Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 шілдедегі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» № 622 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кейбір функциялары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Атап айтқанда, Еңбекші көшіп келушіге рұқсатты беру, ұзарту жөніндегі функция.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №123 бұйрығымен «Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу қағидалары» (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.
Қызмет көрсетуші жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган болып табылады, бұл Орал қаласы және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін еңбекші көшіп келуші жеке тұлға (бұдар әрі – көрсетілетін қызметті алушы) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) өзі жүгінген кезде мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын береді.
Рұқсаттар бөлінген квота шегінде беріледі. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 18 қаңтардағы №17 бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысына 2022 жылға еңбекші көшіп келушілерді тарту үшін 5000 бірлік мөлшерінде квота бөлінді.
Халықтың көші-қоны туралы Заңының 43-2-бабың 5-тармағына сәйкес бір жұмыс беруші жеке тұлғаның бір мезгілде бестен көп еңбекші көшіп келушімен үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шарттарын жасасуына жол берілмейді.
Жеке тұлғада еңбек қызметін жүзеге асыру үшін еңбекші көшіп келушіге рұқсат, сондай-ақ рұқсатты ұзарту еңбекші көшіп келушіге рұқсатты беру (ұзарту) туралы өтініште көрсетілген мерзімге беріледі және бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін. Жалпы рұқсаттар 12 айға дейінгі мерзімге беріледі. Жаңа рұқсат алдыңғы рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік 30 күннен ерте берілмейді.
Жергілікті атқарушы органдар еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру туралы шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жергілікті органдарымен (бұдан әрі – жергілікті органдар) келіседі.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі - Мемлекеттік корпорацияға қажетті құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап – өтініш түскен күнді есептемегенде 2 (екі) жұмыс күні.
Еңбекші көшіп келушіге жаңа рұқсат беру кезінде мемлекеттік қызметті көрсету үшін мынадай қажетті құжаттар тізбесін ұсынады:
еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру туралы өтініш;
жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемді төлеу туралы түбіртек (ҚР-да бір мезгілде кемінде күнтiзбелiк бір жүз сексен үш күн 1 ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінен аспайды; ҚР-да бір мезгілде бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса 1 ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 4 еселенген мөлшерінен аспайды);
мемлекеттік шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар паспорт;
таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі келтіретін аурулардың жоқтығын растайтын шетелдікті медициналық куәландыру туралы анықтама (075/у нысанындағы медициналық анықтама);
дактилоскопиялаудан және суретке түсіруден өткені туралы анықтама – көшіп келушінің алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде еңбек рұқсатын алғаны туралы мәліметтер болған кезде дактилоскопиялау және суретке түсіру жүргізілмейді;
медициналық сақтандыру;
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші мен көрсетілетін қызметті алушы арасында жасалған еңбек шарты (жұмыс беруші мен қызметкердің ЖСН мен Т.А.Ә. міндетті түрде көрсетілген жағдайда).
еңбекші көшіп келушіге рұқсатты ұзарту туралы өтініш;
жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемді төлеу туралы түбіртек (ҚР-да бір мезгілде кемінде күнтiзбелiк бір жүз сексен үш күн 1 ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінен аспайды; ҚР-да бір мезгілде бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса 1 ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 4 еселенген мөлшерінен аспайды);
еңбекші көшіп келушіге бұрын берілген рұқсат;
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші мен көрсетілетін қызметті алушы арасында жасалған еңбек шарты (жұмыс беруші мен қызметкердің ЖСН мен Т.А.Ә. міндетті түрде көрсетілген жағдайда);
медициналық сақтандыру.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер:
1) бөлінген квота мөлшерінен асқан жағдайда;
2) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
4) шетелдік азаматтығының мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көрсетілген елдердің тізімімен сәйкес келмеуі;
5) аумақтық органдардың теріс шешімі;
6) аумақтық органдардың жауапты уақтылы ұсынбауы.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 8-/711-2/-50-50-99 телефон арқылы хабарласуға немесе Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының интернет-ресурсына хабарлама қалдыруға болады.
Әлеуметтік әріптестік, шетелдік жұмыс күші
және қандастармен жұмыстану
бөлімінің бас маманы Л.Жаденова