БҚО-ның “QADAM” командасы республикалық педагогикалық хакатонда тәжірибе алмасты

БҚО-ның “QADAM” командасы республикалық педагогикалық хакатонда тәжірибе алмасты
Астана қаласында алғаш рет мектеп басшыларынан құралған республикалық педагогикалық хакатон өтті. «Таным. Тәрбие. Тағылым» атты биылғы додаға еліміздің 23 өңірінен командалар қатысып, өздерінің инновациялық идеялары мен жобаларын ұсынды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Абай облыстарынан келген 10 команда екінші кезеңге жолдама алды. Сол үздіктердің қатарында Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласынан барған “QADAM” командасы да бар. Команда құрамында Ақсай қаласының №1 ЖОББМ директоры Әсемгуль Дауленова, №5 ЖОББМ директоры Гульмира Сембиева, №7 ЖОББМ директоры Шолпан Доскалиева, №8 ЖОББМ директоры Қуандық Тлебалиев, №5 ЖОББМ директордың оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары Зайра Ерекешова, №1 ЖОББМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анжела Байедилова болды. Қатысушылар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестерінен жаңа әдіс-тәсілдер үйреніп, білім саласын жетілдіруге бағытталған тың ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара барысында қатысушылар білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді анықтап, мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру жолдарын талқылады. Пікірталас алаңдарында әр өңірден келген педагогтар білім сапасын арттыру, мектепішілік басқаруды жетілдіру, заманауи технологияларды қолдану және оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту бағытында тәжірибе алмасты.
Педагогикалық хакатонның басты мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелерін шешу, білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын нығайту және тиімді тәжірибе алмасуға жағдай жасау болып табылады. Биылғы шараның ерекшелігі – оның «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына негізделуі және қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналуында.
Мұндай іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына, жаңа көзқарас қалыптастыруына және қазақстандық білім беру жүйесін заманауи бағытта дамытуға зор серпін береді.