Батыс Қазақстан облысында 900 орынға арналған мектеп салынады.

Бүгінгі күннің басты талабы еліміздегі білім саласын биікке көтеру болып тұр. «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген сөзі – жай ұран емес, нақты іс-әрекетке үндейтін бағдар.
Батыс Қазақстан облысында 2023-2024 жылдары 22 жаңа орта мектеп бой көтерді. Сонымен қатар, екі жыл ішінде облыс бойынша 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орта білім беру ұйымдарында авариялық мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алғашқы 1500 орындық жайлы мектеп ашылып, 2025 жылы аталған жоба аясында 6 мектептің құрылысы жалғасын табатын болады.
Сондай-ақ, биылғы жылы Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында 900 орынға арналған мектеп салыну жоспарда бар. 2024 жылы 21 қазанда «Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Astana-Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалау ұйымымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісім-шарт жасаған болатын.
2024 жылы 26 желтоқсанда «БҚО Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында 900 орынға арналған мектеп салу» жұмыс жобасы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан («Мемсараптама» РМК) ведомстводан тыс кешенді сараптамадан оң қорытындысын алды.
Аталған жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарын іске асыруға қажетті қаржыландыру көзі анықталған жағдайда, ағымдағы жылы мектеп құрылысын бастау жоспарда бар.
Жылдық жоспарға енгізілген мектеп 3 қабатты және 3 блоктан тұратын болады. Сонымен қатар, заман талабына сай спорт зал, асхана, кітапхана мен еңбек кабинеттері толық жабдықталады. Мектеп ғимаратының жер учаскесінде жүгіру жолы, футбол , аралас баскетбол, волейбол алаңы және жеңіл атлетика алаңдары, оқушыларды жинауға, мектепаралық іс шаралар өткізуге арналған алаңдар, бастауыш сыныптарға арналған ойын алаңы мен тынымбақ, автокөліктер мен мектеп автобустарына арналған тұрақ қамтылатын болады.