ЖЫМПИТЫ-ОРАЛ БАҒЫТЫНА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАУДА

ЖЫМПИТЫ-ОРАЛ БАҒЫТЫНА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАУДА
ЖЫМПИТЫ-ОРАЛ БАҒЫТЫНА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАУДА
Жымпиты-Орал бағытына автобус шығару мәселесі халықпен кездесулерде үнемі көтеріліп келді. Халық қаласа, хан түйесін сояды емес пе? Ел қуанышына орай, Жымпиты-Орал бағытына 25 тамыздан бастап Меңдібек Жайлауовтың «Жайлауов» жеке кәсіпкерлігі «Mersedes-Benz S 220» қоғамдық көлік жолаушы тасымалдауда. Ең бастысы – тиімді бағада. Қазір такси құны 2000 теңгеден болса, шығарылған қоғамдық көліктің жолақысы 50 пайыз жеңілдікпен 1000 теңгеден белгіленді.
– Аудан әкімінен Жымпиты-Орал маршрутына жолаушы тасымалдау туралы ұсыныс түсіп, жұмысты бастап кеттік. Бүгін үшінші күн жүргелі тұрмын. Таңғы сағат 7:00-де «AMANAT» партиясының ғимаратының қасынан қозғалып, Орал қаласындағы «Орал» қонақ үйінің жанындағы аялдамаға тоқтап, түстен кейінгі сағат 15:45-те сол жерге барып, 16:00-де ауылға кері шығамын. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі конкурс ойнатып, «Жайлауов» ЖК қатысатын болады. Конкурста жеңіске жетсек, көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механик, жүргізушінің денсаулығын тексеріп медицина қызметкерін, кондуктор аламын. Қалаға автобуспен баруға ниетті тұрғындар өте көп, сыймай қалып жатады. Сол себепті, жолаушылар алдын ала жазылып, орын алып қоюын қамтамасыз етіп, қызметін жетілдіретін боламын. Және тағы бір қосымша автобус шығаруды көздеп отырмын. Қазір Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және жолдары басқармасының 226-шы маршрутқа уақытша конкурстың қорытындысы шыққанға дейін қызмет көрсету бұйрығымен жүріп жатырмын,- дейді Меңдібек Жайлауов.
Қалаға жол жүріп бара жатқан ауыл тұрғыны Жанқия Исмағұлова:
– Ауыл тұрғындары үшін Орал қаласына қатынайтын қолжетімді бағада, жайлы автобус шыққанына қуаныштымыз. Таңертең ертемен облыс орталығына емделуге, дәрігерге қаралуға баратындар үшін, зейнеткерлер үшін өте тиімді. Қоғамдық көлікке халық лезде лық толып қалып, сыймай қалатындары бар. Сондықтан, бұл мәселені бір жақты ету үшін тағы осындай қосымша автобус қарама-қарсы бағытта жүрсе екен деймін. Жан-жақтан сыймай қалған жолаушыларды жеке таксилер күтіп тұр. Автобусқа сыймаған адам шарасыздан, 2000 теңгелік таксиге мінетіні өкінішті. Осыны болдырмау үшін халықтың жағдайына қарап, тағы бір автобус шығаруды аудан басшылары тезірек қолға алса екен,- деген пікірін білдірді.