
Өткен сайлауда жеңіске жеткен облыстық «Nur Otan» партиясы фракциясының ZOOM платформасы арқылы кезектен тыс отырысы өтті. Жиында аталмыш партияның фракция басшысы Мұрат Мұқаев күн тәртібіндегі мәселелерді карантиндік талаптарды сақтай отырып, онлайн арқылы облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттарының назарына ұсынды.
– Жиналысымыздың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – өткен праймериз кезіндегі және сайлаудың үгіт-насихат кезеңіндегі халықтан түскен аманаттарды жүзеге асыру болып табылады. Сайлаудың үгіт-насихат кезеңінде түрлі деңгейдегі мәслихаттарға үміткерлер қала, аудан халқымен кездесулер қорытындысы бойынша 2 мыңнан астам аманаттарды жинақтады. Аманаттарды талдау қортындысы көрсеткендей, олар орындалу барысы бойынша ұзақ, орта, қысқа мерзімді мәселелерге бөлінеді. Аманаттардың 40 пайызы ағымдағы сипаттағы сұрақтарды есепке алмағанда сайлауалды бағдарламаларға енген. Олар республикалық, облыстық, қалалық деңгейде шешілетін мәселелер. Аманаттардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты болып саналады. Нақтырақ айтқанда жолдар мен тротуарларды жөндеу, электр жүйелерін жаңарту, жарық шамдар мен қоқыс контейнерлерін орнату, қоқыстарды дер кезінде шығару, қаланың шеткі аумағында орналасқан шағын аудандарына мектеп, балабақша, балалар ауласын, мәдениет, спорт орындарын салу, қоғамдық көліктің кестеге сәйкес жүруі, бұралқы итттердің мәселесін шешу, ауланы абаттандыру, шатыр, подъездерді жөндеу, интернеттің жылдамдығын ұлғайту және тағы да басқа жайттарды ретке келтіру сияқты түйінді жұмыстардың қатары.
Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелер, ауыз су, ауыл шаруашылығы бағыты бойынша аманаттар да бар. Аманаттардың қатарындағы қысқа мерзімді және маусымдық сұрақтарды ескере отырып, жүзеге асқан аманаттар легіне сәйкес ай сайынғы ақпарат, орта мерзімді, ұзақ мерзімді аманаттардың орындалу барысы туралы жарты жылға бір рет есеп алынатын болады.
Сондай-ақ әр депутат орындалған аманаттарды жеке әлеуметтік желісіне жүктеу арқылы қала, аудан тұрғындарын хабардар етіп отыруға міндетті. Әр жарияланымдардың соңына #amanattarbko хештегін жүктеу қажет, - деді ол.
Мұрат Рахметұлы бұдан әрі «Nur Otan» патиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасына сәйкес күн тәртібіндегі күн тәртібіндегі екінші мәселеге тоқталды.
Облыс басшысы жүктеген міндетке сай әр депутат өзіне жақын, халықтың көкейіндегі ең өзекті мәселені қозғап, жыл бойы сол жұмысты атқаратын болады. Партия өткен жылы осындай жұмыстарды қолға алған. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаев дін саласында жүрген азаматтардың біліктілігін арттыру мақсатында діни экстремизмге қарсы күрес мәселесінің ілгері жылжуына түрткі болды. Дәлірек айтқанда ол бұл мәселенің жүзеге асуына дәнекерлік жасап, қаржыландырды. Осы тұрғыда басқа да атқарылатын істер легі жетіп артылады. Сол сияқты рухани даму мәселесіне байланысты жобаларды да жүзеге асыру керек. Мысалы, Жайық қалашығын одан әрі өркендету мақсатында не істеу керек, мәселені іске асырудың қандай жолдары бар. Бұл іске қозғау салып, зерттеп жүрген депутаттар бар. Олар мұны қолға құба-құп болар еді. Сол сияқты мұқтаж, мүгедек жандарға көмек көрсету тұрғысында қолға алынатын бірқатар жобаларды іске асыру қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау керек. Осы секілді әртүрлі бизнес, рухани, әлеуметтік тағы да басқа салалардағы жұртшылықты мазалайтын өзекті мәселелерге депутаттардың жұмылуы қажет. Бұл депутаттың міндетінен тыс жұмыс болып есептеледі.
Жиында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жол картасын талқылауға арналған күн тәртібіндегі үшінші мәселе қаралды. Отырыста айтылғандай, жол картасы 5 жылға арналған. Жоба бүкіл республика бойынша сайлауалды бағдарламаның 7 бағытының ауқымында жасалған. Бұл барлық деңгейдегі депутаттардың басты құжаты болып табылады. Мерзімі бойынша қысқа, орта және ұзақ болып 3 кезеңге бөлінеді. Облыстық партияның бұл жобасы күні кеше ғана орталық аппаратпен бекітілген. Жол картасын барлық облыстағы аудандар өздерінің отырыстарында талқылап болған.
– Ең басты, келелі мәселе – партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы болып саналады. Сайлауалды бағдарламаның жол картасы филиал төрағасымен және біздің аппарат қызметкерлерімен бекітілді. Осы бағыт бойынша облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттарының әрқайсысының міндеттерін белгіледік. Қай депутатқа қандай сала етене таныс, соған байланыстырып, ол атқаратын жұмыстарды жоспарлап, айқындадық. Мәселен, депутат медицина саласының маманы болса, оның сайлауалды бағдарламасының осы жүйе бойынша жүзеге асуына өзі мүдделі болады. Ол мемлекеттік органдармен, жұртшылықпен бірлесіп, сайлауалды бағдарламасының пайдаға жарауының жолдарын іздеп, жұмыс істейтін болады, - деді Мұрат Мұқаев өз сөзінде.
Жиналыс барысында түрлі деңгейдегі депутаттар тарапынан түскен сауалдарға фракция төрағасы жауап қайтарып отырды.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz