Өсімдік қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар
Өсімдіктерді қорғау қызметінің негізгі міндеті - мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қолайлы фитосанитариялық ахуалды қалыптастыру және оған бағытталған фитосанитариялых іс-шаралардың (улау жұмыстары) адам денсаулығына зиянды әсерін, қоршаған орта ластануының алдын алу болып табылады.
Жылдағыдай бұл салада көптеген жұмыстар атқарылды. Қызметтің фитосанитариялық ахуалды қалыптастырудағы басты құралы болып саналатын аса қауіпті зиянкестер мен ауруларға қарсы зерттеу жұмыстары мониторингтік жоспармен қамтылып, далалық жұмыстар барлығы 430,91 мың га жерде жүргізілді, оның ішінде аса қауіпті зиянды организмдер (саршұнақ, тышқантектес кеміргіштер, үйірлі шегірткелер: итальяндық прус, азиат шегірткесі) – 376,5 мың га, зиянды организмдер (үйірсіз шегіртке, шалғын көбелегі) – 36,7 мың га және карантиндік объектілер (жұпсыз жібек көбелегі, қызанақ күйесі, қауын шыбыны, карантиндік арамшөптер : жатаған у кекіре, арам сояулары, көпжылдық ойраншөп) – 17,71 мың га.
Бұның сыртында аудан аумағына сырт аймақтан аса қауіпті зиянды организмдердің таралуына жол бермеу, оның алдын алу мақсатында ауданымызбен шектесетін Атырау облысының Индер мен Исатай аудандарымен, Батыс Қазақстан облысының Байтерек ауданымен бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл осындай кездесулер 3 қайтара өткізіліп, бірлескен мониторингпен жалпы 13,0 мың га жер қамтылды.
Жүргізілген мониторингтік зерттеу қорытындысы негізінде биыл ауданда зиянды организм саяқ шегірткеге қарсы 4.0 мың га жерде улау жұмыстары Алмалы, Тайпақ, Қабыршақты, Жаңабұлақ, Алғабас және Чапаев ауылдық округтеріне қатысты мемлекеттік жер қоры мен ауыл шаруашылығы субъектілері жерлерінде жергілікті бюджет есебінен жүргізілді. Аталған жұмыстар «Магтоксин» ЖШС-мен осы жылдың 15-17 шілде аралығында атқарылды.
Жазғы және күзгі мониторингтік зерттеу жұмыстарының қорытындысы негізінде келесі жылы саяқ шегірткеге қарсы мемлекеттік жер қорында 3,1 мың га жерде және ауыл шаруашылығы субъектілерінің 1,3 мың га жерлерінде, жатаған укекіреге қарсы мемлекеттік жер қоры мен орман қорындағы жалпы көлемі 198,6 га жерде жерде улау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Аудандық аумақтық инспекция Қазақстан Республикасының «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес, фитосанитариялық бақылау объектілері болып табылатын ауыл шаруашылық құрылымдар өкілдері үшін қызмет ерекшеліктері, саладағы заңдылықтарға еңгізілген өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар етіп отыру үшін семинарлар өткізіп, жергілікті газетке мақалалар жариялап отырады.
Жаслан Макашев – ҚР АШМ АӨК МИК Ақжайық аудандық аумақтық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы