Шыңғырлау ауданының әкімі
М.Өмірәлиевтің баяндамасы
Құрметті Нариман Төреғалиұлы, аудан тұрғындары және
кездесуге қатысушылар!
Сіздерді бүгінгі есептік кездесу жиынында көріп отырғаныма қуаныштымын. Бұл — ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысын саралап, бір жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы ашық, нақты есеп беретін маңызды алаң.
Өткен жыл еліміз үшін де, ауданымыз үшін де бірқатар сындар мен жаңа мүмкіндіктерге толы жыл болды. Біз осы кезеңде Мемлекет басшысының тапсырмаларын, Үкіметтің бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырдық.
Енді ауданымыздың 2025 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларымыз туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.
1.БЮДЖЕТ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ
Аудан бюджеті 2025 жылғы 23 шілдеге 7 млрд 797 млн. теңгені құрайды. Өз кірістер есебінен түскені 1 млрд 062 млн. теңге, соның ішінде салықтық түсімдер – 1 млрд 014 млн. теңгеге жетіп отыр.
2.КӘСІПКЕРЛІК
Шағын кәсіпкерлік - экономиканы дамытудың маңызды тетіктерінің бірі екені белгілі. Ауданымызда экономиканың басқа да салаларымен қатар шағын кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың 1 шілдесіне ауданда 970 (1030 ШОБ 01.07.2024) шағын орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, соның 915 (953 ШОБ 01.07.2024) жұмыс жасап тұр.
Шыңғырлау ауданы бойынша 2025 жылдың 1 шілдесіне өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 284 млн. 345 мың теңге құрайды, яғни өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,2 % өсіп отыр. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі 244,5 млн. теңгені құрайды, азық-түлік өндірісі- 217,8 млн. теңге, сусындар өндірісі- 3,5 млн. теңге, жеңіл өнеркәсіп- 4,9 млн. теңге, резеңке және пластмасса бұйымдар өндіру- 6,3 млн. теңге, жиһаз өндіру –6,9 млн. теңге.
Бүгін өзіңіз танысып шыққан «Джалдыгулов» жеке кәсіпкерлігі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 5 млн. теңге грант иегері атанып, жұмысшыларға арналған қолғап шығаратын құрал-жабдықтар сатып алды. Қазіргі таңда күніне 200 жұп (бағасы-80 тг) қолғап шығарып, жергілікті Шыңғырлау, Ақшат елді мекендеріне және Ақтөбе, Орал қалаларына саттыққа шығаруда. Сонымен қатар, аталған кәсіпкер тұрақтандыру қоры арқылы бірінші сұрыпты бидай ұнынан өз наубайханасында нан пісіріп (күніне 300-400 нан) 90 теңгеден сатуда. Бүгінгі күні кәсіпкер 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы аудан бойынша бүгінгі күні 7 наубайхана тіркелген, күніне – 1 500, жылына 522 000 дана нан өндіреді (аудан наубайханалары халықтың 68,5% қамтып отыр).
Негізгі капиталға салынған инвестициялар, соның ішінде жеке инвестициялар ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 1 млрд. 190 млн. теңгені құрады. (бұл 2024 жылдың қаңтар-маусым деңгейінен 111,1 %-ға жоғары)
Ауданға жеке инвестиция тарту мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында Қытай Халық Республикасының «Дебонд» компаниясы өкілдерін ауданымызға шақырған болатынбыз. Компания өкілдері аудан шаруаларына суармалы жерлерге қажетті құрал-жабдықтарын таныстырып, шаруалармен алдын-ала келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде екі шаруа қожалығымыз аталған жабдықтарды пайдалана отырып, суармалы егіспен айналысуға ниет танытты. Ендігі кезекте сол шаруа қожалықтарына және осы жылы іске асырылып жатқан жобаларға тоқталып өтсем:
Сонымен қатар, осы «Жаңа жер» шаруа қожалығы осы жылы Ащысай ауылдық округінің аумағында «жасымық дақылдарын өсіру» жобасын қолға алып отыр. Жоба құны – 600 млн. теңгені құрайды. Бұл жоба бойынша 30 млн. теңгеге 4 «LOVOL» тракторлары, 243 млн. теңгеге 1 дана «CLAAS» маркалы комбайны сатып алынып, 343 гектар аумаққа жасымық дақылы егілді. Ендігі кезекте шаруашылық тарапынан 1 дана «CLAAS» маркалы трактор, 1 дән сепкіш сатып алу рәсімдерін жүргізілуде.
Құрметті Нариман Төреғалиұлы, Өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес ауданда жеке инвестиция тарту үшін жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы ауданда құны – 415 млн. теңге болатын 1 балалар ойын сауық кешені (Абдугалиев), 3 сауда орындарымен (Зулкашев, Турмагамбетов, Кисикбаева) 1 асхана (Шоқтыбай) құрылыстарының басым бөлігі аяқталып, күз айларында ашылуы күтілуде.
Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, жалпы аудан бойынша қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында 497 шаруа қожалық пен жеке кәсіпкер, 12 жауапкершілік шектеулі серіктестігі және 33 өндіріс кооперативі жұмыс жасауда. Оның ішінде 39 шаруа қожалық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі ағымдағы жылдың 1 шілдесіне – 5 млрд. 107 млн. теңгені (2024 жыл қорытындысы-18 млрд. 606 млн. теңге) құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,5%-ға өскен. Ет өндірісінің көлемі – 2 023,9 тонна-104,1% құрап отыр, сүт – 6 893,1 тонна -103,1 %, жұмыртқа – 1 349,1 мың дана – 103,5% құрап отыр.
Биылғы жылы ауданымыздың егістік алқабы 47 мың 576 гектарды құрады.
Оның ішінде: дәнді-дақылдар 6 мың 064 гектар, (жаздық бидай – 1525 га, арпа – 2091 га, тары - 1405 га, дәнді құмай – 700 га, жасымық – 343 га); майлы дақылдар - 5 мың 783 гектар (мақсары – 2590 га, күнбағыс - 3193 га), бір және көпжылдық шөп дақылдар - 5 мың 742 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын – 38,3 гектар, өткен жылдары себілген көпжылдық шөптер - 27 мың 440 гектар, күздік дақылдар - 2 мың 509 гектарды құрады.
Ауданымызға берілген жоспар 14 050 гектар болса, көктемгі егіс көлемі 17 627 гектарды құрап, жоспар 125,5 пайызға орындалды.
Көктемгі далалық жұмыстарға 37 шаруа құрылымы қатысып, 264 тонна тыңайтқыштар қолданылды. Қазіргі таңда орташа өнімділігі 21,9 центнер 1 гектарынан, 5 мың 952 гектар дәнді дақылдар жиналды с.і.күздік бидай – 2224 га, орташа өнімділігі 27,9 ц/га; жаздық бидай – 1144 га, орташа өнімділігі 15,7 ц/га; арпа – 1956 га, орташа өнімділігі 23,2 ц/га; бұл жалпы дәнді-дақылдарың (8573 гектар) 69,4 пайызын құрайды. Жалпы жиналған өнімнің бункерлік салмағы 13 мың 052 тонна.
Бау-бақшаға тоқталып өтетін болсам, Алмаз ауылдық округінде - 3 гектар көлемінде қарбыз, қауын; Ащысай ауылдық округінде - 0,5 гектар жерге қарбыз, қауын екті; Шыңғырлау ауылдық округінде - 5,5 гектар жерге қияр, қызанақ, сәбіз, қызылша, картоп, асқабақ, қарбыз, қауын; Ардақ ауылдық округінде - 2,8 гектар жерге картоп екті. Соның ішінде осы Ақшат ауылдық округі бойынша «Каменный» шаруа қожалығы 0,5 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егіп, жоғары өнім алды. Шаруа қожалық келер жылы бақша аумағын ұлғайтуды көздеп отыр.
Бұған қоса, аудан орталығының өзінде жеке қосалқы шаруашылықта 810 жеке аула бау-бақша егумен айналысады. Ол үшін аудан орталығында 32,2 шақырым техникалық су жүйесі жұмыс жасап тұр. Биылғы жылдың өзінде аудан тұрғындарының өтініштері негізінде Каймулдиева, Мұратбаева, Куантаев, Ержанова, Тыңигерушілер, Амангелді көшелеріне қосымша 1,7 шақырым желі тартылып, 40 үйге техникалық су жүргізілді.
Ауданда мал басының өсу тенденциясы сақталып, ірі қара малы – 62 мың 321 бас болса, ұсақ мүйізді мал басы – 52 мың 662, ал, жылқы малы – 12 мың 745 бас құрап отыр.
Жыл басынан мал тұқымын асылдандыру бағытында мемлекет тарапынан 43 шаруа қожалыққа – 164,1 млн. теңге көлемінде субсидия төленді.
Биылғы жылы «ERGANAT-GRUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Өзбекстан Республикасына 212 бас бордақыланған ірі қара малын экспортқа шығарды.
Бүгінгі күнге аудан шаруалары жаңа 20 дана трактор, 1 комбайн және 31 дана басқа да ауыл шаруашылық техникаларын сатып алып, алынған жаңа техникаларға субсидиялар төленді. Жыл соңына дейін 24 дана ауыл шаруашылығы техникаларын 400 млн. теңгеге сатып алу көзделіп отыр. Бүгінгі күнге ауданымыздағы ауыл шаруашылығы техникалары паркінің жаңартылуы 48,8 пайызды құрайды.
Ауданымызда мал азығын дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2025-2026 жылғы мал қыстағына қажетті шөп көлемі - 130,2 мың тонна болса, бүгінгі күнге (орташа өнімділігі 4,1 ц/га) 105 мың тонна қысқы мал азығы дайындалып, жоспар 81,2 пайызға орындалды. 1 бума шөптің орташа бағасы – 4000-4500 теңгені құрап отыр. Жоспарды 1,5 есе артық орындау көзделуде.
Бірінші жартыжылдықта вакцинациялау, бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Бүгінгі күні ауданымызда ветеринариялық ахуал қалыпты.
Осы жылы аудандық бюджет қаражаты есебінен Ақтау, Ардақ ауылдарында жаңа ветеринариялық пунктердің құрылысы жүргізіліп, шілде айында пайдалануға берілді. Ветеринариялық пункттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, сала мамандарына барлық жағдай жасалған. Ғимарат аумағына ветеринариялық іс-шаралар жүргізуге арналған мал бекемдегіш құрылғы (раскул) қарастырылған. Жыл соңына дейін Алмаз ауылына да дәл осындай ветеринариялық пункт құрылысын облыстық ветеринариялық басқарманың қолдауымен салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы жылы Алмаз, Ақбұлақ ауылдарында 2 мал қорымының құрылыс жұмыстарын аяқтайтын боламыз. Келер жылы Ақбұлақ, Қарағаш ауылдарына жаңа ветеринариялық пункт және Ақшат, Ақтау, Ардақ, Қарағаш ауылдарына 4 мал қорымдарын салуды жоспарлап отырмыз.
Құрметті Нариман Төреғалиұлы, ауданымыздағы ветеринариялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамассыз ету мақсатында өзіңіздің қолдауыңызбен ауданымызға қарасты 5 ауылдық ветеринариялық пунктерге 5 жаңа автокөлік берген болатынсыз. Осы сәтті пайдалана отырып, аудан тұрғындары атынан алғысымды білдіргім келеді.
Елімізде ауыл халқының табысын арттыру бағытында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. 2023-2024 жылдары ауданымызда 99 тұлға, 684 млн. теңге жеңілдетілген несие алды. Бағдарлама аясында тұрғындарымыз жаңа кәсіптерін ашып, кейбірлері өз қызметтерін кеңейтті. Ендігі кезекте атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқтала өтейін:
Ал, үстіміздегі жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қарастырылған қаражат 241 млн. 677 мың теңге (Мал шаруашылығына 96 млн. 671 мың теңге, өсімдік шаруашылығына 24 млн. 168 мың теңге, құс шаруашылығына 24 млн. 168 мың, шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін 48 млн. 335 мың теңге, лизингке 48 млн. 335 мың теңге). Шыңғырлау ауданы бойынша несие алуға ниет білдірген 23 тұлға. Бүгінгі күні 5 өтінімі тапсырылып, қаралу үстінде.
Ағымдағы жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы мақсатындағы 20,0 мың гектар жер учаскесі беру жоспарланып, бүгінгі күнге конкурс арқылы 11 463 га жер берілді (4441 га егістік, 7022 га жайылым).
Сонымен қатар, пайдаланылмай жатырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару бағытында шаруа құрылымдарына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 7 мың 573.6 гектар жер қайтарылды.
Шыңғырлау ауданы бойынша қазіргі таңда 14 мектеп (6 орта, 7 негізгі, 1 бастауыш мектеп), 8 бөбекжай, 3 «мектеп-балабақша» кешені, 7 шағын орталық, 3 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасауда. Аталған білім беру ұйымдарында 592 педагог қызмет етсе, жалпы оқушылар саны - 2058 баланы құрайды. Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда – 616 бала білім мен тәрбие алуда.
Оқу жылының (107 оқушы бітірді) қорытындысымен 6 түлек «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанса, 30 білім алушыға «Үздік аттестат» табысталды. Мектеп бітірушілердің арасынан ҰБТ-дан жақсы көрсеткіш көрсетуі - білімді ұстаздар мен еңбекқор оқушылар ізденістерінің жарқын көрінісі. Биылғы жылы аудан бойынша 48 оқушы грантқа түсті.
Қазіргі таңда, Л.Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен мектеп жанындағы интернат ғимаратына күрделі жөндеу (844,5 млн. теңге) жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 1 қазан. Сонымен қатар, аталған мектеп пен интернаттың материалдық-техникалық базасын жаңғырту үшін 118,1 млн. теңге қаражат бөлінді.
Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы аясында Шыңғырлау жалпы орта мектебі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Қазіргі таңда аталған білім беру ұйымына 25,1 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру нысандарында қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында А.Тихоненко атындағы ЖОББМ базасына «Alaqan Мektep жүйесі» енгізілді. Бұл жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамассыз етуге бағытталған.
Мемлекет басшысы 14 наурыз күні өткен Ұлттық құрылтайда «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген болатын. Осы орайда, ағымдағы жылы қаңтар-мамыр айлары аралығында «Білімнің қайнар бұлағы – кітап» атты кітап оқу байқауын өткіздік. Байқау «Балалар кітапханасы» жобасы аясында жүзеге асырылып, ауданымыздың 14 білім беру ұйымынан оқушылар қатысты. (Қорытындысы бойынша әр мектептен жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындарға ие болған оқушыларға 14 велосипед (І орын), 14 домбыра (ІІ орын), 14 сөмке (ІІІ орын) берілді) Бұл байқау аудан көлемінде алғаш рет өткізіліп, оқушылардың оқу мәдениетін дамытуға және әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Аталған байқау келер жылы да жалғасын табатын болады.
Ауданымызда 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 дәрігерлік амбулатория, 5 фельшерлік-акушерлік пункт, 10 медициналық пункт тиісті деңгейде өз жұмыстарын атқаруда. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Ащысай ауылында (211 млн. тг) фельдшерлік-акушерлік пункт пен Ақсуат ауылында (159 млн. тг) жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта КПО б.в. компаниясының қаржыландыруымен Шыңғырлау аудандық ауруханасының ғимараты, перзентхана және ас блогына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 377 млн. теңге, ағымдағы жылдың қазан айында аяқталатын болады.
Биылғы жылы ауданымызға 4 дәрігер, 2 орта буын қызметкерлері келді. Оның ішінде аудандық ауруханаға - жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлермен 2 орта медицина мамандары келді. Сондай-ақ, осы Ақшат дәрігерлік амбулаториясына жалпы тәжірибе дәрігері жұмысын бастады. Бүгінгі күні Шыңғырлау және Ақшат ауылындағы 2 дәрігер коммуналдық тұрғын үйлермен қамтылып, көтермеақы төлемдерін алуға құжаттарын жинақтауда. Сонымен қатар, аудан орталығында дәрігерлерге арналып, 3 пәтерлі бір коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Шекара маңында орналасқан ауданымызда кейінгі кезде елді мекендерде жаңа үйлер бой көтеріп тұрғындарға үлкен сенім ұялатқаны өздеріңізге белгілі. Ендігі кезекте тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін Жаңакүш, Сегізсай, Ақсоғым, Ұрысай және Қайыңды ауылдарында жаңа медициналық пункттер салуды жоспарға қойып отырмыз. Бұл нысандардың басым көпшілігі 60-70 жылдары салынған бұрыңғы тұрғын үйлер.
Шыңғырлау ауданында мәдениет саласы бойынша барлығы 34 нысан халыққа қызмет көрсетуде. Соның ішінде 19 кітапхана, 15 мәдениет үйлері мен клубтар және 1 аудандық саябақ. Сондай-ақ, спорт саласы бойынша 1 - денешынықтыру және сауықтыру кешені, 14 - спорт алаңдары жұмыс жасауда.
Осы жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Тана» қоғамдық қоры және Батыс Қазақстан әкімдігінің қолдауымен «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында Шыңғырлау ауылындағы «Дән» және Ақбұлақ ауылдағы кітапханалары модернизациядан өтті. Жаңа дәуір, жаңарған қоғам, заманауи кітапхана үрдісіне сай жасақталған аталмыш кітапхана әр түрлі жастағы оқырманына оқу, демалыс, пікір алмасу, сондай-ақ қолөнер түрлерімен айналысу сынды жаңаша форматта қызметтер көрсетуде.
Биылғы жылы «Бек» шаруа қожалығының бастамасымен Ақсуат ауылында мәдени-спорттық кешеннің құрылысы (жоба құны 70 млн. теңге) басталғалы отыр.
Бүгінде салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамның маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта ауданымызда жыл басынан бастап 152 спорттық шаралар ұйымдастырылып, ауылдық округтерден, мекемелер, бөлімдер, мектептер, колледж, әскери қызметшілер, полиция қызметкерлерінен құралған командалар белсене қатысты.
Сондай-ақ, осы тамыз айының 5–9 аралығында "АҚБИДАЙ – 2025" облыстық ауыл спорты спартакиадасында көкпар – 1 орын, футбол – 2 орын, гір көтеру – 2 орын, асық ату, бес асық – 3 орын. Сонымен қатар, волейбол, садақ ату, тоғызқұмалақ және қол күресте де жоғары нәтижелер көрсетіп, жинаған жалпы ұпайларымыздың арқасында ауданымыз жалпыкомандалық 3 орынға ие болды!
Құрметті Нариман Төреғалиұлы! Тұрғындар саны бойынша аудан орталығынан кейін ірі елді мекеннің бірі осы Ақшат ауылына жаңа мәдени-спорттық кешен салу қажет болып отыр. Бүгінгі күні Ақшат ауылында жасөспірімдер арасында бокс, дзюдо және волейбол үйірмелері тұрақты түрде жұмыс жасап, 62 бала жаттығуда. Жетістіктеріне тоқтала өтсем: Қылышбаев Нұрасыл - Әскери самбодан Азия чемпионатының қола жүлдегері (Өзбекстан, Ташкент-2025 жыл); Өтеген Архат – Самбодан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы (Ақтау-2024 жыл), Азия чемпионатының Самбодан жасөспірімдер арасында қола жүлдегері (Өзбекстан, Ташкент 2025 жыл).
Бүгінгі күні жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, жоба құны 670,9 млн. теңгеге құрап отыр. Ендігі кезекте сіздің тарапыңыздан осы мәселенің шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын.
Шекара маңындағы ауылдар – еліміздің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды аймақтар. Бұл өңірлердегі халықтың тұрақты қоныстануы мемлекет үшін стратегиялық мәнге ие. Сол себепті тұрғын үй құрылысы – шекаралық ауылдардың дамуының негізгі факторларының бірі болып табылады. Өткен жылдан бастап, жаңа тұрғын үйлерді аудан орталығынан емес, шекара маңында орналасқан елді мекендерге салып жатырмыз.
Қазіргі таңда, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 200 адам тұр. Өткен жылы Республикалық бюджеттен 696 млн. теңге бөлініп, аудан бойынша 7 елді мекеннен 36 тұрғын үй сатып алынды. Бұл үйлер кезекте тұрған азаматтарға және бюджеттік мекемелерде қызмет атқаратын мамандарға арендалық тұрғын үй ретінде берілді.
Биылғы жылы да халықтың осал топтарына арналған 27 пәтер Ақсуат, Ардақ, Ақшат, Амангелді, Ащысай, Қарағаш елді мекендерінде құрылысы жүргізілуде.
Нариман Төреғалиұлы, өзіңіздің бастамаңызбен шекара маңында орналасқан елді мекендердегі тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік түрлерін дамыту, сондай-ақ, халық саны мен мектептерде бала саны азайған білім ұйымдарын сақтап қалу бағытында «Қаладан - ауылға» пилоттық жобасы бастау алған болатын. Жоба аясында ауданымызда жұмыс тобы құрылып, көптеген жұмыстар атқарылды.
Пилоттық жоба аясында бау-бақша егу, егін, мал шаруашылығымен айналысу жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, округ әкімдері мектеп директорларымен бірге ниет білдірген отбасыларды іздестіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік желілерге ауылдар туралы бейнероликтер шығарылды.
Өткен жылы 8 елді мекендерге 55 адамнан тұратын 11 отбасы көшіп келсе, олардың 19-ы ересек, 36-ы бала. Көшіп келген отбасыларға мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетіліп, сондай-ақ 9 отбасы тұрақты және 2 отбасы уақытша үйлерге орналастырылды.
Қазіргі таңда, көшіп келген 10 адам тұрақты және 5 адам уақытша жұмысқа орналастырылып, ал қалғаны жеке қосалқы шаруашылығында мал, құс бағып отбасыларын толық қамтамасыз етіп отыр. Жұмысқа орналасқандардың ішінде 7 адам білім беру мекемелеріне, 5 адам маусымдық газоператор және 3 адам жеке кәсіпкерлерде.
Ақбұлақ ауылына көшіп келген Мурзагалиева Бибинур «Бастау Бизнес» жобасы аясында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа 3 бас ірі қара мал алды. Ал, Ащысай ауылына көшіп келген Меркеева Аяжан қазіргі таңда Ащысай жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасына биология пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Ал жолдасы Қарағаев Бексұлтан 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа 25 бас қой алып, жеке қосалқы шаруашылығын дамытып жатыр. Көшіп келген отбасылардың балалары мектеппен балабақшаға, барлығы жұмысқа орналасты бір де бірі назардан қалмады.
Қазіргі таңда Қарағаш ауылына 1 отбасы (2 ересек, 3 бала) көшіп келіп, коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні шаруа қожалықта маусымдық жұмысқа орналасты, ал жолдасы бала күтіміне байланысты үйде отыр. Осы айда, келуге ниет білдірген 6 отбасы, 34 адам келуін күтіп отырмыз. Оның ішінде 3-еуі мұғалім, 1-еуі мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі. Келушілерге тұрғын үйлер ұсынылып, жұмысқа орналастыру мәселелері қарастырылатын болады.
Бірінші кезекте елді мекенге қажетті мамандар мен кәсіп ашуға ниетті азаматтарға баса назар аударып отырмыз. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер беріп кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы бағдарлама аясында ауылдарға қосымша инвестициялар тарту. Сондай-ақ, білім, денсаулық, ауылшаруашылығы мен ветеринария салаларындағы мамандарға деген қажеттілігімізді жабуды көздеп отырмыз.
Электр энергиясы – елді мекендердің қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық ресурс. Электр жарығының тұрақты әрі сапалы жеткізілуі тұрғындардың өмір сүру сапасына, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне және кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер ететіні белгілі.
Осы орайда, Шыңғырлау ауылындағы әуе желілерін қайта құру жұмыстарын жүргізуге екі кезеңнен тұратын жоба жасалып, осы жылы бірінші кезең бойынша жұмыстар жүргізілді. Ол үшін бюджеттен 433 млн. теңге қаржы бөлініп, мердігер «Жайық Сити» ЖШС-гі жұмыстарын толық аяқтады. Нәтижесінде, 29,5 шақырымды құрайтын 0,4 кВ әуе желілері, 906 дана тірек бағаналары, 466 дана светодиодті шамдар және 3 дана трансформатор орнатылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданымыздағы электр желілерінің тозу деңгейі 90 пайыздан 79,8 пайызға дейін төмендеді. Бүгінгі күні, Шыңғырлау ауылындағы әуе желілерін қайта құру жұмыстарының екінші бөлігіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда, келер жылдың бюджетіне ұсынуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Шоқтыбай ауылындағы 0,4 кВ әуе желісін және КТПН-10/0,4 қайта құруға, жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Қолдау табылған жағдайда электр желілерінің тозуын тағы да шамамен 10-12 пайызға, яғни 68 пайызға дейін төмендетуге болады.
Аққұдық елді мекені – шекара бойында орналасқан (34 тұрғын, 13 үй) шағын елді мекен. Ауыл тұрғындарының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын отбасылардан құралған. Халық саны аз болғанымен, стратегиялық орналасуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыру қажеттілігіне байланысты, 2026 жылы аудандық бюджет есебінен табиғи газ тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, осы жылы аудандық темір жол вокзалының жөндеу жұмыстары қолдау тауып, бүгінгі күні мердігер «ТасқалаТрансгаз» ЖШС демонтаж жұмыстарын аяқтап, құрылыс материалдарын тасымалдауда. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Келесі бір айта кетерлік жағдай, Ащысай ауылдық округінің әкімі аппаратының ғимараты 2020 жылы бір қабырғасы құлап, жарамсыз деп танылған болатын. «Інжу» жеке кәсіпкерлігі 15 млн. теңгеге әкімдік ғимаратын салып, бүгінгі күні пайдалануға берілді.
Аудан бойынша басталған барлық құрылыс жұмыстары мен күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық қала мен ауылдарды 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылған баршаңызға мәлім. Аталған тапсырманы орындау мақсатында біздің ауданда орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту көрсеткіші қазіргі уақытта 96%-ды құрап отыр.
Ағымдағы жылы Аққұдық, Қайынды, Ұрысай, Қотантал және Ақсоғым ауылдарына кешенді-блок модульдері (КБМ) орнатылып, тұрғындар саны аз елді мекен тұрғындарына сапалы ауыз су берілді. Сондай-ақ, 26 млн. теңгеге Ақбұлақ ауылына жаңа су мұнарасын (100м3) орнатылды.
Бүгінгі таңда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 338 млн. теңгеге Сегізсай ауылында ауыз су құбырының құрылысы жүргізілуде.
Аталған жобалар толық іске асқаннан кейін, биыл аудан тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жететін болады.
15.АБАТТАНДЫРУ, ҚОҒАМДЫҚ ТАСЫМАЛ
Аудан аумағында абаттандыру бойынша бір қатар жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында 12 400 ағаш көшеттері отырғызылды. Акция аясында аудан көшелерінде тұрғындардың бастамасымен тазалық челенждері бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 73 тонна қоқыс шығарылып, 37 бұзылған үйлердің қалдықтары мен көң-қоқыстары тазартылды.
Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы қарсаңында Шыңғырлау, Ақшат, Алмаз ауылдық округінде тыл еңбеккерлерінің аулаларына жиырмаға жуық жаңа орындықтар қойылды.
Сондай-ақ, аудан орталығындағы, ауылдық округтердегі саябақтар мен ескерткіштерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аудан орталығында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіші» жаңартылып, орындықтар, жарықшамдар қойылып, саябақ аумағына тас төсеуіштер (брузчатка) төселді.
2025 жыл басынан аудан орталығы Шыңғырлау ауылында тұрғындардың сұранысы негізінде ауылішілік автобус маршруты іске қосылды. Жол жүру бағасы ересектерге 80 теңге, балалар үшін 40 теңге болып белгіленді. (Автобус дүйсенбі-жұма күндері аралығында жүреді. Автобусты бюджеттік сала қызметкерлері, егде жастағы қариялар және мектеп оқушылары пайдаланады)
16.ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Бүгінгі күні ауданымызда төтенше жағдайлар бөлімі, №23 өрт сөндіру бекеті және Ақшат, Ақтау, Ащысай ауылдарында өрт сөндіру бекеттері жұмыс жасап тұр. Биылғы жылы Төтенше жағдайлар министрінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Алмаз ауылында тағы бір өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекетті жасақтау үшін ауылдық мәдениет үйінің бос тұрған ғимараты жөндеуден өткізіліп, облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан автокөлік пен қосымша құрал-жабдықтармен қамтылды.
Көктемгі су тасқыны – өзен жағалауындағы елді мекендер үшін қауіпті екені белгілі. Осы орайда, ауданымызда орналасқан Ақшат, Ақтау және Қарағаш ауылдарын су тасқынынан қорғау мақсатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен Шыңғырлау өзенінің арнасын кеңейту, тазарту бойынша жұмыс жобасы әзірленді. Бұл жердегі мақсат өзен арнасының табиғи өткізу қабілетін қалпына келтіру, өзенге жақын орналасқан Ақшат, Ақтау, Қарағаш ауылдарына су басу қаупін болдырмау.
Өткен жылы болған көктемгі су тасқыны кезінде Ақтау ауылына кіреберіс көпірді тасқын су шәйіп кетіп, аудан орталығымен қатынас болмай, тұрғындар бергі бетке қайықпен тасымалданды. Бірнеше жыл бойы тұрғындар алдындағы есептік кездесулерде де негізгі мәселе ретінде көтеріліп жүр. Бүгінгі күні Ақтау ауылы кіреберісіне жаңа көпір салу бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткізілді. Құрылысын жүргізуге 2 млрд. 462 млн. теңгегені қажет етеді.
Құрметті Нариман Төреғалиұлы! Ендігі кезекте сіздің тарапыңыздан осы мәселенің шешілуіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын.
17.АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ
Шыңғырлау ауданы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 343,9 км құрайды (республикалық жолдар – 29 км, облыстық жолдар – 39 км, аудандық жолдар – 275,9 км).
Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай бағытындағы жолының 47-62 және 62-77 шақырымдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай автожолының 73-88 шақырымдары бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, жолды қабылдау жұмыстары қалып отыр.
Құрметті Нариман Төреғалиұлы, келер жылы ең алдымен «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай» автожолының қалған 15 шақырымына, Қызылкөл-Ардақ-Ақтау аудандық маңызы бар жолы және Қарағаш ауылына 18 шақырым кірме жолдарға қаражат бөлуіңізді сұраймын. Осы жобалар жүзеге асқан жағдайда, аудан орталығымен округ орталықтарына байланыс жақсаратын болады. Жол бойындағы кәсіп түрлері дамып, аудан тұрғындары үшін барлық бағытқа жол ашылатын болады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта автокөлік жолдарын жөндеуді жүзеге асыру үшін келесідей жобаларға жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, сараптамадан өткізілді. Олар:
Құрметті Нариман Төреғалиұлы, қадірменді жерлестер!
Бүгінгі есептік кездесуде ауданымыздың жеткен жетістіктері мен алда тұрған міндеттер туралы айтып өттім. Соңғы жылдары ауданымызда әлеуметтік-экономикалық даму бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау, ветеринария салаларында жаңа ғимаратар, тұрғын үйлер бөйкөтеріп, мектеп, аурухана және автокөлік жолдары жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл - аудан тұрғындарының белсенділіктері мен бірліктерінің арқасы деп білемін.
Әрине, шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар. Ол – электр желілерін жаңарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, жаңадан салу, көпір мен автокөлік жолдарын салу. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бірлік пен ынтымақ болған жерде алынбайтын асу жоқ. Алда атқарылар істер көп, сондықтан бірлесе еңбек етіп, ауданымызды одан әрі дамытуға шақырамын.
Назарларыңызға рақмет!