Құрметті Ғали Нажмединұлы,
қадірменді шыңғырлаулықтар!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің әкімдердің, халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы Жарлығына сәйкес, биыл біздер дәстүрлі түрде есеп беру жиынында жүздесіп отырмыз.
Қазақстан үшін тағы бір табысты жыл тарих қойнауына енді, бір жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, біз сияқты жас мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы, жаңа белестерді бағындырған, ішкі экономикалық ахуалы тұрақты, тұғыры берік, әлеуеті мықты мемлекет екенін тағы да айқындаған жыл болды.
Үлкен саяси шараның бірі – Қазақстан Республикасының Парламент мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауының өтуі. Бүгінгі қоғамның өзгерістерді қалайтындығы анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы өзінің Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да айтқан болатын. Ішкі саяси мәселелер, азаматтардың құқықтары, сонымен бірге «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жұмыстар Шыңғырлау ауданыныда да жүргізіліп келеді. Солардың бірі, аудан тұрғындарымен тығыз қарым-қатынасты жалғастыру, тұрғындарымыздың ұсыныстары мен өтініштерін дер кезінде есту мақсатында «Ашық әкімдік» жобасы ашылып, жұмысын бастады. Аудан халқын онлайн түрде қабылдау және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тұрғындардың сауалдарына жауап беру, аудан аумағында жасалып жатқан жұмыстары мен өзекті мәселелер туралы диалог орнату бағытындағы шаралар өткізілді. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің интернет-ресурсында «Бастама ұсыну» айдары ашылып, тұрғындардың жолдаған ұсыныстары жұмысымызда ескерілуде.
Біздер, халықтың барлық өтініштері мен ұсыныстарын талдай отырып, жұмысымыздың негізгі мақсаттарын анықтап, келесі бағдарларға бағыттадық.
Олар: тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау, құрылыс, ауыз сумен қамту, жолдарды жөндеу және күтіп ұстау, ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарта отырып шағын және орта кісіпкерлікті дамыту және аудан бюджетін мақсатты пайдалану мәселелері.
Құрметті жерлестер!
2020 жыл әлеуметтік-экономикалық жағынан жақсы аяқталып, ауқымды жұмыстар іске асырылды. Істелген оңды жұмыстар қоғамдық кеңес мүшелерімен, аудандық мәслихатпен және аудан тұрғындарымен бірлесе атқарылғанын ерекше атап өткім келеді.
Есеп беру кездесулерде барлығы 78 ұсыныс түсіп, оның 45 өз шешімін тауып орындалды және 9 ұсыныс жартылай орындалды. Ал, 24 ұсыныс мазмұнына қарай қаражаттың және уақыттың қажеттіліне орай алдағы жоспарымызға енгізілді. Мәселен, Қарағаш, Ардақ, Ақтау ауылдарына ұялы байланыс орнату, Ақбұлақ ауылына мәдениет үйін салу, Шыңғырлау ауылындағы «Дән» мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Алмаз және Ақтау елді-мекендерін таза ауыз сумен қамту секілді халық сұраныстары іске асырылды.
БЮДЖЕТ және САЛЫҚ
Аудан бюджеті (2020 жылы 5,8 млрд. теңгені құрап) өткен кезеңмен салыстырғанда 20,8% артты.
(Өз кірістер есебінен түскен қаржы 499 млн. 844 мың теңгені құрады.) (жоспар 130,0%-ға орындалды. 2018 – 386.596, 2019 – 414.803, 2020 – 499.844 ).
Соңғы екі жылда бос ғимараттар мен көліктерді кәсіпкерлерге жекешелендіру жұмыстары жүргізілу нәтижесінде 15-ке жуық объектілер сатылып, бюджетке 11 млн. теңгеден астам қаражат түсірілді.
Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын тиімді пайдалану және қысқарту мақсатында екі бөлімге жалдамалы автокөлік қызметі енгізілді. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР
2020 жылдың 1 желтоқсанына өнеркәсіп өнімінің көлемі 389 млн. 845 мың теңгеге жетті, немесе өткен жылдың сәйкесті кезеңіне 81,2%-ды құрады.
Есепті кезеңде аудан экономикасының негізгі капиталға инвестициялар көлемі 3 млрд. 76 млн. 582 мың теңгеге жетті, бұл өткен жылдың осы кезең деңгейінен 40,5% пайызға жоғары.(Соның ішінде, бюджеттік қаражат есебінен 2 млрд. 19 млн. 190 мың теңге, меншікті қаражат – 1 млрд. 57 млн. 392 мың теңге.)
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемі 9 млрд. 443,2 млн. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2% пайызға көп.
Аудан тұрғындарының орташа айлық жалақылары 28,8% пайызға ұлғайды.
СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ
Елбасының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында 2020 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Алмаз ауылына, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы Ақтау және Ардақ елді-мекендеріне сапалы ауыз суға қосылды. Аудан бойынша тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылу көрсеткіші 85% дан 94% өсіп отыр.
Қазіргі таңда, таза сумен қамту мақсатында 8 елді-мекенге (Шоқтыбай, Қайынды, Қарағаш, Ұрысай, Ақсуат, Сегізсай, Ақсоғым) жобалық сметалық құжаттамалары дайындалды. (Мердігер "УралВотПроэкт" ЖШС, жоба құны 69 млн теңгені құрады)
Сонымен қатар, қазіргі кезде аудан орталығы тұрғындарының саны жылдан – жылға көбеюіне орай, ауыз суды пайдалану үлесі де артып отыр. Оның үстіне, аудан орталығындағы су жинағыш көлемінің аздығына және 30 жылдай қызмет жасап, тозығы (шамамен 1990 жылдардан бастап пайдаланылып келеді) жетуіне байланысты жаңа су жинағыштың құрылысын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында жобалық сметалық құжаттамалары дайындалуда.
Жалпы 2022 жылға дейін ауданымызда ауыз сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарымызда бар.
ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС
Ауданымызда көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.
Қазіргі таңда, газ құбырларының құжаттарын жасақтап, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс саласына қатысты облыс және аудан әкімдерінің есеп беру кездесулерінде бірнеше жыл көтерілген ауданның негізгі мәселелері шешімін табуда. Бұл сиымдылығы 150 адамға арналған Ақбұлақ ауылына мәдениет үйінің құрылысы және аудан орталығына 170 адамға арналған дене шынықтыру кешенінің құрылысы. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы мәдениет үйінің құрылысы және КПО б.в. компаниясының қолдауымен дене шынықтыру кешенінің құрылысы ауданда бой көтеруде. Бұл құрылыс жұмыстарына аудан халқы дән риза.
Қазіргі таңда, аудан бойынша жер кезегінде 360 адам және тұрғын үй кезегінде 190 адам тұр.
Бұл мәселені шешу үшін, аудан орталығына инженерлік-инфроқұрылым салуға және Шыңғырлау ауылына 3 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысы, Ащысай ауылына 7, Қарағаш, Ақбұлақ, Алмаз, ауылдарына 2 пәтерлі бір тұрғын үй құрылысытарын жүргізу үшін жобалар дайындалды. Бұл жұмыстар алдағы уақытқа жоспарлануда.
АВТОЖОЛДАР
Жалпы аудан аумағынан өтетін облыстық маңызы бар жолдың ұзындығы 143 шақырым болса, аудандық маңызға ие жолдардың ұзындығы 172 шақырым.
2019 жылы Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың 32 шақырымына қиыршық тас төсеу арқылы күрделі жөндеу жұмыстары және осы жолдың 12 шақырымына асфальт төсеу арқылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарды жалғастыру бағытында 2020 жылы 30 шақырымды құрайтын автокөлік жолын жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттамалары дайындалды.
Аудан орталығы Шыңғырлау ауылының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу бойынша да шаралар жоспарлы жүргізілуде. 2019 жылдың соңында бастауын алған ұзындығы 4 шақырымды құрайтын Мұратбаев және Тәуелсіздік көшелерінің күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы аяқталды.
Сонымен қарат, 2020 жылы, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ұзындығы 5,4 шақырымды құрайтын Ақшат ауылының Мұханбетов және Шыңғырлау ауылының Тасмағамбетов көшелерінің автокөлік жолдарына асфальт төсеу арқылы жөндеу жұмыстары аяқталды.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Шыңғырлау ауданы ауылшаруашылық саласын дамытуға қолайлы аудан. Бұл біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі.
Жыл басынан бері аудан бойынша 26 шаруа қожалық ашылып, оларға жалпы көлемі 22 мың гектар жер беріліп және жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарға ісін кеңейту үшін 16 мың гектар жер учаскелері берілді.
Көктемгі және күзгі далалық жұмыстардың қорытындысы бойынша, аудан шаруаларымен 12 мың 570 гектар аумаққа егіс салынды. Орылып алынған 4 мың 227 гектар дәнді дақылдардан 8 мың 25 тонна өнім жиналды, орташа шығымдылығы 19 ц/га.
Жыл санап, ауданда мал шаруашылығы да жақсы көрсеткіштер көрсетуде. 2020 жылдың қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара малының саны 34 мың басты құрап немесе былтырғы жылдың осы кезеңінен 9,3 пайызға өсіп отыр.
Жалпы барлық түлектер бойынша көрсеткіштер жоғарылады. Жыл басынан бері 4 мың 824 тонна ет, 18 мың 502 тонна сүт, 3 млн. 709 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Ауданда асылдандыру шаралары да біркелкі жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2020 жылдың өзінде ауданымызда асылтұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны 13-ке дейін(2402 бас) жетті. Олар ангус, ақбас, герефорд, сементал тұқымды малдарын өсіруде.
Бүгінгі күнге аудан бойынша 13 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері қызмет істеуде. Оларда 125 бас асыл тұқымды бұқа мен 3 мың 125 бас тауарлы аналық малы тіркелді. Ауданымызда «Шыңғырлау-Агро» ауылшаруашылық кооперативінің модульді мал сою пункті жұмыс жасайды.
2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет тарапынан 102 шаруа құрылымына 575 млн 150 мың теңге көлемінде субсидия берілді. Сондай-ақ, агроқұрылым техникаларының көп дені жаңартуды қажет етеді. Сол мақсатта, ауданның ауылшаруашылық құрылымдарымен биылғы жылы «Қазагроқаржы» арқылы лизингке 412 млн 600 мың теңгеге 66 ауылшаруашылық техникалары мен құралдары сатып алынса, өз қаражаты есебінен 100 млн. 980 мың теңге көлемінде қаражатқа 30 дана ауылшаруашылық техникаларымен құралдары сатып алынды.
Аудан бойынша 88 050 тонна мал азығы дайындалып, жоспар 110 % орындалды.
ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫ
Аудан бойынша ветеринариялық жағдай тұрақты. Ауданда 3 мал сою алаңы 2 мал сою пункті және 6 ветеринариялық пункттер үздіксіз қызмет етуде. Аудан орталығындағы қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларына арналған айыппұл тұрағының құрылысы аяқталып, жұмысын бастады.
КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалған.
Орта және шағын бизнес субъектілерінің тіркелгені 727 бірлік. Аталған бизнес субъектілерінде 713 адам еңбек етеді. Бұл ауданның экономикалық белсенді тұрғындарының 11% құрайды.
Кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында арнайы жасақталған инвестициялық жобалар аудан кәсіпкерлері мен инвесторларға таныстырылып, іске асыру жөнінде ұсыныс берілді. Қазіргі таңда ниет білдірген кәсіпкерлер мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау нәтижесінде Самара-Шымкент тас жолы бойындағы кемпингтер құрылыстары, «Бірлік» шаруа қожалығының ірі қара мал кешенінің құрылысы, «Амангелді-АГРО» ЖШС өсімдік шаруашылығы өнімін (бидай, тұқым, мал азығы) өсіру, «Ақтөбе-асыл тұқым» шаруа қожалығы шұжық өндіретін және қымыз бен шұбат құятын шағын цех ашу, «Басурманов» шаруа қожалығының асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын құру сияқты ірі жобаларды іске асыру басталды және бұл жобаларда 35-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Аудан бойынша негізгі ресурстардың бір жер телімдері. Қазіргі таңда жер телімдерінің басым көпшілігі бос жерлер. Ауыл шарушылығы саласын дамыту, инвесторлар тарту бағытында биылғы жылы 50 мың гектар көлемінде жерлерді игеру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2021 жылы егістік алқабын 7 мың гектарға ұлғайту көзделуде.
БІЛІМ БЕРУ
2020 оқу жылы елімізде орын алған індетке байланысты ерекше басталғаны белгілі. Аудан бойынша 16 мектептің 13-і дәстүрлі түрде, ал 3 мектебіміз қашықтықтан оқу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, Шыңғырлау ауданы әкімдігі жанынан құрылған жедел штабтың шешіміне сәйкес қашықтықта оқитын Л.Қылышев атындағы, А.Тихоненко атындағы және Шыңғырлау мектептерінің 1-4, 5, 9, 11 сыныптары барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 10-12 оқушыдан аспайтын сыныптарда штаттық режимде оқып келеді. Жалпы аудан мектептерінің барлығы санитарлық талаптарға сай, қорғаныш құралдармен толық қамтылды.
Барлық білім беру ұйымдарындағы оқушылар саны- 2035-ті құрайды. (білім сапасы- 60,13% құрайды, өткен жылмен салыстырғанда 57,07%, 3,06 пайызға өсім байқалады.).
2020 жылы аудан бойынша әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасыларға мектептерден 220 компьютер таратылып, уақытша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен үнемделген қаражатқа 35 моноблок сатып алынып, мектептерге таратылды. Білім саласына қатысты ұйымдастырылатын облыстық, Республикалық конкурстардан аудан мұғалімдері мен оқушылары жүлделі орындардан көрінуде.
Жалпы білім саласын дамыту, оқушылардың білім сапасын арттыру үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту маңызды міндет атқарады. 2020 жылы А.Тихоненко атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық базасы жаңартылып, жаңа спорт алаңы, хоккей корды салынды. Сонымен қатар, 2020 жылы Ащысай мектебіне, Л.Қылышев атындағы орта мектебі мен мектеп жанындағы интернатына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталды.
(Сонымен бірге, Аудан бойынша 16 мектеп толық (100%) ішкі әжетханалармен және бейне бақылау құрылғыларымен қамтамасыз етілді.)
(Ауданда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамтыдық.) (0-3 жас аралығында 106 бала кезекте тұр.)
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
2020 жылы жұмыспен қамту шараларымен 1473 адам қамтылды.
Сонымен бірге 838 жаңа жұмыс орындары ашылып, оның - 428 тұрақты жұмыс.
Аудан бойынша 2020 жылы 9 инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып 464 уақытша жұмыс орындары құрылды. (Жұмыспен қамту орталығы арқылы 224 жергілікті тұрғындар тартылды.)
Қабылданған шаралардың арқасында жалпы жұмыссыздық 3,1%(409 адам) құрап, жастар жұмыссыздығы 4,79 % (20 адам) көрсетті.
Атаулы әлеуметтік көмек бойынша 39 отбасына (173 адам 107 балаға) 9 млн. 818 мың 605 теңге қаражат төленді.
Елімізде орын алған COVID-19 індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде Мемлекет басшысы ай сайын азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарды ұсыну туралы тапсырмасына сәйкес, ауданымыздың 888 тұрғынына 18 млн. 137 мың теңге көлемінде қаражат төленді. Сонымен қатар, табысынан айырылған тұлғаларға әлеуметтік сақтау қорынан 42500 теңгеден 2200-ден астам тұрғын көмек алды.
Анықтама үшін: Биылғы жылдың 8 айында 64 отбасыға, 7 млн. 829 мың теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілсе, 475 отбасыға 22 млн. 564 мың теңгеге материалдық көмек төленді, бұның ішінде онкологиялық, туберкулез ауруларымен есепте тұрғандар, азық-түлік алуға, киім-кешек алуға және жерлеу рәсімдеріне төлемдер.
Сонымен қатар ақпан айында Ауған соғысының 11 ардагеріне 100 мың теңгеден, 1 млн. 100 мың теңге көмек көрсетілді.
Наурыз айында тыл еңбеккерлеріне, жесір қалған жандарға 30 мың теңгеден, барлығы 110 тұлғаға 3 млн 300 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Сәуір айында Чернобыль апатына қатысушыларға 100 мың теңгеден, 5 тұлғаға 500 мың теңге төленсе, Бейбіт кезеңінде қайтыс болғандардың отбасыларына 30 мың теңгеден 8 отбасыға 240 мың теңге көмек көрсетілді.
Тамыз айында Семей ядролық полигонына қатысушыларға 40 мың теңгеден 50 тұлғаға 2 млн.теңге төленді.
Сонымен қатар қыркүйек айының 2-ші жексенбісі «Отбасы күні» күніне орай 8 қыркүйекте жергілікті бюджеттен мүгедектігі бар 37 балаға 20 мың теңгеден, барлығы 740 мың теңгеге көмек көрсетілді.
Карантин кезінде аудан кәсіпкерлері, мәслихат депутаттары, мекеме ұжымдары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері және аудан тұрғындары мұқтаж жандарға «Біз біргеміз» акциясы аясында әр түрлі көмектер көрсетті. Ауданымыздың 170 астам отбасыларға 2 млн. теңгеден астам қаражатқа көмектер көрсетілді.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы арқылы ауданымыздың жағдайы төмен болып есептелетін көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, 1 топтағы мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, ата-аналарынан айырылған жетім балаларға және Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға жалпы ауданымыз бойынша 188 отбасыға 50 мың теңгеден көмек көрсетілді.
Сонымен бірге мекеме, кәсіпорын ұжымдары жаңа жылдық корпоративтік отырыстардан бас тартып әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға көмек көрсетуді жөн көріп, 56 отбасыға азық-түлік жинағын, жаңа жылдық сыйлықтарды табыс етті.
2020 жылы арнаулы орта және жоғары білім алған 89 жас, жастар тәжірибиесіне тартылды. Сонымен қатар өз бизнестерін бастау мақсатында 116 тұрғын жалпы көлемі 64,5 млн. теңге құрайтын қайтарымсыз грант иеленді.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Баршаңызға белгілі 2020 жыл, денсаулық сақтау саласы үшін және басқада салалар үшін оңай жыл болған жоқ. Елімізде кароновирус індеті орын алып, біздің ауданымызға да зардабы тиді. Ауданымызда 211 адам індетпен ауырса, мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың арқасында және дәрігерлеріміздің қажырлы еңбегінің нәтижесінде 208 тұрғын індеттен жазылды. Аудандық орталық ауруханағадығы науқастарға арнап жерлес меценаттарымыз оттегі концентраторын, дәрі-дәрмектер, азық-түлік сатып алып, көмек көрсетті. Осы сәтті пайдалана отырып, барша ақ халатты абзал жандарға және жерлес меценаттарымызға алғысымды білдіремін. (Халық шапалақ ұрады)
Жыл өткен сайын медицина обьектілері жөндеуден өтіп, жұмыс істеп тұрған емдеу мекемелерінің материалдық базасы нығайып келеді.
Шалғай елді-мекендерге медициналық қызметті жақындату мақсатында 2020 жылы жылжымалы медициналық кешен құрылғылары орнатылған автокөлікпен қамтамасыз етілді.
Жақсы бастамалардың аудан көлемінде жүргізіліп жатқандығына қарамастан, осы салада мамандардың жетіспеушілігі өзектілігін жоғалтпай отыр. Бүгінгі күнге аудан бойынша 3 дәрігер, және 2 миіргер мамандары қажет болып отыр. (анестезиолог-реаниматолог, эндокринолог, жалпы тәжірбе дәрігері, және миіргерлер) 2020 жылы ауданымызға 5 жас маман келсе, оның 3 дәрігер.
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ
Мәдениет саласы да өзге салалармен қатар алға жылжып келеді.
Мәдени-көпшілік шаралар қоғам өмірінің айнасы екені белгілі. Жыл сайын мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге орай ауданымызда мәдени-көпшілік шаралар Эпидемиялогиялық ахуалға байланысты жоспарлы түрде қашықтықтан өткізіліп келеді.
Мәдениет саласында іске асырылып жатқан ірі жобаларымыз бар. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы Дән мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдаланылуға берілді. Сонымен қатар, Ақшат және Ащысай ауылдарының мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалары дайындалуда.
2020 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны аудан көлемінде 33,2 пайызға жетті. Ауданымызда дені сау ұрпақты қалыптастыру үшін және "Нұр Отан" партиясының мектептердің спорт алаңдарын қайта құру жобасы аясында, ауылдық жерлерде балалар спорт алаңдары бой көтеруде. 2018-2019 жылдары Шыңғырлау, Ащысай Ақбұлақ және Шоқтыбай мектептерінің спорт алаңдары қолданысқа берілсе, 2020 жылы Ақшат ауылында спорт алаңы салынды.
Алдағы жылы Қарағаш, Алмаз және Ардақ ауылдарына спорт алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл ойын алаңдары ересек тұрғындардың да спортпен айналысуы үшін жасалуда.
Сонымен қатар аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу және аудан орталығына ашық стадион құрлысын жүргізуге жобалық сметалық құжаттамалары дайындалды. Аудан халқына бұқаралық спортпен шұғылдануға бұл нысандардың қажеттілігі аса маңызды.
«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» мемлекеттік бағдарламасы
Қазақстан өмірінің барлық салаларын және экономикасын цифрландыру – бұл әлемдік аренада озат позицияларда болу, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндігі болып табылады.
Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мақсатында ауданда (1 шаруа қожалығы) электрондық бақташы жүйесі іске қосылуда. 11 шаруа қожалық күн батереясын орнатып, баламалы қуат көзін бағындырып отыр. Аудан бойынша малдарға GPS-чип орнату жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Бұл жұмыстар өз кезегінде өнімнің сапасын арттыруды, көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ өндірістік процеске адамның қатысуын қысқартуға мүмкіндік береді.
Цифрлық мемлекетке өту азаматтар мен бизнес үшін кез келген уақытта онлайн қолжетімді, ашық және қолайлы мүмкіндіктер береді. Осыған орай халық алдында ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ауданда «Open space» ашық әкімдік технологиясы негізінде арнайы алаң ашылып, жұмысын бастады.
Сонымен қоса ауданның инвеститциялық әлеуі көрініс тапқан chingirlau.smartmap.kz интерактивті инвеститциялық картасы іске қосылды. Ендігі кез-келген әлеуетті инвестор ғаламтор арқылы аудан аумағындағы бос жерлерді, инвеститциялық жобаларды және тағы басқа мәліметтерді карта арқылы көруге мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар «Smart City» – «Ақылды қала» халықаралық форматы негізінде «Smart Chingirlau» жобасын енгізілді. Жобаның ең басты мақсаты, аудан халқының өмір сүру сапасын жақсарту және аудан тұрғындарының ауданның тыныс-тіршілігіне деген қызығушылықтарын арттыру.
Цифрлық Жібек жолын іске асыру оның ішінде ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету. 2020 жылдың соңында Қарағаш, Ақтау, Ардақ және Шоқтыбай елді-мекендеріне ұялы байланыспе қамтылған. Ұялы байланыс жоқ Қарағаш, Ақтау және Ардақ ұялы байланыс орнатылып, аудан бойынша ұялы байланыспен қамту көсеткіші 100% жетті.
Адами капиталды дамыту халықтың жаңа құзыреттері мен цифрлық сауаттылығын дамыту білім берудегі инновациялар арқылы мүмкін болады. Осы бағытта әлемдегі жағдайларға байланысты тұрғындарды оқыту жұмыстары жаппай емес дербес түрде жүргізілді. Арнайы оқыту бағдарламасымен қамтылған интернет портал арқылы аудан бойынша 500 адам оқыту курсынан өтті.
Қымбатты жерлестер!
Бүгін мен 2020 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, баяндадым.
Алға қойған міндеттердің бір бөлігі орындалды. Осы жұмыстардың барлығы Тәуелсіздігіміздің жемісі, Тұңғыш Президентіміз, «Nur otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің сарабдал саясаттары мен мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде, облыс басшылығының қолдауының, аудан тұрғындарының, яғни сізбен біздің жұдырықтай жұмыла еңбек етуіміздің арқасында іске асырылып келеді.
Атқарылған жұмыстар бар, дегенмен алда тұрған міндеттер одан да көп.
Шыңғырлау ауданы халқы ежелден өзінің бірлігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Сол себепті әрі қарайда ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек ете берейік!
Әрқашан да бірлігіміз бекем, бірлескен еңбегіміз берекелі болсын ағайын!
Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!