АЙЖАН ОДАҚҚА ҚАБЫЛДАНДЫ.

АЙЖАН ОДАҚҚА ҚАБЫЛДАНДЫ.
АЙЖАН ОДАҚҚА ҚАБЫЛДАНДЫ.
Сырымдық журналист, осыған дейін “Сырым елі” қоғамдық - саяси газеті редакциясында еңбек еткен Айжан Амангелдина бүгін Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданды. Жас әріптесін қатарға қабылдауға қолдау көрсеткен - Одақтың өңірлік филиалының директоры Клара Қамбетова.
Айжанның кәсіби шеберлігі аудандық басылымның шығармашылық шеберханасында қалыптасты. Мамандығына деген сүйіспеншілігі мен спортқа деген ықыласы оны спорт саласының жаршысына айналдырды.
Ол, Гауһар Рустамова, Айкөркем Ихсанова, Нұрсұлтан Зайзағалиев секілді әлем спортының жас жұлдыздары мен қазақтың алтын тағалы арғымағы - Абзал Әжіғалиев, еркін күрестің ерен балуаны Нұрлан Бекжанов секілді спортшылар туралы тамаша материалдар дайындады.
Армрестлер Рүстем Жәдігер Түркияға жолдама алып, алайда қаражат жоқтығына байланысты жолынан қалайын деп тұрғанда аудандық газетке «Жолдама бар, жолақы жоқ!» тақырыбымен мақала жазып, елді шулатқан да осы – Айжан. Рүстемнің жол – пұлы жиналып, Анталияға аттануына бұл мақаланың аз да болса септігі болғанын жасыра алмаймыз.
Айжан Амангелдинадан болашақта керемет спорт журналисті шығады деп сенеміз.
Айжан - ізденімпаз әрі санқырлы маман. Ол барлық тақырыпты індеп жаза алады. Әкімнің егістік басындағы сапарын да, құс бағып отырған ауылдасты да, я болмаса көнекөз қария ма, бәрімен лайықты сұхбат құра біледі. Әріптесіміз ауданнан шыққан жас ғалымдарды, IT секілді жаңа заманның мамандықтарын меңгерген жерлестерді, АҚШ, Түркия, Францияда тұратын сырымдықтарды тауып, оларды газет арқылы елмен қауыштырды.
Одақтың жаңа мүшесіне куәлік пен төсбелгіні белгілі журналист, ақын Махмет Қажиахметов Жымпитыдағы БАҚ қызметкерлері күніне арналған шарада салтанатты түрде тапсырды.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы