Шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттары белгiлеген негiз бен тәртiпте Қазақстан Республикасында еңбек қызметiмен шұғылдана алады. Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын iске асыруды қамтамасыз ету мақсатында заң актiлерiмен шетелдiктердiң Қазақстан Республикасында еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiндегi шектеулер белгiленуi мүмкiн.
Шетелдiктер жекелеген қызмет орындарына тағайындала алмайды немесе еңбек қызметiнiң белгiлi бiр түрiмен, егер бұл қызмет орындарына тағайындау немесе осындай қызмет түрiмен шұғылдану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қатыстылығына байланысты болса, шұғылдана алмайды.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей құқықтарды пайдаланады және сол сияқты мiндеткерлiкте болады.
Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдiктер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бола алады. Бұл ретте заңды тұлға құрмай, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
Қазақстан Республикасында жүрген шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негiздерде демалыс алуға құқылы.
Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ерікті медициналық сақтандыру полисі болған кезде көрсетіледі.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетелдiктер әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады.
Егер зейнетақы төлемдерi мен жәрдемақы тағайындау үшiн белгiлi бiр еңбек стажы талап етiлсе, шетелдiктерге Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте олардың шетелдегi жұмыс стажын есептеуге болады.
Егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтары болады және мiндеттерге жауапты болады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер жеке меншiк құқығында тұрғын үйге (уақытша жүрген шетелдiктердi қоспағанда) және басқа мүлiкке, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларының, ашылған жаңалықтың, өнертабыстың, рационализаторлық ұсыныстың, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторлық құқығына, сондай-ақ Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге де мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарға ие бола алады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей пайдаланады.
Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында белгiленген негiздер мен тәртiпте мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды пайдалануға құқылы.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді алуына, егер олар осындай деңгейдегі әрбір білімді бірінші рет алып тұрса, құқық беріледі.
Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуына құқық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
Білім беру ұйымдарына қабылданған шетелдіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оқушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтарына ие болады және міндеттерін мойнына алады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мәдениет жетiстiктерiн пайдалануға құқылы. Олар тарих және мәдениет ескерткiштерiне, басқа мәдени құндылықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерден басқа қоғамдық бiрлестiктерге, егер бұл олардың жарғыларына (ережелерiне) қайшы келмейтiн болса, кiруге құқылы.
Қазақстан Республикасында жүрген шетелдiктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей ар-ождан бостандығына кепiлдiк берiледi.
Дiни нанымға байланысты дұшпандық пен өшпендiлiктi өршiтуге тыйым салынады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен және басқа адамдармен некеге тұрып және оны бұза алады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей некелiк және отбасылық қатынастардағы құқықтарды пайдаланады және мiндеткерлiкте болады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктерге тұрғын үйiне, жеке басының ары мен намысына тиiспеуге кепiлдiк берiледi.
Шетелдiктер Қазақстан Республикасының шетелдiктердiң болуына рұқсат етiлген аумағында еркiн жүрiп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес тұрғылықты жер таңдай алады. Жүріп-тұрудағы және тұрғылықты жер таңдаудағы шектеулер, бұл мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiгiн сақтау, Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болғанда Қазақстан Республикасының бұған уәкiлеттiк берiлген органдарының актiлерiмен белгiленедi.
Егер Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасындағы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей негiзде салықтар мен алымдар салынады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өздерiнiң мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын қорғау үшiн сотқа және басқа мемлекеттiк органдарға өтiнiш жасауға құқылы.
Шетелдiктер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделгеннен басқа жағдайларда, сотта Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей процессуалдық құқықтарды пайдаланады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер өкiлдi және басқа сайланбалы мемлекеттiк органдарға және қызметке сайлай да, сайлана да алмайды, сондай-ақ республикалық референдумдарға қатыса алмайды.
Әскери мiндеттiлiк Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге қолданылмайды.