Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасуда

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында және шаруа қожалықтарына өз өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей сатуға жағдай жасау үшін ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін Орал қаласының Ықсанов көшесі бойында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасады.
Бұл жәрмеңкелерге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары, саяжай иелері мен көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер қатысады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сауда орындары тегін беріледі. Жәрмеңкедегі бағалар нарық бағасынан 10-15%-ға дейін төмен бағалармен сатылады.
24 тамыз күні өткен жәрмеңкеге Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарының тауар өндірушілері қатысып, 40 тоннадан астам көкөніс-бақша өнімдері, 10 тонна картоп, 0,6 тонна ет, 22 мың дана жұмыртқа және 0,8 тонна сүт өнімдері шығарылды.
Жалпы жыл басынан Орал қаласы мен аудан орталықтарында барлығы 67 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.