Қайырымды жандардың қатары көп

Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қайырымдылық айлығына орай келіп жатқан қайырымды жандардың қатары күннен-күнге толастамаса, азаяр емес. Бүгінде жүрегі жылы, алақандары кең азаматтардың баршылығы көңіл көншітеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы тұста қайырымдылық көрсетуге атсалысқан мекемелерді атап өткенді жөн көрдік.
Мичурин ауылдық округінің көркемөнерпаздары келіп, түрлі аспаптармен ән шырқап, би билеп, қайырымдылық туралы ізгі тілектерін айтып, қызмет алушыларымызға тағы қуанышты күн сыйлады.
Толочко Любовь Дмитриевна бастаған «Лавка добрых дел» еріктілер қоғамы келіп, мекемемізде тұрып жатқан қалалық 60 қызмет алушыға арнап арнайы дастархан жайып, дәмді тағамдарын ұсынды. Дастархан басында шүйіркелескен қариялар ерікті жастарымызға баталарын беріп, бір марқайып қалды. «Алтын болашақ» шығармашылық орталығы, «Zhuldyz.pro» модельдік агенттігі, «Волентеры солнечного Уральска» еріктілер қозғалысы, «Жамансариев Асылбек Асантаевич» ЖК ұйымдастыруымен қызмет алушыларымызға «Тенгри» мейрамханасында түскі мерекелік дастархан жайып, шағын концерт ұйымдастырды.
Тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нурпейсов Салауат Жолайұлы, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дарғожиев Талғат Мұратұлы бастаған Сырым елі өз жерлестеріне дастархан жайып, елдің әңгімесін айтып, концерт қойып, қызмет алушыларға сыйлықтар таратып, естелік суретке түсті.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың физика-математика факультетінің ұйымдастырумен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік концерті факультеттің студенттік деканы Нұрсұлтан Нұрбергенұлының құттықтау сөзімен басталып, студент жастардың әдемі әні мен тамаша биіне ұласты.
