ҚЫРАНДАР ҰШҚАН ҰЯ

ҚЫРАНДАР ҰШҚАН ҰЯ
Биыл Жосалыдағы А. Жұмағалиев атындағы мектепке - 100 жыл. Кеше “Сан қыранды самғатқан алтын ұям” тақырыбымен мектеп мерейіне арналған бірқатар шаралар өтті.
Той ауданн әкімінің орынбасары Артур Шерғалиевтің ресми құттықтауымен ашылды. Кейін Сырым ауданының құрметті азаматы, ширек ғасыр бойы мектеп директоры қызметін атқарған ардагер ұстаз Асан Жүсіпов сөйледі.
Қазіргі күні ауылдағы білім үйі даңқты батыр, дауылпаз ақын Абдолла Жұмағалиевтің атында. Соғыстағы еткен ерлігі тарихи бағасын ала алмаса да, халық оны қаһарман биігіне көтеріп қойған. Мектеп ауласында алац ақынның қоладан құйылған мүсіні тұр.
Сырым аудаеы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, ардагер ұстаз Батырғали Қамешұлы және Самиғолла Ғазизұлы, бірнеше жыл ауыл әкімі қызметін атқарған, ақын атамыздың кеудетұғырын орнатуға үлес қосқан азамат, педагог Қобыланды Ғабдешұлы, мектеп түлегі, белгілі спортшы Қанат Жанғалиев Абдолла Жұмағалиевтің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
“Халық ағарту ісінің үздігі” , “Құрмет белгісі” орденінің иегері, 1963-1973 жылдары Жосалы орта мектебінің басшысы қызметін атқарған, жәй мектепті жоғары деңгейге көтеріп облысқа танымал еткен, ауданда кабинеттік жүйенің қарлығашы болған батыр жерлес ақын Абдолла Жұмағалиевтің Жосалы ауылындағы мектепке берілуіне ықпал еткен Сабила Нұғманқызының да еңбегі ел алдында аталды.
Мектеп ауласынан тағы бір мүсін ашылды. Ашық жатқан кітаптың бейнесі оқушыларды өмір бойы білім алуға шақырып тұрғандай. Мәрмәр кітаптың бетінде 1924 жылы есігін ашқан мектептің ең алғашқы мұғалімдері мен шәкірттерінің тізімі бар.
Өңірдегі алғашқы мектеп 1924 жылы Еламан ауылында ашылды. Файзулла Ғұсманов, Ізім Жаркеев секілді ұстаздар бала оқыту ісіне белсене кірісті
Бірінші шәкірттері ретінде Абдолла Жұмағалиев, Ғизатолла Қажығалиев, Имаш Бостанов, Қажым Көшеков, Қарақойшы Сахипов, Қыдырғали Досқайыров, Сапия Бегімованың есімдері аталады. Олардың арасынан көрнекті әдебиет қайраткерлері, елге тұтқа болатын азаматтар шықты.
Жосалыдағы білім беру ісіне 100 жыл толу оқиғасына арналған ескерткіш белгінің салтанатты ашылу рәсімін
ұстаз Файзулла Ғұсмановтың қызы Света ханым мен Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Асан Жүсіпов жүргізді.
Мерекелік шараның жалғасы конференциялық жиынға ұласты.Конференцияның алғашқы сөзін мектеп директоры Әскербек Тәжғалиев сөйледі.
Мектептің ғасыр тойына орай шығарылған “Ғасыр қойнауындағы ауыл мектебі” атты кітаптың тұсауы да кесілді. Кітапты өңдеп, баспаға дайындаған - Асан Сапарұлы.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің және аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтың атынан бірқатар педагогқа алғыс хаттар табыстады.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Гүлнұр Әлібекқызы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының алғыс хатын және кәсіподақ ұйымының төсбелгілерін иелеріне тапсырды.
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,
“Сырым елі”