорытындылап отырмыз. Бірлігі берік елдің алмайтын асуы жоқ, деген дана халқымыз. Биылғы жыл - мерейтолық жыл, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Межелі жылда елге жақсылық әкелетін, ауылдастарымыздың өмір сүру сапасын арттыратын бастамаларды жұдырықтай жұмылып, бірге жүзеге асыруға шақырамын.