ЗЕМЛЯК-ДЕКАБРИСТ ОПРАВДАН

Ақжайық ауданы, Ілбішін ауылының тумасы Гүлзада Қалелова Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танылып, «Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңы негізінде толық ақталды. Осыған орай оның туған жерінде ауқымды шара өтті. Аудан орталығынан басталған еске алу шарасына Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, Алматы қаласынан арнайы келген «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бейсенбай Сейфолда, «Patriot 1986» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Ережолла Орынғалиев, «Aqjayiq» телеарнасының журналисі Мұнайдар Балмолда, «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Ақкүміс Ықласова, сонымен қатар Орал өңіріндегі желтоқсаншылардың басын біріктірген «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестіктің төрайымы Күнзила Мақсұтова мен Гулзада Нәбиқызының інісі Мереке Халелов қатысты.
Шараға жиналғандар алдымен аудан орталығындағы Жұбан ақынның рухына тағзым етіп, оның ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ауданға келген меймандар «Желтоқсанның жебесі» атанған ақиық ақын, сол күндері алаңда азап шеккен қазақтың қаракөздеріне араша түсіп, биліктен тайсалмай айып таққан Жұбан Молдағалиев атындағы орталықты аралап шықты.
Есімі ақталған Гүлзада Нәбиқызының қабірінің басында оның рухына құран бағышталды.
Гүлзада Халелова Лбішін ауылында 1969 жылы дүниеге келіп, 1984 жылы осындағы сегізжылдық мектепті бітірген. Алматыдағы кинотехникумға оқуға түсіп, сонда оқып жүргенде, Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Абақтыға қамалған 17 жасар бойжеткеннің басына қатты соққы тиіп, соның салдарынан 1987 жылдың ақпан айында қайтыс болған. Оның құжаттары осы күнге дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында «аса құпия» белгісімен сақтаулы келген.
Ілбішін ауылында Гүлзаданың тума-туыстары, замандастары қатысуымен «Қыршын кеткен қаһарман» атты еске шарасында Желтоқсан оқиғасынан кейін жала жабылып, еліне темір табытпен сүйегі оралған қыздың тағдыры, ақтап алу үшін атқарылған қам-қарекет кеңінен баяндалды.
Аудан әкімі М.Сердалин сөз сөйлеп, Гүлзада Халелованың ісін алғаш тауып, басылым беттері, телеарналар арқылы жерлесінің кінәсіздігі туралы жар салып, ақталуына сеп болған ардагер-ұстаз, өлкетанушы Алдаберген Сәрсековтің иығына шапан жауып, алғыс хат табыс етті. Сонымен бірге М.Сердалин Алматыдан шараға арнайы келген Б.Сейфолда мен К.Мақсұтоваға Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығы жинақталған кітапты табыс етті.
Бұл шарада жазықсыз құрбан болған Гүлзада Халелова туралы деректерді А.Сәрсеков ортаға салды.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жауапқа тартылған азамат-азаматшалар өздерінің бірлестіктерін құрып, жазықсыз қараланғандардың есімдерін анықтап, ақтау мақсатында жұмыстануда. Әрине, бұл іс үлкен ыждағаттылықты, күш-жігерді талап етеді. Осы қиындықтарға қарамастан, Гүлзада сынды қыршын кеткен қыз-жігіттердің толық ақталуына бағытталған жұмыс жалғаса беретінін Б.Сейфолда, А.Ықласова, К.Мақсұтова, М.Балмолда, марқұммен Алматыда бірге оқыған құрбысы Светлана Нұрманова, желтоқсаншы Бауыржан Шұғыл айтты.
Б.Сейфолда Ақжол ауылдық округінің әкімі Дәурен Нұрқожаға Г.Халелованың ақталғанын растайтын құжат, марқұмның суреттерін табыстады.
Кездесудің соңында Г.Халелова інісі Мереке Нәбиұлы апасы туралы естеліктерін ортаға салып, оның есімінің ақталуына үлес қосқан баршаға ақжарма алғысын ақтарды. Марқұмның құрбы-құрдастары Алматыдан келген меймандарға арнайы сый табыстады.