ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТЕН, ЖОМАРТ КӨҢІЛДЕН…

ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТЕН, ЖОМАРТ КӨҢІЛДЕН…
Сырым ауданы, Алғабас ауылдық округіндегі мешіт кеше керемет шараға ұйытқы болды.
Жас буын кеше Оралдағы қарттар үйіндегі қамкөңіл жандарды іздеп барды. Ресми тілде “Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” деп аталғанмен, бұл мемлекеттік мекеме - жанашыры жоқ жалғызілікті жандарға, жоқтаушысы жоқ қарияларға, жәрдемшісіз қалған денсаулығы дімкәс адамдарға пана болып отырған мейірім мекені.
Алғабастықтар ауылдан дәм алып барып, мекеме тұрғындарына қазақы дәстүрмен ас берді. Мешіт жамағатының сапындағы ауыл азаматы Сансызбай Хайруллин бір қой сойып беріп жіберген екен. Жөн білетін жастар аманатты аман жеткізіп, қарияларға бас ұстатып, сүйек - сыбағаларын ұсынып, сый - құрмет қылды. Жылы, жарық жерде, ас - суы алдында десек те қарттар үйіндегі жандар бір дүниеге ерекше зәру. Ол - көңіл, жылы көңіл.
Оларға Әділ Ахметов, Райымбек Өтепов секілді ақын - әншілерлер құралған “У - шу” тобы жәнн өзге де өнерпаздар ас басында аса көркем көңіл сыйлады. Шараны ұйымдастыруға орталықтың әлеуметтік қызмет жөніндегі орынбасары Әсемгүл Ерланқызы атсалысқанын айта кетейік.
- Алғабас ауылы - әуелден бірлігі жарасқан, берекелі ел. Биыл мешітіміз ашылды. Мешіт тек құлшылық орыны емес, ол - ілім - білімнің, ізгіліктің ұясы ғой. Үлкендермен ақылдасып қайырымдылық шарасын қарттар үйінде ұйымдастыруды жөн көрдік. Барлық шығынды жылы жүректі жандар көтерді. - дейді Сырым аудандық мәслихатының депутаты, ұйымдастырушы Нұрболат Жұмағазиев.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы