Ол 1986 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетіне “Физика” факультетіне оқуға түсті. Жымпитыдан “Ядролық физиканың” тамаша маманы шығар еді…Факультеттегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Құрманғазы Рахметов:
- Жігіттер! Қонаевты алып тастапты. Орынына өзге ұлттың адамын қойыпты. Елмен санаспай ма?! Қазаққа қазақ керек! Ертең алаңға шығамыз! - демегенде.
Миржан жатақханаға келіп, матаны кенептей керіп, гуашьпен “Қазаққа - қазақ!” - деп жазды. Кеңес үкіметінің көнтерісіне бұл бір ауыз сөз найзадай болып қадалды.
Миржан алаңға келгенде мың адамдай жиналып қалған екен.
- Біз трибунаның алдында жүрдік. Компартияның саяси қызметкерлері бірінен кейін бірі сөйлеп, “Тараңдар! Тарқаңдар!” - деп жатты. Ақыры, күш қолдану басталды. Мәскеуден арнайы жасақ, “Альфа” бригадасы келіпті. Біз солармен төбелестік. Көзімше сұңғақ бойлы бұрымы беліне төгілген қазақтың қызын шашынан сүйреп құлатты. Он шақты жігіт әскери адамға жабылып кеттік. Сойылдың астында қалып, кейін “Урал” көлігіне тиеп, бөлімшеге алып кетті. Қазақ милиционерлері жауап алып, кейін босатып жіберді. Келесі күні алаңға тағы бардық. - дейді жымпитылық желтоқсаншы.
17 желтоқсан күні Миржан жатақханасы қайта алмаған, оны серіктерімен бірге уақытша ұстау изоляторына тоғытқан.
- Ұрып - соғудың көкесі изоляторда басталды. Шойын батареяға кісендеп қойып, төмпештеді.“Ұлтараздықты қоздырғаныңды, қоғамдық тәртіпсіздік ұйымдастырып, басбұзарлық” жасағаныңды мойында деді. Қабырғам, қолым мен аяғым сынды. Шойын батареяны көрсем әлі күнге денем тітіркенеді. - дейді Миржан Есмағұлов.
Мана факультеттің ұйымдастыру комитетінің төрағасы Құрманғазы Рахметов жайлы айттық қой. Семейден екен. Ер Құрманғазы серіктерін сатпай, бүкіл “жаланы” өз мойынына алып, басын құрбандыққа берді. Ол азаттықтың ауасын абақтының арғы жағында отырып жұтқанға да разы еді. Абырой болғанда, 11 жылдан кейін ортаға оралды.
Миржандар университеттегі жиында жұртқа “Халық жаулары” деп таныстырылып, комсомолдан, кейін оқудан шығарылды. 1987 жылы Ресейдің Орынбор қаласына барып, Орынбор ауылшаруашылық училищесіне оқуға түсті. Физиктің өмірі мүлде басқа арнаға бұрылды.