АҚЖОЛТАЙ САРАБДАЛ ҒҰМЫРЛЫ САПАРОВ

АҚЖОЛТАЙ
САРАБДАЛ ҒҰМЫРЛЫ САПАРОВ
өңірдің Құрметті азаматы атанды.
Наурыздың 12 жұлдызында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жайық өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан айрықша үлесі үшін белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Табылғали Сатқалиұлы Сапаровқа «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын салтанатты жағдайда табыс етті.
Жалпы, Жайық өңіріндегі көзі қарақты оқырманға Табылғали Сатқалиұлын таныстырып жатудың қажеті жоқ. Бір ауыз сөзбен түйіндеп айтқанда, ағамыз қатардағы қарапайым зоотехниктіктен бастап, облысты басқарған азаматтардың алдыңғы сапында тұрған, өмір жолы тәлім-тәрбиеге толы, беделі биік тұлға.
Сол себепті, осынау ақжолтай хабарға қол соғып, қуанғандардың қарасы қалың болатыны әу бастан белгілі жайт. Әсіресе, 2000 жылдардың бас кезінде іргетасын өзі қалаған «Жайық Пресс» ЖШС-нің үлкен ұжымы осы жағымды жаңалықты ерекше жылылықпен қабылдады. Өйткені, Табылғали Сатқалиұлы араға жылдар салып, өзі құрған «Жайық Преске» келіп, бас директор ретінде қалам ұстаған ағайынның шынайы сый-құрметіне бөленіп, табысты еңбек етті.
Әрине, Табылекең - құрметті атақсыз - ақ халық құрметіне ие болған адам. Ал, бұл - ең бастысы. Десекте, Тәуелсіздіктің елең - алаңында ақ адал терін де, ақылын да елдің іргесін жинақтауға жұмсаған азаматтың жаңа заманның бағасын алуы жанды қуантады.
Тұралаған ауылдарды уақыттың көшіне ілестіріп жіберу, бір уыс дәннен бір ауылдың ырыздығын айырған еңбеккерлік - міне, Сапаровтар жасаған шаруа!
Қысқа қайырғанда, қайда жұмыс істесе де терең білімімен, мол тәжірибесімен, стратегиялық пайымдау, ойлау, алысты болжау қабілетімен дараланған, кісілік, парасат, адамгершілік, қарапайымдылық секілді асыл қасиеттерді бойына молынан сіңірген Сатқалиұлының сара жолы бүгінгі бізге, әріптестеріне үлкен өнеге, керемет үлгі.
Сарабдал ғұмыр иесінің жанкешті еңбегіне берілген лайықты бағаға көңіліміз толды. Марапат өз иесін тапты деп толық сеніммен айта аламыз. Абырой биігінен түспеңіз, Аға!
“Жайық Пресс” ЖШС