Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы.
Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ұлттық саясаттың басты бағыттарының бірі.
Тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты, бір бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалған. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделіп отыр.
Әр айдың бекітілген тақырыбы бар. Жобалар және жоба аясындағы шаралар анық көрсетілген.
Қыркүйек айында білім беру бөлімі директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына тәрбие бағдарламасын түсіндіру бойынша 3 семинар өткізді.
Әрі қарай мектеп әкімшіліктері педагогикалық ұжымды таныстыру мақсатында педагогикалық кеңестің бір отырысын арнады.
Бұл бағдарлама интеграцияланған түрде енгізілуі керек екенін тағы ескерілді.
Бағдарламаның ерекшелігі:
- оқу пәндерінің, сынып сағаттарының мазмұны; сабақтан тыс жұмыстар; отбасымен ынтымақтастық; үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асады.
Оқу пәндері аясында:
тақырыптың тәрбиелік маңыздылығын ескеру және оны сабақ барысында жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
бастауыш сыныптарда пәндік апталарды жоспарлау және өткізу кезінде өтпелі тақырыптардың тәрбиелік әлеуетін ескеру;
орта және жоғары сыныптарда пәндік онкүндіктерді жоспарлау және өткізу кезінде қазақ халқының жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарының қалыптасуына назар аудару.
Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыруда кешенді жоспарда көрсетілген жобалар, шаралармен қатар білім беру бөлімі «Мейірім мекені» жобасы, «Болашағың өз қолыңда» шаралар сериясын жүргізіп, «Ата-ананы педагогикалық қолдау орталығы» жұмысын жандандыруда.
«Болашағың өз қолыңда!» шаралар сериясы апта сайын бейсенбі күні жоғары сыныптың ер балаларына арналып өткізіледі.
Бұл шаралар барысында спикерлер (мәслихат депутаттары, волонтерлар, үздік спортсмендер, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері) кәмелетке толмағандарға құқық нормалары, заң алдындағы жауапкершілік және қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді (нашақорлық, буллинг) түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, зиянды әрекеттер аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстануға бағыт-бағдар берді. Сонымен қатар міндетті түрде психолог маманның тренингі, жасөспірімдердің қатысуымен рөлік ойындар, тимбилдинг өткізіліп, шара соңында постерлер қорғалып, кері байланыс орнатылады. 2024 жылдың қараша айында түрлі санаттағы 900 оқушыға бұқаралық шара өткізілсе, апта сайынғы өтетін шаралар сериясында 1200 оқушы қамтылды.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік жасау фактілерін алдын алу бойынша Орал қаласының білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті білім беру ұйымдарының педагогтеріне, педагог-психолог және әлеуметтік педагогтеріне жұмыс барысында қолдану үшін «Мейірім мекені» жобасын жасақтап, ол жоба облыс көлеміне таратылды.
Жобаға сәйкесті мектепте психолог мамандар, сынып жетекшілер әр түрлі санаттағы (қолайсыз отбасылары, толық емес отбасында тұратын, т.б. түрлі санаттағы) оқушыларды ерекше назарға алып, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін фактілердің алдын алу,отбасылық қолайсыздықты ерте анықтау бойынша нақты іс-қимыл алгоритмі жасақталған.
Құндылықтарға негізделген білімді дамыту мақсатында №1, 7, 14, 19, 20, 26, 30, 33, 37, 40, 44, 45, 46, 50 мектептері білім алушылардың ата-аналары, әлеуметтенудің басқа да нысаналарымен тәрбие жұмысының негізгі бағыттары бойынша тығыз байланыста, белсенді жұмыстануда.
Ағымдағы оқу жылында «Таным» жобасы енгізіліп, қаланың атақты тұлғалардың есімдері берілген мектептері оқушыларға ұлы тұлғалардың өмірі мен еңбек жолы үлгісінде тәрбие жұмысын жүргізуде (№2 – Ж.Молдағалиев, №10 – А.Байтұрсынұлы, №36 – М.Ықсанов, №44 – Д.Қонаев, №46 – Б.Момышұлы, №47 – Қ.Мрыза-Әлі).
Волонтерлік қозғалысты жаңа қарқында дамыту жұмысы да белсендірілуде.
Мектептен тыс жұмыс орталығы және қала мектептерінде 720 ерікті оқушы әлеуметтік белсенділік танытып, түрлі жұмыстарға қолдау көрсетуде.
Әскери-патриоттық тәрбие бағытында қаланың №5, 7, 12, 47 мектептерінде «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптары, мектептен тыс жұмыс орталығында «Ақжайық ұландары» әскери-патриоттық клубының жұмысы жүргізілуде.
Сонымен қатар барлық мектептер «Ата-ананы педагогикалық қолдау орталықтары» құрылды.
Орталықтар жұмысының тиімділігін анықтау мақсатында білім беру бөлімі қаңтар айында барлық мектептерде мониторинг жүргізді.
Білім беру ұйымдарында балаларды тәрбиелеу мен дамытуда ата-аналарды педагогикалық қолдау бойынша әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа ала отырып, мектептерде арнайы кабинеттер мен бұрыштар жасақталған.
Сынып жетекші, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, жалпы пән мұғалімдерінің «мектеп–ата-ана» қарым-қатынастарының жаңа түрлерін іске асыру және мектеп пен отбасының толықтай өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша жұмыстың жаңа түрлерін жоспарлау кезінде ата-аналарға арналған сабақтардың ұсынылған бағдарламасына сәйкес оқу жылына арналған сабақ кестесі құрылған.
Әр мектепте түрлі мәселелер бойынша кеңес алуға жүгінген ата-аналардың тізімдері жасақталып, ұсынылған бағдарламаға сәйкес теориялық және практикалық шаралар өтуде.