Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасында
жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерін қарау тәртiбi мен
жеке мәселелері бойынша қабылдау
Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасына (бұдан әрі – Басқарма) келіп түскен өтініштерді қарау мен жеке қабылдау Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 4 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауын ұйымдастыру туралы» №974 қаулысына, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 18 желтоқсандағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу қағидаларын бекіту туралы» №147 бұйырығына және Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратында олардың орындалуын бақылау тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.
Жеке және заңды тұлғалар Басқармаға ұсыныстармен, өтініштермен, шағымдармен және сұрау салулармен мемлекеттік тілде немесе өтiнiш берiлген тiлде жүгінуге құқылы. Сәйкесінше жауаптар мемлекеттік тілде немесе өтiнiш берiлген тiлде беріледі.
Басқармада жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс, жеке қабылдауды ұйымдастыру әкімшілік бөлімімен қамтамасыз етіледі.
Әкімшілік бөлімнің басшысы – заңгер Төлегенов Айбат Алматұлы (жұмысты талдау, жеке қабылдауды ұйымдастыру, өтініштерді тіркеу, орындалуын бақылау) Орал қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы №215Б, №309 бөлме, жұмыс телефоны: 8 (7112) 24-30-54.
Басқармаға жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау кезінде келесіні ескеру қажет:
1. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде заң жүзіндегі айғақтардың болуы;
2. Жеке тұлғаның өтiнiшiнде оның тегi, аты, әкесiнiң аты, пошталық мекенжайы, күнi, ал заңды тұлғаның өтiнiшiнде – оның атауы, пошталық мекен-жайы, шығыс нөмiрi мен күнi көрсетiледi. Шағым жасалған кезде iс-әрекетiне шағым жасалып отырған субъектiнiң атауы немесе лауазымды тұлғалардың тегi, аты, әкесiнiң аты, өтiнiш жасау себептерi мен талаптары көрсетiледi. Өтініш берушінің, ал заңды тұлғаның өтінішінде басшының қолы болуы тиіс;
3. Өзінен жоғары тұрған органдары жоқ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іс-әрекетіне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштері сот тәртібімен шешіледі;
4. Шешу тәртібі әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық іс-жүргізу, азаматтық іс-жүргізу және басқа да заңнамалармен белгіленген өтініштер, сонымен қатар тегi, аты, әкесiнiң аты, қолы, мекенжайы, жұмысы немесе оқу орны көрсетілмеген және сұрақтың мәні баяндалмаған өтініштер қаралуға жатпайды;
5. Егер тексеру материалдары және жауаптар белгіленген тәртіпте толық берілген болса, жаңа дәлелдер немесе жаңадан туындап жатқан жағдайлар келтірілмей қайта келіп түскен өтініштер тексеруге жатпайды.
Өтініштер жеке немесе ұжымдық болуы мүмкін және жазбаша немесе ауызша нысанда ұсынылады.
Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және заңды тұлғаның өтiнiшi Басқармаға келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк 15 (он бес) күн iшiнде қаралады.
Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн жеке және заңды тұлғаның өтiнiшi Басқармаға келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк 30 (отыз) күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.
Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, қарау мерзiмi күнтiзбелiк 30 (отыз) күннен аспайтын мерзiмге ұзартылады, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған күннен бастап күнтiзбелiк 3 (үш) күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады. Өтiнiштi қарау мерзiмiн Басқарма басшысы ұзартады.
Егер өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк 3 (үш) күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады.
Қазақстан Республикасының заңдарында өтiнiштердi қараудың өзге де мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.
Көтерілген мәселелерді шешу Басқарманың құзыретіне кірмейтін өтініштер 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей өтінішті беруші азаматқа хабарлана отырып, тиісті органдарға жіберіледі.
Көтерілген мәселелер қаралып, олар бойынша шешімдер қабылданған және өтініш берушілерге жауап берілген өтініштер шешілген болып есептеледі.
Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау Басқарма басшысымен бекітілген қабылдау кестесіне сәйкес Басқарма басшысымен жүргізіледі.
Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн қабылдау кестесі:
|
Тегі, аты, әкесінің аты |
Лауазымы |
Қабылдау күні |
Уақыты |
|
Нығметов Талғат Рақымұлы |
Басқарма басшысы |
Сәрсенбі |
15.00-17.00 |
Басқарма басшысының жеке қабылдауына жазылу №309 кабинетте жүргізіледі, анықтама телефондары: 8 (7112) 50-06-70, 24-32-35