ДӘСТҮРЛІ ДІН ТЕПЕ-ТЕҢДІККЕ ҮНДЕЙДІ

ДӘСТҮРЛІ ДІН ТЕПЕ-ТЕҢДІККЕ ҮНДЕЙДІ
Ауданымызға «Нұр-Мүбарак» университетінің аға оқытушысы, дін саласындағы республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Нұржан Стамбакиев келді. Нұржан Жақсылықұлы мектеп оқушыларымен, аудан тұрғындарымен, мекеме қызметкерлерімен кездесті. Діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу мақсатында өткен жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев
Нұржан Жақсылықұлы бүгінгі таңда ғаламтор желісінде ақпараттардың өте көптігін, үлкен-кішіге қолжетімділігін, соның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдарға шақыратын уағыздардың жетіп артылатынын, кез-келген адам уағызбен видео түсіріп, әлеуметтік желіге салуға мүмкіндігі барын айтты.
— Ислам діні қазақ болма, араб бол деген ұстанымға шақырмайды. Қазақсың ба, қазақ мұсылман бол дейді. Діннің араб жазирасынан басталғаны рас. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) ұлты араб. Кейін біздің Орта Азия елдеріне сахабалар келіп, ислам дінін таратты. Ата-бабаларымыз оларды арабтар келді деп емес, қасиетті дін келді деп қабылдады. Қоғамда кейбір адамдар дінге келгенде ұлттық салт-дәстүрді шатастырып жатады. «Қазақ болу міндетті емес» деген теріс түсінікте жүргендер бар. Дінді дұрыс түсінген адам тәрбиелі, иманды болады, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді, ата-анасын сыйлайды. Шынайы мұсылман жаңбыр сияқты, түскен жерін көгертеді. Сәләфилер, басқа да топтардың өздерінің жеке қателіктерінен, олардың әрекеттерінен дінге деген фобия пайда болған жандар бар. Біреудің қатесі үшін діннен безуге болмайды. Дұрыс діндегілер тепе-теңдікті ұстанады, тек қана намазыңды оқи бер, басқасы не болса, ол болсын демейді. Ата-анаңа, басшыңа, досыңа, көршіңе, қай-қайсысына да тең ақысын беруге шақырады. Деструктивтік ағымдағылар тепе-теңдікті жоғалтып алған. Бір жағына басымдық берсе, бір жағына мән бермейді, — деген Нұржан Жақсылықұлы бірқатар мәселеледе дәстүрлі ислам діні және деструктивтік ағымдардың ара жігін ажыратып, түсінік берді.
Жиын соңында мекеме басшылары сұрақтар қойып, жауап алды. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Тоқтаров ауылдарға мешіт салу мәселесін, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанова екпеден бас тартқан азаматтарға екпе салдырудың жолын сұрады.