Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМА

«БЕКІТЕМІН»

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы

_____________________ А.Т. Досжанов

«____» ______________ 2026 жыл

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы

ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМА

Орал қаласы 2026 жылғы 30 қазан

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабы 5-тармағына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына, сондай-ақ Департамент басшысының 2026 жылғы 12 қазандағы №2-1/72 бұйрығына сәйкес 2026 жылғы 12–30 қазан аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау (бұдан әрі – СЖТІТ) жүргізілді.

Талдау қамтыған кезең:

Алдыңғы СЖТІТ 2024 жылғы 1 қыркүйектен 2025 жылғы 31 мамырға дейінгі кезеңге жүргізілді.

Ағымдағы СЖТІТ 2025 жылғы 1 маусымнан 2026 жылғы 31 мамырға дейінгі кезеңді қамтиды.

1. Талдаудың мақсаты, міндеттері және бағыттары

СЖТІТ мақсаты – Департамент қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу, сондай-ақ оларды жою және алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу.

Негізгі міндеттер – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін факторларды анықтау, қолданыстағы алдын алу тетіктерінің жеткіліктілігін бағалау, нормативтік реттеуді және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметті жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу.

        Талдау мына бағыттар бойынша жүргізілді:                                                                                                                                                                                       1) Департаменттің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

      2) Департаменттің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

2. Талдау барысында пайдаланылған ақпарат көздері

Департамент қызметін реттейтін құқықтық актілер мен ішкі құжаттар, ведомстволық статистикалық есептілік, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер, бұрын жүргізілген ішкі талдау нәтижелері және Департамент қызметіне қатысты өзге де қолжетімді мәліметтер зерделенді.

Үлгілік қағидаларға сәйкес ақпарат көздеріне мемлекеттік органдар бұрын жүргізген тексерулердің нәтижелеріішкі аудит қызметтерінің бақылау іс-шараларының нәтижелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерібұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдаржеке және заңды тұлғалардың өтініштері, Департамент қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін анықтау және жауапқа тарту туралы мәліметтер және Департамент қызметшілерін, жұмыскерлерін сұрастыру (сұхбат) нәтижелері

Талданатын кезеңде Департаментке қатысты мемлекеттік органдардың тексерулері және ішкі аудит қызметтерінің бақылау іс-шаралары жүргізілген жоқ.

Сондай-ақ Департамент қызметіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы мәліметтер қамтылған жеке және заңды тұлғалардың өтініштері түскен жоқ. Бұл мән-жайлар тиісті қызмет бағыттарының нәтижелерін бағалау кезінде ескерілді.

1. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДЕГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ

1.1. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының практикалық қызметінде туындайтын мәселелердің бірі – зардап шеккен жұмыскердің кінәсінің дәрежесін пайыздық арақатынаста айқындау.

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі № 277-VIII Заңымен Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына зардап шеккен адамның кінәсінің дәрежесін айқындау кезінде оның мөлшерін 25 пайыздан асырмауды көздейтін өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер зардап шеккен жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және оларға жауапкершіліктің елеулі бөлігін негізсіз жүктеуді шектеуге бағытталған.

Алайда аталған шектеуге қарамастан, жұмыскер кінәсінің нақты дәрежесін айқындау мәселесі шешілмеген. Қазіргі уақытта зардап шеккен жұмыскердің кінәсін 0-ден 25 пайызға дейін айқындаудың нақты өлшемшарттарын көздейтін бірыңғай нормативтік әдістеме жоқ. Атап айтқанда, комиссия қандай жағдайда кінә дәрежесін 5, 10, 15, 20 немесе 25 пайыз деп белгілеуге тиіс немесе белгілей алатыны айқындалмаған.

Нақты өлшемшарттардың болмауы ұқсас жағдайларда комиссиялардың әртүрлі қорытындыға келуіне, мән-жайларды субъективті бағалауға, тараптар арасындағы келіспеушіліктерге, тергеп-тексеру нәтижелеріне шағымдануға және ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алғышарт жасайды.

Зардап шеккен жұмыскердің кінәсінің дәрежесі оның құқықтары мен заңды мүдделеріне, оның ішінде денсаулығына келтірілген зиянды өтеу мәселесіне тікелей әсер ететіндіктен, бұл мәселе заңнама мен құқық қолдану практикасын ескере отырып қосымша зерделеуді қажет етеді. Шешімдердің біркелкілігін қамтамасыз ету үшін кінә дәрежесін айқындауға әсер ететін мән-жайларды бағалаудың бірыңғай тетігін әзірлеу мәселесін қарастырған жөн.

Ұсыным:

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қолданыстағы нормативтік реттеу мен жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде зардап шеккен жұмыскердің кінәсінің дәрежесін айқындау практикасын талдау және төмендегі қажеттіліктерді қарастыру туралы ұсыныс жолдау:

1. Зардап шеккен жұмыскердің өрескел абайсыздығын және оның жазатайым оқиғаның туындауына немесе келтірілген зиянның ұлғаюына әсерін бағалауды қоса алғанда, кінә дәрежесін айқындаудың бірыңғай өлшемшарттарын әзірлеу және бекіту.

2. Комиссия алдымен зардап шеккен адамның өрескел абайсыздығының бар-жоғын және салдарлармен себептік байланысын анықтап, содан кейін кінәнің нақты пайызын белгілейтін кезең-кезеңмен бағалау рәсімін көздеу.

3. Оқиғаның мән-жайларын, жұмыскердің әрекеттерін, еңбекті қорғау талаптарының сақталуын және шешім үшін маңызды өзге факторларды құжаттауға мүмкіндік беретін бірыңғай бағалау парағын (сауалнаманы) әзірлеу.

4. Комиссия шешімдерін негіздеуге, анықталған мән-жайларды, қолданылған өлшемшарттарды және қорытындылардың дәлелдерін міндетті түрде көрсетуге қойылатын талаптарды белгілеу.

5. Нормативтік құқықтық актілерге ықтимал өзгерістер енгізілгенге дейін заңнаманы біркелкі қолдану үшін әдістемелік ұсынымдар дайындау.

1.2. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі

Ішкі талдау барысында еңбекақы төлеу туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық субъектісін айқындау бөлігінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 87-бабын қолданудағы құқықтық айқындық мәселесі қаралды.

ӘҚБтК-нің 87-бабының 1-бөлігінде жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен төлемді кешіктірген кезең үшін өсімпұлды есептемегені және төлемегені үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Санкцияда лауазымды адамдар, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін әртүрлі айыппұл мөлшерлері белгіленген.

Осы норманы қолдану кезінде, оның ішінде білім беру, мәдениет және өзге де әлеуметтік маңызы бар салалардағы мемлекеттік мекемелерде құқық бұзушылық анықталған жағдайда, лауазымды адам мен жұмыс беруші – заңды тұлғаның жауаптылығын ажырату мәселесі туындауы мүмкін.

Жауаптылық субъектілерінің әртүрлі санаттарының болуы өздігінен заңнамада қайшылық барын білдірмейді. Ықтимал құқықтық белгісіздікті анықтау үшін ӘҚБтК-нің Жалпы бөлігінің нормаларын, жұмыс берушінің құқықтық мәртебесін, лауазымды адамдардың өкілеттіктерін, құқық бұзушылық мән-жайларын және істерді қарау практикасын ескеру қажет.

Жауаптылықты ажыратудың жеткілікті айқын өлшемшарттары болмаған жағдайда заңнаманы әртүрлі түсіндіруге және әкімшілік жаза субъектісін таңдауда негізсіз қалауға алғышарттар туындауы мүмкін. Бұл мәселе құқықтық реттеуді жетілдіру және ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу қажеттігін анықтау үшін қосымша талдауды талап етеді.

Ұсыным:

1. ӘҚБтК-нің 87-бабын ұқсас жағдайларда лауазымды және заңды тұлғаларға қолдану практикасын талдау.

2. Лауазымды адам мен жұмыс беруші – заңды тұлғаның жауаптылығын ажыратудың жеткілікті заңнамалық өлшемшарттарының бар-жоғын анықтау.

3. Әкімшілік жауаптылық субъектісін айқындаудың объективті өлшемшарттарын белгілеуге және негізсіз қалауды болдырмауға бағытталған ӘҚБтК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу мәселесін қарау.

4. Қажет болған жағдайда бұл мәселені Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдармен бірлесіп пысықтау.

5. Заңнамалық өзгерістер енгізілгенге дейін уәкілетті органның құзыреті шегінде 87-бапты біркелкі қолдануға арналған әдістемелік түсіндірмелер дайындау мүмкіндігін қарау.

2. ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ-БАСҚАРУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ

2.1. Персоналды басқаруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау

Штат кестесіне сәйкес Департаментте 15 штат бірлігі көзделген, оның ішінде 5 бірлік басшылық құрамға және 10 бірлік салалық бөлімшелер қызметкерлеріне тиесілі. Анықтама дайындалған күнгі жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілердің нақты саны – 13 бірлік. Бір басшы орынбасары оқу демалысында, еңбек заңнамасы бөлімінің бір бас маманы баласы үш жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік демалыста. Аталған 2 штат бірлігі негізгі қызметкерлер болмаған кезеңде бос орын болып есептеледі.

Штаттан тыс қызметкерлердің бекітілген саны – 7 бірлік. Анықтама дайындалған күнгі жағдай бойынша нақты саны – 6,5 бірлік, бос үлесі – 0,5 бірлік.

Талданатын кезеңде теріс себептермен, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар үшін қызметкерлерді жұмыстан шығару фактілері анықталған жоқ.

Заңсыз жұмыстан шығару фактілері анықталған жоқ.

Алқалы органдардың жұмыс істеуі анықталған жоқ.

Қызметтік тергеп-тексеру нәтижесінде лауазымын төмендету немесе жұмыстан шығару фактілері анықталған жоқ.

Жұмыс тобы лауазымды адамдарға белгіленген шектеулер мен тыйымдардың, оның ішінде мүлікті сенімгерлік басқаруға беру талаптарының сақталуын талдады. Бұзушылықтар анықталған жоқ.

Департамент қызметкерлері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервисі арқылы соттылық, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар туралы мәліметтердің бар-жоғына тексерілді.

Сондай-ақ антты уақтылы қабылдау, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексімен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндеттемелермен және сыйлықтарды тапсыру жөніндегі жадынамамен танысу, кірістер мен мүлік туралы декларацияларды тапсыру міндеттерін орындау құжаттары зерделенді. Бұзушылықтар анықталған жоқ.

Ұсынылған материалдар бойынша барлық қызметкерлер декларация тапсыру міндеттерін уақтылы орындаған.

Сыбайлас жемқорлық немесе өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауына байланысты мемлекеттік қызметке кіруге заңнамалық тыйым салынған адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері анықталған жоқ. Инспекторлардың ықтимал сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы өтініштер түспеген. БАҚ пен қолжетімді интернет-ресурстарға жүргізілген мониторинг те осындай мәліметтерді анықтаған жоқ.

Қорытынды: ұсынылған құжаттар мен қолжетімді мәліметтер бойынша персоналды басқарудың қаралған бағыттарында бұзушылықтар анықталған жоқ. Дегенмен кадрлық талаптардың сақталуы әрі қарай бақылауда болуға тиіс.

2.2. Мүдделер қақтығысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері

Департамент Министрліктің аумақтық бөлімшесі болып табылады. Кадрлық жұмыс Министрлік деңгейінде орталықтандырылған. Әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес Министрліктің уәкілетті кадрлық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Осыған байланысты Департаменттің конкурстық рәсімдерді ұйымдастыруға және өткізуге тікелей қатысуы шектеулі.

Жұмыс тобы мемлекеттік қызметшілердің жақын туыстары болып табылатын лауазымды адамдарға тікелей бағыныстылық жағдайларын қоса алғанда, мүдделер қақтығысының алдын алу талаптарының сақталуын талдады. Жақын туыстардың тікелей бағыныстылығы анықталған жоқ.

Қорытынды: қаралған бағыттарда мүдделер қақтығысы фактілері анықталған жоқ.

2.3. Мемлекеттік қызметтер көрсетуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері

Департамент өз құзыреті шегінде еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына бақылау жасау және өзге де функцияларды жүзеге асырады. Департамент функцияларын зерделеу нәтижесінде талданатын қызмет аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілген қызметтерді дербес көрсету фактісі анықталған жоқ.

Қорытынды: мемлекеттік қызметтерді дербес көрсетуге тікелей байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

2.4. Рұқсат беру функцияларын жүзеге асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті туралы бекітілген ережеге сәйкес Департамент рұқсат беру функцияларын жүзеге асырмайды.

Қорытынды: рұқсат беру функцияларына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

2.5. Бақылау-тексеру функцияларын іске асыруға асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері

Мемлекеттік еңбек инспекциясының бақылау қызметі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу тұрғысынан ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мемлекеттік еңбек инспекторларына заңнамада көзделген мынадай өкілеттіктердің берілуіне байланысты:

• тексерулер мен өзге де бақылау іс-шараларын жүргізу;

• заңда белгіленген тәртіппен бақылау объектілеріне кіру;

• құжаттар мен мәліметтерді талап ету;

• түсініктемелер алу;

• орындауға міндетті нұсқамалар беру;

• құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау және қарау;

• мемлекеттік мәжбүрлеудің заңда көзделген шараларын қолдану;

• еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысу;

• заңнамада көзделген жағдайларда материалдарды сотқа және құқық қорғау органдарына жолдау.

Аталған өкілеттіктерді іске асыру заңдылық, объективтілік, ашықтық және шешімдердің негізділігі қағидаттарын сақтауды талап етеді. Ықтимал тәуекелдер бақылау нәтижелерін жеткіліксіз негіздеумен, рәсімдерді сақтамаумен, ұқсас жағдайларды әртүрлі қараумен және шешім қабылдау негіздерін жеткіліксіз құжаттаумен байланысты болуы мүмкін.

Олардың алдын алу үшін тексерулер, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының заң талаптарын сақтауына жүйелі ведомстволық бақылау қажет.

Ұсыным: ведомстволық бақылауды мына шаралар арқылы күшейту:

1. Бақылау іс-шараларын тағайындау және өткізу тәртібінің сақталуын тексеру.

2. Тексерулер мен жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру нәтижелерін құжаттаудың толықтығы мен объективтілігін бақылау.

3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша шешімдердің, оның ішінде жауаптылық субъектісін айқындаудың негізділігін тексеру.

4. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдері мен рәсімдерінің сақталуын бақылау.

5. Қабылданған шешімдерді жою немесе өзгерту жағдайларын талдау және себептерін анықтау.

6. Іс материалдары мен ақпараттық жүйелер арқылы шешімдердің негіздері мен уәждерін кейіннен тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Бұл шаралар бақылау қызметінің ашықтығын арттыруға, заңнаманы біркелкі қолдануға және лауазымдық өкілеттіктерді ықтимал теріс пайдаланудың алдын алуға бағытталған.

2.6. Бюджет және қаржы қаражатын игеру және бөлу

Департамент Министрліктің аумақтық бөлімшесі болып табылады. Қаржылық қызмет пен тиісті функциялар белгіленген өкілеттіктер бөлінісі шегінде Министрлік деңгейінде орталықтандырылған. Осыған байланысты Департаменттің бюджет қаражатын бөлу мен игеру саласындағы дербес өкілеттіктері шектеулі.

Бұл бағыттағы тәуекелдерді бағалау кезінде Департаментке нақты берілген өкілеттіктерді, қаржылық өтінімдер әзірлеуге, шығыстарды растауға және қаржылық қызметке қатысты өзге функцияларды орындауға қатысуын ескеру қажет.

Қорытынды: қаржылық рәсімдердің орталықтандырылуын ескере отырып, бюджет қаражатын бөлуге қатысты Департаменттің дербес сыбайлас жемқорлық тәуекелдері шектеулі деп бағаланады. Тиісті өкілеттіктер болған жағдайда бюджет заңнамасы мен белгіленген рәсімдердің сақталуын бақылауды жалғастыру қажет.

2.7. Жеке және заңды тұлғалармен шарттар жасасу

Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау және жүзеге асыру Министрлік деңгейінде орталықтандырылған. Департамент өз қажеттіліктерін қамтамасыз ету процесіне берілген өкілеттіктер мен уәкілетті бөлімшелермен өзара іс-қимыл тәртібі шегінде қатысады.

Талдау барысында мемлекеттік сатып алу кезіндегі ықтимал мүдделер қақтығысы, оның ішінде Департамент қызметкерлерінің жақын туыстары, жұбайлары немесе жекжаттары болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің сатып алуға қатысуы қаралды. Ұсынылған мәліметтер бойынша мұндай фактілер анықталған жоқ.

Қорытынды: қаралған бөлікте мүдделер қақтығысы фактілері анықталған жоқ. Департамент өкілеттіктері шегінде мемлекеттік сатып алу және мүдделер қақтығысының алдын алу туралы заңнама талаптарын сақтау жалғастырылуға тиіс.

2.8. Процестерді цифрландыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

Әкімшілік процестерді цифрландыру рәсімдердің ашықтығын арттырып, пайдаланушылар әрекеттерінің қадағалануын қамтамасыз етеді және белгіленген жұмыс тәртібіне лауазымды адамдардың негізсіз араласуын азайтады. Сондықтан ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу құралдарының бірі болып табылады.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметінде мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен мамандандырылған ресурстар, оның ішінде Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (ТСОБТ), «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» ақпараттық жүйесі, Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі, «еҚызмет», «Е-Өтініш», «Сот кабинеті», Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі, электрондық құжат айналымы жүйелері және өзге де цифрлық құралдар пайдаланылады.

Бұл жүйелер өтініштерді тіркеу және қарау, тексерулерді жоспарлау және тіркеу, әкімшілік іс жүргізуді рәсімдеу, процестік құжаттарды дайындау және жолдау, сот органдарымен өзара іс-қимыл, еңбек шарттарын есепке алу, кадрлық жұмыс пен ішкі құжат айналымы үшін қолданылады. Оларды пайдалану мемлекеттік орган қызметінің ашықтығын арттырады және әкімшілік рәсімдер мен шешімдердің реттілігін кейіннен тексеруге жағдай жасайды.

Сонымен бірге цифрлық құралдардың болуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін өздігінен жоймайды. Оларды бағалау кезінде қолжетімділік құқықтарын ажырату, пайдаланушылар әрекеттерін тіркеу, мәліметтерді өзгерту мүмкіндігі, материалдарды өңдеу мерзімдерін бақылау және ақпаратты қорғау тетіктері ескерілуге тиіс.

Ұсыным:

Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен жұмыс істеудің белгіленген қағидаларын, оның ішінде пайдаланушылардың қолжетімділік құқықтарын, мәліметтердің сақталуы мен дұрыстығын, әрекеттерді тіркеу мен шешімдерді құжаттауды бақылауды жалғастыру. Кейінгі ішкі талдауларда цифрлық құралдардың болуын ғана емес, қолжетімділікті бақылау мен әкімшілік рәсімдердің қадағалану тетіктерінің нақты тиімділігін де бағалау.

2.9. Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтің өзге мәселелеріне байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері

Ішкі талдау аясында кадрлық қамтамасыз етудің жеткіліктілігі және мемлекеттік еңбек инспекторлары арасындағы қызметтік жүктеменің бөлінуі қаралды. Департаментке жүктелген функциялар елеулі көлемдегі бақылау, процестік, талдамалық және ұйымдастырушылық жұмысты қамтиды.

Қызметтік жүктеме тексерулер мен жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау, нұсқамалардың орындалуын қайталап тексеру және профилактикалық бақылау, жұмыс берушілер қызметін декларациялау мәселелері, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау және қарау қажеттілігіне байланысты.

Бұдан бөлек, еңбек инспекторлары азаматтарды жеке қабылдайды, жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге кеңес береді, мемлекеттік органдардың өтініштері мен сұрауларына жауаптар дайындайды, кеңестер мен жұмыс кездесулеріне қатысады, талдамалық және ақпараттық материалдар әзірлейді, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасайды және ұйымдастырушылық, есептік, құжаттамалық жұмыстың елеулі көлемін орындайды.

Штат санының жеткіліксіздігі міндеттердің көптігі жағдайында ұйымдастырушылық қиындықтар туғызып, қызметкерлер жүктемесін арттырып, жекелеген міндеттерді уақтылы орындауды қиындатуы мүмкін. Шамадан тыс жүктеме, материалдарды қараудың кешігуі немесе ресурстар тапшылығы нақты дәлелденген жағдайда бұл мән-жайлар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ықпал ететін факторлар ретінде қарастырылуы мүмкін. Дегенмен кадрлық жүктеме мен нақты тәуекелдер арасындағы себеп-салдар байланысын анықтау қызмет көрсеткіштерін қосымша бағалауды қажет етеді.

Ұсыным:

Департаменттің кадрлық қамтамасыз етілуінің жеткіліктілігін орындалатын функциялар көлемі мен мемлекеттік еңбек инспекторларының нақты қызметтік жүктемесін ескере отырып бағалау мәселесін қарастыру. Кадр тапшылығы расталған жағдайда бір инспекторға келетін бақылау іс-шараларының, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің, әкімшілік іс жүргізудің және өтініштердің санын көрсете отырып, штат санын ұлғайту жөнінде негізделген ұсыныстар әзірлеу.

Бұл шаралар жүктемені оңтайлы бөлуге, өтініштерді қараудың жеделдігін арттыруға, бақылау іс-шараларының сапасын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға қосымша ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

3. ҚОРЫТЫНДЫ ТҰЖЫРЫМ

Департамент қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижесінде нормативтік құқықтық реттеу және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызмет мәселелері қаралды.

Нормативтік құқықтық актілерді талдау барысында қосымша құқықтық пысықтауды талап ететін мәселелер анықталды:

1) Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде зардап шеккен жұмыскердің кінәсінің дәрежесін айқындаудың біркелкі тәсілдерін қамтамасыз ету;

2) ӘҚБтК-нің 87-бабын әкімшілік жауаптылық субъектісін айқындау, лауазымды адам мен жұмыс беруші – заңды тұлғаның жауаптылығын ажыратудың объективті өлшемшарттарын белгілеу бөлігінде қосымша талдау.

Осы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне құқықтық талдау жүргізу және нормативтік реттеуді жетілдіру қажеттігін қарастыру үшін тиісті ұсыныстар жолдау ұсынылады.

Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызмет бөлігінде мемлекеттік еңбек инспекциясының бақылау функцияларын жүзеге асыруға, шешімдердің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге, ақпараттық жүйелерді пайдалануға және Департаменттің кадрлық қамтамасыз етілуінің жеткіліктілігіне ерекше назар аударылды.

Ұсынылған материалдар мен қолжетімді мәліметтерді зерделеу нәтижесінде талданатын кезеңде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары анықталған жоқ.

Алайда тиісті өтініштер мен анықталған бұзушылықтардың болмауы профилактикалық және бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін жоққа шығармайды.

Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында ұсынылады:

1. Министрлікке осы анықтаманың 1.1 және 1.2-бөлімдерінде баяндалған нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіру туралы ұсыныстар жолдау.

2. Бақылау іс-шаралары, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының қызметіне ведомстволық бақылауды күшейту.

3. Мемлекеттік қызмет, мүдделер қақтығысының алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының сақталуына мониторингті жалғастыру.

4. Департаменттің кадрлық қамтамасыз етілуінің жеткіліктілігін бағалап, негіздер болған жағдайда штат санын оңтайландыру туралы ұсыныстар әзірлеу.

5. Берілген өкілеттіктердің сипаты мен көлеміне қарай сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырауы мүмкін лауазымдарды айқындау.

6. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал ететін анықталған себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын нақты іс-шаралар, жауапты орындаушылар мен мерзімдерді көрсете отырып әзірлеу және бекіту.

Ұсынымдарды іске асыру құқықтық айқындықты арттыруға, заңнаманы біркелкі қолдануға, ведомстволық бақылауды жетілдіруге және Департамент қызметіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған.

Жұмыс тобының мүшелері:А. Батыров

М. Мырзаш

Е. Найзабеков

Т. Асылбеков

Г. Рыскалиева

Жарияланған күні

09 қараша 2026 16:36

Жаңарту күні

09 қараша 2026