Қасым-Жомарт Тоқаевқа бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы мәлімет берілді.
Динара Зәкиеваның айтуынша, биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы бала құқықтарын қамтамасыз ету шаралары жүйеленді. Жағдайды жіті сараптау негізінде бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Құжат әлеуметтік қолдауды және бала құқықтарын қорғауды күшейтетін 158 шараны қамтиды.
Мемлекет басшысына облыс әкімдіктерінде Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмысы аяқталып, олардың құзыреттері ұлттық заңнамада бекітілгені жөнінде баяндалды. Қазіргі уақытта қажетті ұйымдастыру рәсімдері қолға алынған.
Биыл 9 өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізіліп, балалардың психологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алуға бағытталған іс-шаралар сапасы зерделенді.
Президентке Психологиялық қолдау орталықтарын құру және психологиялық саламаттылықты айқындаудың бірыңғай бағдарламасын енгізу жөнінде ақпарат берілді. Бұл жергілікті деңгейде ерекше назар аударуды және қолдауды қажет ететін балаларға жүйелі көмек көрсетуге септігін тигізді.
Сондай-ақ Динара Зәкиева 111 мемлекеттік байланыс орталығына түсетін өтініштер бойынша жүргізілген жұмысқа тоқталды. Мектептерде QR-111 жүйесінің енгізілуі балалармен тікелей байланыс орнату және олардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтау барысында тиімді болғанын көрсетіп отыр. Аталған құрал іске қосылғаннан бері, яғни, 2024 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусым айына дейін балалардан 167 мың хабарлама мен 4 523 қоңырау келіп түскен.
Балаларға арналған инфрақұрылымды, соның ішінде ауылдық жерлердегі нысандарды дамыту мен жақсарту, сондай-ақ ата-аналарды қолдау және балалар қауіпсіздігі үшін олардың жауапкершілігін күшейту мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Президент «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру мақсатында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін жұмылдыру маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі
2026 жылғы 27 қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды.
Мемлекет басшысының бастамасы аясында Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Кариннің басшылығымен Үкіметпен, ҚР Бала құқықтары жөніндегі әукілмен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен, мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің тікелей қатысуымен бірге жұмыс жүргізілді.
Қазақстан балалары – бұл ұлттық стратегия, ол балалардың құқықтарын қамтамасыз ету шараларын біріктіріп, баланың жолын цифрлық түрде сүйемелдеу, ата-аналарды қолдау және олардың жауапкершілігін арттыру, стандарттарды енгізу, балалар құқықтарын қорғау саласындағы мамандарды қолдау және балалар инфрақұрылымын дамыту арқылы алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағытты айқындайды.
«Қазақстан балалары» бағдарламасында:
біріншіден, қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салаларында балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы тетіктер заңнамалық және институционалдық деңгейлерде біріктіріліп, жүйелендірілді.
екіншіден, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласындағы талдау негізінде іске асыруды талап ететін 71 өзекті міндет айқындалды, сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған 1,3 трлн теңге көлеміндегі қаржыландыруды көздейтін, оның ішінде 6 заң жобасын және 24 бұйрықты әзірлеуді қамтитын 158 нақты қадамнан тұратын тиісті іс-қимыл жоспары дайындалды.
Жоспарға «AMANAT» партиясы жанындағы Кеңестің алаңында көктемде барлық өңірлердің қатысуымен өткен талқылау қорытындысы бойынша түскен ұсыныстар, өңірлік балалар құқығы бойынша уәкілдердің, 150-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары енгізілді.
Нәтижесінде ұсыныстардың 90 пайызы мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тауып, жоспарға бүгінгі күні қоғамды алаңдататын және өзекті болып отырған барлық негізгі міндеттерді шешуге бағытталған тәсілдер енгізілді.
Мысалы, жоспарға енгізілген 158 шараның 82-сі балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, балаларға қатысты және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар, суицид, ерте жүктілік, балаларды цифрлық ортадағы теріс әсерлерден қорғау, сондай-ақ мигрант балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын 39 өзекті бағыт бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Мынаны атап өту керек, соңғы екі жылда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, зорлық-зомбылықты ерте кезеңде анықтау, оның алдын алу, отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, қорғаншылық органдарының штаттық санының нормативін бекіту, сондай-ақ өңірлерде құрылатын балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының функциялары мен мәртебесін айқындайтын барлық қажетті механизмдерді қамтитын 10 заң қабылданды. Сонымен бірге, қабылданған механизмдерді сапалы іске асыруға арналған міндеттер бар, оларды келесі шараларды жүзеге асыру арқылы орындауға болады:
Балаларды дағдарыс жағдайында және қылмыстық іс барысында қолдау көрсетуге арналған кейс-менеджмент стандарттарын және жаңа құрылатын Бала құқықтарын қорғау басқармалары мен мамандардың қызметтерін енгізу және оқыту.
Педагог-психологтар мен қорғаншылық органдары қызметкерлерінің қосымша төлемдерін арттыру.
Балалардың кестесіне психолог сағатын енгізу.
Суицидтік ойлар мен зорлық-зомбылықты анықтауға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру.
Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен даярлық сынып мұғалімдеріне жыл сайын психологиялық диагностика жүргізу тәртібін бекіту және тағы басқа шаралар. Бұл шаралар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметтің сапасын қамтамасыз ету, мамандар мен психологтарды салаға тарту мәселелерін шешуге бағытталған.
Жоспарда балаларға қауіпсіз және жайлы инфрақұрылымды қамтамасыз ету, жол-көлік апаттарының алдын алу, терезеден құлау және суға бату оқиғаларын алдын-алу бойынша халықаралық тәжірибеге сәйкес шараларды әзірлеу көзделген. Мысалы, терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнату міндетін меншік иелеріне жүктеу мәселесін қарастыру қарастырылып отыр, себебі қазіргі уақытта бұл міндет тек құрылыс салушыларға ғана қойылған және ол тек жаңа үйлерді қамтиды. Өткен жылы терезеден құлау оқиғаларының 239 жағдайы тіркелген, олардың ішінде 45 бала қаза тапқан.
Арнайы назар ата-аналарды қолдау шараларына және олардың жауапкершілігін арттыруға аударылады:
egov.kz порталы негізінде «Балаларды сүйемелдеу маршруты» модулін енгізу арқылы ата-аналарды цифрлық түрде қолдау және балаларға берілетін қызметтер туралы ақпараттандыру және eGov қосымшасының «Балалар» бөлімінде көрсете отырып, туғанынан 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін қалыптастыру.
Ата-аналық жауапкершілік бойынша интерактивтік курс құру және ата-аналар үшін ата-аналық жауапкершілік курсын міндетті түрде өту механизмдерін енгізу.
ата-аналарға қысқартылған жұмыс күні құқығын беру үшін балалардың жасын 1,5 жастан 3 жасқа дейін ұлғайтқан жұмыс берушілерді ынталандыру, жұмыскерлерге мектеп жиналыстары мен шараларға қатысу үшін айына үш сағаттық ақылы демалыс беру құқығы мәселесін қарастыру.
76 шара денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, отбасын қолдау және білім беру салаларына арналған:
Бүгінгі таңда Қазақстанда отбасы институтын нығайтуға және балаларды қолдауға бағытталған 49 әлеуметтік қолдау шарасы және 15 әлеуметтік төлем мен жәрдемақы қарастырылған. Соңғы 5 жылда 1000-нан астам мектеп салынды. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту, ерекше қажеттіліктері бар және қиын өмірлік жағдайда өмір сүретін балаларға қолдау көрсету мәселелері өзекті.
Осыған байланысты Жоспарда мынадай шаралар қарастырылған:
9 жаңа перинаталды орталықты іске қосу.
Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласында 19 оңалту орталығын ашу, сондай-ақ 10 балалар ауруханасын салу, балалар ауруханалары мен перинаталды ұйымдарды медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау.
жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымның жартысынан көбі жөндеуді және жабдықтауды қажет етеді. Осыған байланысты жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 48 ұйымды жөндеу жоспарын әзірлеу қарастырылған. Сонымен қатар, аталған ұйымдардың тәрбиеленушілерін киім-кешек пен аяқ киіммен қамтамасыз ету нормаларын жетілдіру көзделген.
Балаларды қосымша білім беру және спортпен қамту мақсатында ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту: мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар базасында балаларға арналған тегін үйірмелер мен секцияларды ашу (4041), сондай-ақ балаларға арналған спорт инфрақұрылымы жоқ ауылдарда шағын спорт кешендерін салу.
Балалардың жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру мақсатында, әлеуметтік-экономикалық осалдықты ескере отырып, аз қамтылған отбасыларға және мүгедектігі бар балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдерін қайта қарау мәселесін қарастыру жоспарлануда.
Елімізде ерекше қажеттілігі бар 120 мың бала бар. Осыған байланысты келесі шаралар көзделген:
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған шаралар пакетін қайта қарау, соның ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды қысқартылған жұмыс күніне немесе икемді кестемен жұмысқа тартқан жұмыс берушілерге арналған ынталандыру шараларын қарастыру.
Балаларға протездік-ортопедиялық көмек көрсету саласында инновациялық технологияларды енгізу.
Мүгедектігі бар балаларды оңалтуға арналған техникалық құрал-жабдықтардың тізбесін кеңейту мәселесін қарастыру.
Елімізде 21 мыңнан астам бала орфандық ауруларға шалдыққан. Осыған байланысты келесі шаралар көзделген:
Орфандық аурулары бар науқастарға және эпилепсиямен ауыратын балаларға медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту.
ҚР-да балаларға паллиативтік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту.
Генетикалық ауруларды, соның ішінде спинальдық бұлшық ет атрофиясын және Дюшен миодистрофиясын анықтау мақсатында пренатальдық скринингті кезең-кезеңімен кеңейту.
Заңнамалық түзетулер аясында өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау жүйесін қалыптастыру үшін облыстық және аудандық деңгейдегі балалар құқықтарын қорғау басқармаларының функциялары, балалар құқықтарын қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесі туралы маңызды нормалар көзделген.
Осы түзетулерді енгізу - балалардың құқықтарын қорғау жүйесін дамытудағы маңызды қадам, ол өңірлерде әлеуметтік педагогтан бастап кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияларға дейін балаларды қорғаумен айналысатын барлық қызметтерді басқару, үйлестіру және біріктірудің жаңа моделін құруға негіз болады. Заңнамалық нормалар бойынша жұмыстарды біз мемлекеттік кеңесші Е.Т. Кариннің, Президент Әкімшілігінің қолдауымен, Парламент Мәжілісінің депутаты С.В. Имашевамен, ІІМ, Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп атқардық.
Қабылданған заңнамалық нормаларға сәйкес басқармалар мен бөлімдерге бала құқықтарын қамтамасыз ету ісін үйлестіру, олардың құқықтарын бұзудың алдын алу және ондай жағдайларды ерте анықтау, балалардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру жүктелген.
Әсіресе мыналарды атап өткен маңызды:
✅алғаш рет қолайсыз жағдайларда өмір сүретін және полиция органдарының есебінде тұрған отбасылардан шыққан, өздеріне қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылық фактілері анықталған балаларға, сондай-ақ педагогикалық қолдау аясында жоғары назар аударуды қажет ететін, психологтар мен әлеуметтік педагогтердің бақылауында тұрған балаларға жеке әрі кешенді қолдау көрсету жүйесін енгізу, сол сияқты тиісті қызметкерлердің оларға баруының ең аз көлемін белгілеу көзделеді. Бұл тәсіл көмекке мұқтаж бірде-бір баланың назардан тыс қалмауына бағытталған. Нақ осындай жүйелі бақылау мен отбасылармен жұмыстың болмауы қайғылы жағдайларға алып келіп отырған.
✅жеке жоспарды әзірлеп, баланы қылмыстық процесс шеңберінде қолдап отыру қарастырылған.
✅әрбір профилактика субъектісінің, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау ұйымдарының, ішкі істер органдарының функциялары реттелді, бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің барлық қатысушыларының әрекеттерін нақты және дәйекті етуге ықпалын тигізеді.
✅қызметкерлерге балалардың құқықтарының бұзылуы бойынша мониторинг жүргізу және олардың алдын алу үшін кәмелетке толмағандар орналасқан білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт жүйесінің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына кедергісіз баруы қамтамасыз етіледі.
Алғаш рет балалрдың құқықтарын қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесі бекітілді, сондай-ақ оларға арналған нысанды киім көзделген. Мұндай қызметкерлепдің жұмыс жүктемесі ауыр, олар отбасыларды аралайды және қызметкерлерге шабуыл жасалатын қаіпті жағдайлар жиі кездесіп жатады. Сондықтан өздерін осындай күрделі, бірақ мағыналы да қажет жұмысқа арнаған адамдарға қолдау көрсеткен өте маңызды.
Бұл инновациялар басты мақсат, әр бала назардан тыс қалмайтын, әр баланың құқықтарына құрметпен қаралып, олар қорғалатын қоғам құру мақсатын іске асыруға бағытталған.
Жалпы, профилактика туралы заң негізгі қағидаты құқық бұзушылық белгілерін ерте анықтау және уақтылы көмек көрсету болып табылатын, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша барлық қолданыстағы шараларды біріктіреді.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 2024 жылғы MICS нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу барысында физикалық жазалау мен психологиялық қысым сияқты зорлық сипатындағы дисциплиналау түрлерін қолдану деңгейі 53 %-дан 38 %-ға дейін төмендеген.
Бұл көрсеткіш – Бухарест қаласында өткен БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, ЮНИСЕФ және Румыния Үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі халықаралық конференция аясында Еуропа және Орталық Азия бойынша ЮНИСЕФ-тің Балаларды қорғау жөніндегі өңірлік кеңесшісі Аарон Гринбергтің баяндамасында атап өтілген Орталық Азия мен Еуропа елдері бойынша жарияланған деректер арасындағы ең төмен деңгейлердің бірі.
2025 жылғы 13 қазанда Еуроодақтың 32 елі мен Орталық Азия елдерінің үкіметтері Румынияда бас қосып, 2024 жылғы қарашада Колумбияның Богота қаласында өткен алғашқы Әлемдік конференцияның балаларға қарсы зорлық-зомбылықты түбегейлі жою жолындағы тәжірибелері мен қол жеткізген нәтижелерін ортаға салды.
Осыған байланысты ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Румынияда өткен конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларына сәйкес Қазақстанда қабылданған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар мен заңнамалық шараларды Еуропа және Орталық Азия елдеріне таныстырды.
Айта кету керек, бұған дейін көктемде ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Реджина де Доминичис өзінің Қазақстанға ресми сапары барысында Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Қаринмен кездесу кезінде елімізде балалардың құқықтарын қорғау және оларды зорлық-зомбылықтан сақтау бағытында қабылданған шараларды жоғары бағалады. Ол Қазақстан тәжірибесін Еуропада өтетін конференцияда ұсынудың маңыздылығын, әсіресе тәулігіне мыңға жуық бала көмек пен қолдау сұрап хабарласатын QR 111 бірыңғай байланыс желісі, сондай-ақ буллинг, зорлық және суицидтің алдын алуға бағытталған институционалдық және заңнамалық шараларды біріктіретін SAFE платформасы сияқты бастамалардың тиімділігін таныстырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
*MICS – ЮНИСЕФ бес жыл сайын өткізетін Мультииндикаторлық кластерлік зерттеу.
20 қараша күні Дүниежүзілік балалар күні аясында еліміздің барлық өңірлерінен келген өкілдерді біріктіретін Республикалық балалар омбудсмендері кеңесімен кездесу өтті. Балалар «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеуге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқушыларға құндылықтарды дарыту маңызы, сондай-ақ буллингтің алдын алу жөніндегі балалар бастамалары талқыланды. Әрбір балалар омбудсмені – өз қатарластарына мейірімділік танытып, қолдау көрсете алатын көшбасшы.
Кездесу қорытындысы бойынша мұндай отырыстарды тоқсан сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Мұндай өзара әрекеттестік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар бойынша ашық әрі шынайы кері байланыс алуға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында балалар өздері көріп жүрген және шын мәнінде алаңдайтын мәселелер туралы ашық айту маңызды екенін атап өтті. Бұл ортақ міндеттерді айқындап, мәселелерді бірге шешуге мүмкіндік береді.
2025 жылғы қазанда Жамбыл облысында мемлекеттік органдармен бірлесіп, Президенттің тапсырмасына сәйкес қабылданған заңдардың іске асырылу сапасын және балалар құқықтарының бұзылуының, зорлық-зомбылықтың, буллингтің, суицидтің және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың профилактикасы жүйесін зерделеу бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Жұмыс қорытындысы бойынша анықталған проблемалар мен оларды шешу жолдары облыс әкімімен, барлық басқармалар басшылығымен және аудан әкімдіктерімен талқыланды. Облыс әкімі заңды іске асырудың әрбір тармағы және анықталған проблемалар бойынша шаралар қабылдау оның жеке бақылауында болатынын атап өтті.
Балаларға қатысты қылмыстар үшін жазасыздықпен, әсіресе мектептерде балалар арасында болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарау және елемеу саласындағы жағдай өткір болып қала береді.
ІІМ-мен бірлесіп, аудан орталықтарында да, ауылдық жерлерде де орналасқан мектептерде балалар арасында кездесулер мен анонимді сауалнамалар өткізілді, сондай-ақ буллингті, зорлық-зомбылықты, суицидтік тәуекелдерді диагностикалаудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде психологтар жүргізген сауалнамаларға берген жауаптар зерделенді. Алайда, психологтардың сауалнамасында жәбірлеу, бопсалау және басқа да заңсыз әрекеттер туралы сұрақтарға оң жауаптар болғанына қарамастан, мектеп басшылығы қорытынды анықтамада деректерді бұрмалап, 0% деп көрсетеді.
Айталық, мынадай мысал.
Шу ауданының мектептерінде тоғызыншы сынып оқушылары ұрып-соғу арқылы бопсалау, электр шокер, кастет қолдану – бұл барлық жерде кездесетін құбылыс және әр сыныпта болады деп жазады. Қыздар жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болудан қорқып жүргендерін жазады.
Қордай ауданының мектептерінде 5, 7, 9-сынып оқушылары мектеп ортасындағы «жүйе» және «дедовщина» туралы, жоғарғы сынып оқушылары оларға азық-түлік, шырын сатып алуға мәжбүрлейтіні туралы, оларды жасы үлкен балалар ұрып-соғатыны, тас лақтыратыны, қыздар бір-бірінің шаштарын жұлып алатыны туралы жазады. Осы аудандағы кейбір мектептердегі балалар мұғалімдер оларға қол көтеретіні, заттарды лақтырып қалатыны, буллингке ұшырайтыны туралы жазды.
Таразда, қыркүйек айында дәретханада бала қайтыс болған мектептердің бірінде, өткен жылы психологтар диагностика жүргізу барысында балалар бопсалау және буллинг туралы хабарлағанына қарамастан, жұмыс жүргізілмеген, ден қою шаралары қабылданбаған. Бопсалауға, ұрып-соғуға, соның ішінде 11-сынып оқушыларының 9-сынып оқушыларын ұрып-соғуына, мұғалімдер тарапынан буллингке, оқушылардың нашар эмоционалды жай-күйіне қатысты осындай жағдай қаланың басқа мектептерінде де байқалады, оларда да ахуалды зерделеу жүргізілді.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 9 айында облыста аяқталған суицидтің 14 фактісінің ішінде 7 оқиғада балаларды құтқаруға болатынын атап өту маңызды, өйткені балаларда бұрын суицидтік тәуекелдер анықталған, сондай-ақ балалар тәуекел аймағында болған, бірақ оларды ешкім естімеген, оларға көмек көрсетілмеген. Бұл ретте аяқталмаған суицидтің соңғы оқиғасының бірі жоғары сынып оқушылары тарапынан балаға күш қолданумен байланысты болған.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, жасөспірімдер арасында 200-ден астам буллинг пен бопсалау оқиғасын Байзақ және Жамбыл аудандарының мектептерінде арнаулы ведомствоаралық мобильдік топ анықтаған. Бұл облыстағы он ауданының екеуі бойынша ғана сандар.
Қорытынды – баллар облыста өздерін қорғалған екенін сезінбейді.
Айталық, мысалы, 8 жасар қыздың денесінде көгерген және ұрып-соғудың іздері бар фотосуреттер болғанына қарамастан (өгей әкесінің белдікті пайдаланып жарақат салуы нәтижесінде алынған материалдарға сәйкес), іс жабылып, балаға қауіпті ортада қалған. Баланы қорқытып тастаған, кездесу барысында қыз әңгімелесу кезінде оған ештеңе айтуға болмайтынын атап өтті.
Бұл ретте өгей әкесі баланы жағасынан ұстап алып, оны сілкіп жіберді және жалпы полицияның төрт қызметкерінің, оның ішінде ЖПҚ бастығының орынбасарының көзінше агрессия көрсетті. Агрессордың балаға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағанына және заңды бұзғанына назар аударған кезде полиция қызметкерлері тек өтініш жазуды ұсынды.
Екінші жағдайда, қазан айының басында 4-сынып оқушысы баланы өгей әкесі мазақ ететіні туралы өтініш жасағаннан кейін полиция баланы агрессормен бірге сол үйде қалдырып, қорғаныс туралы бұйрық шығарды. Өңірлік уәкіл комиссия өткізуді талап еткеннен кейін ғана анасы мен балалары дағдарыс орталығына орналастырылды, бірақ іс сонда да тоқтатылған.
Балаларға қатысты қылмыстармен облыста не болып жатқанның көрінісі ретінде – 7 жасынан бастап нағашысы мен ағасы зорлап келген қыздың жай-күйі. Ол жылай отыра, тергеушімен «сөйлескеннен» кейін әділеттілікке сенбейтінін айтты, алайда тергеу әлі жүріп жатыр.
Нәтижесінде облыс прокуратурасына және ІІМ-ге жүгінгеннен кейін ғана жоғарыда аталған екі факт бойынша істер қайта жанданды.
Жалпы, облыс бойынша істердің тек 29%-ы сотқа жететінін ескерсек, себептер көбінесе тергеудің толықтығын қамтамасыз етпеумен және қызметкерлердің немқұрайлылығымен байланысты екеніне сенімдімін.
Облыстағы КТІИ жұмысындағы проблемаларға ерекше назар аударған жөн. 154 КТІИ қызметкеріне бар болғаны 15 көлік бар, кейбір ауылдар арасындағы қашықтық 80 км-ге дейін, оларға инспекторлар өз қаражаты есебінен таксимен барады.
Мемлекет басшысы өңірлердегі жұмыс нәтижелеріне ерекше назар аударады, дәлірек айтсақ, соңғы екі жылда профилактика үшін қабылданған қажетті барлық заңдар, шешімдер мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалмай, балалар үшін жұмыс істеп, оларды қорғауы керек.
Әр өңірде анықталған барлық жүйелі және жеке дара проблемалар бойынша жұмыс Президент Әкімшілігімен, орталық уәкілетті органдармен және әкімдіктермен жүргізіледі.
2025 жылғы 23 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевқа бала құқықтарын қорғау және жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берілді.
Соңғы екі жылда балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың, суицидтің және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар шара қабылданып, бағдарламалар мен заңдар әзірленді. Аталған жұмыс аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен заңнамаға 120 түзету енгізілді.
Динара Зәкиева биыл 13 өңірдегі және 73 елді мекендегі ахуалға мониторинг жүргізілгенін, соның ішінде 272 мекемедегі балаларға жасырын сауалдама жасалғанын, 173 отбасыда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің жағдайымен танысқанын айтты. Тексеріс қорытындысы бойынша бала құқықтарын қорғауға қатысты қабылданған заң нормаларын бұзған 171 дерек анықталған.
Бұдан бөлек, аймақтардағы 112 отбасылық қолдау орталығының тиімді жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен балалар құқығын қорғау мақсатында ашылған болатын.
Облыс әкімдіктері жанынан бала құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма құру жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ балаларды қорғауға жауапты өңірлік органдардың міндеттері мен мәртебесін айқындайтын заң жобасы дайындалып жатыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы қабылданған заңдарды іске асыру жөнінде міндет жүктеген еді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Президент тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту мен оңалту орталықтарын құру жұмыстарын жандандыруға тоқталды. Қазіргі кезде «Қазақстан халқына» қоры серіктестерімен бірге 49 оңалту орталығын ашты. Бұл мекемелерде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар кездесуде «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеу, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кәмелетке толмаған азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселелері талқыланды.
Президент бала құқықтарын қорғауға кепілдік беру жүйесін нығайтып, жеткіншектерді жан-жақты қолдау тетігін қалыптастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік уәкілдердің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, мектептердегі инклюзивті білім беру ісін дамытуды көздейтін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі
2025 жылғы сәуірде Алматы облысындағы жұмыс аясында ауылдық жерлерді қоса алғанда 2 қала мен 9 аудан қамтылды. Президенттің тапсырмасы бойынша жергілікті жерлерде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы және қорғаншылық органдарының нормативтері туралы заңдардың қалай орындалатыны зерттелді, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау жүйесінің жұмысы тексерілді.
Жергілікті жерлерде жұмыс жүргізіледі және анықталған проблемаларға талдау жасалды, құрамында Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, ІІМ, МАМ, Еңбекмині және ДСМ кіретін жұмыс тобы қорытынды кеңесте облыста атқарылған жұмыс туралы нәтижелер мен қорытындылар ұсынды.
Осылайша, келесі мәселелер анықталды:
Профилактикада шешуші рөл атқаратын облыстың Отбасын қолдау орталықтары (ОҚО) көмек көрсету және қолдап отыру үшін өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар туралы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары туралы қажетті ақпаратты учаскелік полициядан ала алмайды, дегенмен олар заң бойынша беруге міндетті. Сонымен, мыңдаған отбасылардың орнына бірнеше ондаған отбасы ғана көмек алады. 9 ауданның тек 3-еуінде өзара әрекеттесу бар.
Облыстағы 10 ОҚО-ның 8-інде дағдарыс төсек-орындары жоқ, онда балалары бар әйелдер (бір айға дейін) баспана тауып, барлық қажетті көмекті ала алатын еді. Заңға сәйкес, ОҚО-да дағдарыс төсек-орындары болуы керек.
Облыста агрессормен психокоррекциялық жұмыс жөніндегі заң нормасы қолданылмайды.
2025 жылғы 3 айда Алматы облысы бойынша 249 іс бойынша ерекше талаптар белгіленді, 1284 қорғау ұйғарымы жазылды, бұл ретте соттар психокоррекциялық курстан өтуді бірде-бір рет тағайындамаған, бұл рецидивтер профилактикасының маңызды бөлігі болып табылады.
Облыста алкогольге тыйым салу туралы соттың 211 нұсқамасының тек 32-сі емделуге жіберілді, наркологиялық бөлімшедегі 50 төсек-орын нақты қажеттілікке сәйкес келмейді.
Қыста қабылданған қорғаншылық органдарының нормативі туралы Заңға сәйкес облыста 111 қызметкер болуы тиіс, ал қазіргі уақытта 556 мың балаға бар-жоғы 30 адам.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, оның ішінде балаларға қатысты қылмыстық істер шеңберінде жазаның бұлтартпастығы қамтамасыз етілмейді.
Қорытынды – қабылданған заң нормалары не орындамайды не оларды аудан деңгейінде әлеуметтік қорғау, білім беру және учаскелік полиция органдары елемейді.
Алматы облысының әрбір ауданында анықталған жүйелік проблемалар мынадай мысалдарда айқын көрсетілген:
Мәселен, Қарасай ауданындағы ауылдардың бірінде есепте тұрған отбасына бардық. Барған кезде, кешке қарай балалар көшеде жүрді, ал аналары баспана іздеп кеткенін айтты. КТІИ мен көршілер атап өткендей, мұндай оқиға қыста да болған. Балалар әкесінің күн сайын анасын және олардың басынан ұратынын айтты. Сондықтан олар кез-келген уақытта қашуға дайын болатындай рюкзактарымен және заттарымен көшеде үйдің жанында жүруге мәжбүр.
Белгілі болғандай, агрессор бұрын жауапқа тартылған, ал біз барған кезде қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін іс қозғалған. Сот бірнеше күннен кейін өтуі керек еді, бірақ әйел мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, агрессия олардың айтуынша жалғасып келеді (бұл тіркелген).
Бұл ретте мектеп те, учаскелік полиция қызметкері де бәрін біле тұра, қорғау үшін нақты шаралар қабылдамаған. Балаларға қатыгездік көрсеткені үшін қылмыстық іс қозғалған жоқ, отбасы КТІК отырысына шығарылмаған. Күн сайын сол жерде қалғандықтан оларға қауіп төніп отыр! Мектеп директорының «біз балаларға психологиялық көмек көрсеттік» деген сөздері қатты ашу тудырады. Мұндай жағдайда психологиялық көмек көрсету ғана емес, құтқару қажет болды. Сонымен қатар, директор анасына олардың көмегін жоққа шығарғаны үшін наразылығын білдірді.
Бұл ретте ауданның 128 мың баласына есептелген бар-жоғы 2 қамқоршылық маман да (норматив бойынша қажетті саны – 26 бола тұра) балаларды құтқарумен айналыспаған. Қамқоршылық қызметкерлерінің санына қатысты бұл жағдай облыстың барлық аудандарында байқалады: қыста қабылданған қорғаншылық органдарының нормативі туралы Заңға сәйкес, олардың саны 111 болуы керек, ал қазіргі уақытта олардың саны 30 адам.
Учаскелік полиция бұл отбасы туралы ақпаратты көмек көрсету және қолдап отыру үшін Отбасын қолдау орталығына (ОҚО) бермеген, заң бойынша олар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық фактілері және өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар туралы хабарлауға міндетті.
Мәселен, Қарасай ауданындағы ОҚО-ның қолдауында барлығы 4 отбасы бар, бұл ретте үш ай ішінде ауданда жедел жәрдем арқылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 69 әйел ауруханаға түскен; 25 отбасы қолайсыздық бойынша есепте тұр; 15 отбасы әлеуметтік тәуекелі жоғары топта; ал 17 мың отбасы – ресми ақпаратқа сәйкес шұғыл күрделі жағдайдағылар.
Бұл ретте, ОҚО қызметкерлері көмекке мұқтаж адамдармен жұмыс істеу үшін ақпарат қажет екенін атап өтеді, бірақ учаскелік полиция оны бермейді.
Мұндай ахуал облыстың көптеген ауданында байқалады. ОҚО-лардың өзінде дағдарыс төсек-орындары жоқ, бірақ олар заң бойынша болуы керек. Сондықтан бізге ананы балаларымен бірге түнеп шығуға аудандық ауруханаға (күзеті бар мемлекеттік мекеме) орналастыруға тура келді.
Қонаев қаласына отбасын апару қисынсыз болды – түнгі уақыт, қашықтық, үлкен бала мектепке бара алмай қаламын деп алаңдады. Бұған қоса, дағдарыс орталығында орын болмады.
Дәл осы мәселені шешу үшін заңнамаға ОҚО мен дағдарыс төсек-орындары туралы нормативтер бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Облыстағы 10 ОҚО-ның 8-інде дағдарыс төсек-орындары жоқ.
Айта кету керек, бұрын КТІИ отбасына көмектесуге тырысқан жалғыз орган болды, балалары бар анаға дағдарыс орталығында тұруды ұсынған, бірақ ол базарда сататын тауарларынан айырылып қалып, қарызға батып қалудан қорқып, бас тартты. Сондықтан ОҚО-ның онымен жұмыс істеуі, қолдау көрсетуі және көмектесуі маңызды болды. Оның орнына әйел мен балалар қорқынышпен өмір сүруді жалғастырды.
Сонымен қатар, агрессорды шығарып жіберуге ешкім материал бермеген, дегенмен бұған деген қажеттілік айқын болды. Заң бойынша, агрессорды оның баспанасы бар-жоғы ескерілмей шығарып жіберуге болады – біз бұл норманы қорғаныс нақты болуы үшін қолдаған едік. Бірақ учаскелік полиция қызметкері ол туралы тіпті білмеді.
Агрессор мәжбүрлеп емдеуге де жіберілмеген. Әйелдің айтуынша, «оның сергек жүрген күні болмаған». Бұл ретте шығарып жіберу туралы норманы қолданғаннан кейін материалдарды (сот шешімімен тағайындалатын) мәжбүрлеп емдеуге жіберуге болады, осылайша әйел мен балаларды зорлық-зомбылық пен қаңғыбастықтан қорғауға болады.
Облыс бойынша соттың алкогольге тыйым салу туралы 211 ұйғарымының 32-сі ғана емделуге жіберілді – наркологиялық бөлімшедегі 50 төсек-орын нақты қажеттілікке сәйкес келмейді.
Агрессормен психокоррекциялық жұмыс туралы Заңның нормасы да қолданылмады (емханада, тегін).
Жалпы, еліміз бойынша ағымдағы жылдың басынан бері соттар құқық бұзушының мінез-құлқына 7 мыңға жуық ерекше талап қойды, алайда бар болғаны 9 жағдайда міндетті психологиялық көмек тағайындалған. Бұл мәселе бойынша бұрын рецидивтің профилактикасы үшін агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізуді тағайындау туралы норманы соттардың қолдану тәжірибесі бөлігінде Жоғарғы Сотқа және Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінген болатынбыз.
Нәтижесінде агрессор УҰИ-ға қамалды, келесі күні бұрын ашылған әкімшілік іс бойынша сот өтті. Ол 20 күнге қамаққа алынды, осы уақыт ішінде мәжбүрлеп емдеуге материал беріледі (заңға сәйкес емдеу мерзімі – екі жылға дейін). Әйел балаларымен үйіне оралды. ОҚО оларды қолдап отыру үшін қарамағына алды.
Бұдан басқа, полиция департаментіне балаларға қатысты қатыгездікпен қарау, зорлық-зомбылық бойынша қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жолданды.
Екінші мысал: отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, оның ішінде балаларға қатысты қылмыстық істер шеңберінде жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге қатысты.
Еңбекшіқазақ ауданында ағымдағы жылдың үш айында жедел жәрдем арқылы ауруханаға түскен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің тізімі талданды.
Барлығы АЕК-те, СТБТ-да 61 іс тіркелген, алайда олардың 36-сы бас жарақаты, мидың шайқалуы, мұрынның жабық сынуы, ішкі ағзалардың жарақаттануы сияқты ауыр зардаптарға қарамастан, не тоқтатылған не номенклатуралық іске есептен шығарылды.
Бұл ретте, мұның басты себебі жәбірленушілерден өтініштің болмауы болды.
Алайда, қабылданған Заңға және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына сәйкес, мұндай істер өтініштің болуына қарамастан, анықтау қағидаты бойынша қозғалуы керек.
Мәселен, жедел жәрдем тізімдеріне сәйкес, осындай оқиғалардың бірінде 19 жастағы жүкті қыз зардап шеккен – бас жарақаты, суицид әрекеті. Екіншісінде әкесі 14 жасар қызын ұрып-соққан. Істер тоқтатылған. Екі оқиғада да істер қайта басталды, бұл біздің өтінішімізден кейін ғана мүмкін болды.
Сонымен қатар, талдау көрсеткендей, істерді тіркеудің жоқтығымен қатар балаларға қатысты осындай қылмыстарды қарауға жүйелі бақылау жоқ. Осыған байланысты уәкілетті органның отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша, оның ішінде балаларға қатысты барлық істерді қабылданған процестік шешімдердің негізділігі мен тергеудің толықтығы тұрғысынан тексеру жүргізуі қажет.
Сапар қорытындысы бойынша анықтама уәкілетті органдар мен әкімдікке зерделеу, шаралар қабылдау, анықталған проблемалар мен ескертулерді жою үшін жіберілді.
2024 жылғы қыркүйекте Түркістан облысындағы жұмыс қорытындысы бойынша өткен кеңесте әр облыста зерттелетін екі бағыт бойынша проблемалар ұсынылды: заң нормаларын іске асыру және балаларды қорғау жүйесін талдау, балалар мекемелерінің жай-күйін тексеру.
Айталық, мәселелердің мәні мен тереңдігін, сондай-ақ енгізілетін шаралардың маңыздылығын түсіну үшін біз анықтаған мысалдар келтірілген.
Нәтижесінде, осы проблемалардың барлығы тамыз айында ашылған Психологиялық қолдау орталығының басшысына көрсетілді. Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған заңға сәйкес, жұмысы жаңа басталып жатқан бұл орталықтар барлық облыстарда ашылды. Түркістан облысындағы орталық мектеп психологтарымен жұмысты бастауы керек, ал әкімдік орталықтың жұмысын ұйымдастыруды жеделдетуі керек.
Екі факт бойынша полиция іс қозғайды. Білім сапасы департаменті мектеп басшылығын хабарламағаны және ден қоймағаны үшін жауапқа тартуы тиіс.
Екіншіден, заңға сәйкес әр ауданда ашылуы керек Отбасын қолдау орталықтары. Жалпы, қазір облыста 4 орталық жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 6 орталық ашылады. Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында жұмысты түсіну бар, ол жүргізіліп жатыр. Алайда, Төлеби және Сарыағаш аудандарында орталықтардың қызметін полициямен, патронаждық әпкелермен өзара іс-қимыл жасаудан бастап, заңды нысанға дейін заңға сәйкес келтіру қажет.
- Түркістанда мүгедектігі бар ана баласын базарға тастап, қайыр сұрауға мәжбүр еткен;
- Ленгер қаласында 10 бала антисанитариялық және қауіпті жағдайларда тұрып жатыр. Көршілерінің айтуынша, анасы алкогольді асыра пайдаланады. Қамқоршылық, патронаж органдары онда 4 жас бала болғанына қарамастан бұл отбасына мүлдем бармаған. Балалар жарықсыз және тамақсыз өмір сүреді, үйдің ішін сыз тартқан.
- Келес ауданында 13 жасында дүниеге бала әкелген қыз оқу жылының басынан бастап мектепке бармайды. Мектеп директорының орынбасары оқиға туралы хабардар болғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбаған және істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жібермеген.
Барлық мысалдар қорғаншылық органдары қызметкерлері санының нормативін 5 мың балаға 1 қызметкерден етіп сәйкестендіру қажет екенін көрсетеді. Сарыағаш ауданында, мысалы, 58 мың балаға 1 қызметкер. Қызметкердің өзі үлгермейтінін, неден бастайтынын, кіммен айналысатынын білмейтінін айтады. Әр баланың әр оқиға бойынша құқықтарын қорғау және нәтижеге жеткізу қажет.
Жоғарыда аталған оқиғалардың әрқайсысы трагедиямен аяқталуы мүмкін.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия барлық аудандарда өз қызметін атқармайды. Мысалы, Отырар ауданында полицияның есебінде 36 отбасы тұр, бірақ комиссияда бірде-бір жағдай қарастырылмаған, көмек жоспары және отбасымен жұмыс жоқ. Басқа аудандарда көмек жоспарынсыз және отбасымен жұмыс жасалмай, негізінен ескертулер жазылады. Отбасымен жұмыс істемеу сияқты проблемаларды шешу үшін Отбасын қолдау орталықтары қажет.
Өңірдегі 82 мекемеге, оның ішінде интернаттарға, спорт мекемелеріне, кешкі мектептерге және т.б. барылды. Мысалдар:
Б. Өтеп атындағы мамандандырылған өнер мектеп-интернатында, мысалы, 200 балаға үш душ қана бар, ал душ қабылдауға үлгеру үшін балалар таңғы сағат 4-те тұруы керек, жалпы бұл жерде қолайсыз жағдайлар бар.
Сонымен қатар, Саран ауданының негізгі орта мектебінің № 6 мектеп-интернатындағы, Отырар ауданындағы Жәнібеков атындағы № 4 лицей-интернатындағы, Келес ауданындағы Ә. Жангелдин атындағы № 57 мектеп-интернатындағы, Ерубаев атындағы интернаттағы балалардың өмір сүру жағдайлары қорқынышты. Балалар тойып тамақтанбаймыз дейді. Тексерулерден кейін балалар өз мекемелерінде ешқашан дәретхана қағазы мен сабын болмаған деп жазады, олар тек тексерулердің алдына қойылады, содан кейін алып тастайды. Бұл фактілер облыстағы барлық интернаттарға кешенді тәуелсіз тексеру жүргізу қажеттілігін көрсетеді.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұратын Тасарықтағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған МӘМ-де оңалту сапасы жақсарды, 2021 жылы «Кеңес» орталығы оқытқаннан кейін оңтайлы денсаулық сақтау-дамыту ортасы құрылды. Алайда, белгілі болғандай, МӘМ жанындағы мектепте балалар формальды түрде оқытылады, дегенмен олардың 90%-ының интеллектісі сақталған. Бұл баланың құқығын тікелей бұзу болып табылады.
Даладағы дәретханалардың жағдайын бөлек атап өткен жөн. Оқу-ағарту министрлігі облыстағылар көптеген басқа өңірлердегі сияқты аулада орналасқан бірде-бір дәретхана қалмағаны туралы есеп береді. Нақты жағдай көрсеткендей, кез-келген мектеп пен интернатта балалар тек қорқынышты күйдегі аулада орналасқан дәретханаларды пайдаланады. Ішкі дәретханалардың кілттері директорда, балалардың айтуы бойынша, оны тек директордың рұқсатымен пайдалануға болады. Бұл мәселе сумен, кәрізбен байланысты, бірақ бұл мәселені шешпей отырған нақты көрініс пен проблемаларды ашық көрсету маңызды. Дәретхана проблемаларын шешу бойынша басқа өңірлердің тәжірибесі айтылды.
Асханалардың жеке мониторингі бірқатар бұзушылықты анықтауға мүмкіндік берді.
Барлық көтерілген мәселелер бойынша облыс әкімдігі өз жұмысын бастады. Түркістан облысындағы жұмыс қорытындылары хаттамаға енгізіледі, оның орындалуы қадағаланатын және бақыланатын болады.
Жүргізіліп жатқан жұмыста балалық шақты қорғау саласын жақсарту үшін анықталатын мәселелерге баса назар аударылады. Сонымен бірге, облыста балаларға арналған жаңа мекемелер ашылып жатқанын; жаңа заманауи мектептер салынып жатқанын; Төлеби ауданының балалар үйінде күрделі жөндеу жүргізілгенін, Оңдасынов атындағы арнайы интернатта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, Ерубаев интернатында футбол алаңы салынғанын атап өту керек. Әр мектепте «111» плакаты ілініп тұрғаны, пилоттық мектептерде буллингке қарсы Kiv бағдарламасы қалай іске асырылып жатқаны, балалар да, мұғалімдер де бағдарламаны жақсы білетіні және түсінетіні, ең бастысы – буллингпен қалай күресуге болатыны, басқа балалардың және жалпы адамдардың сезімдерін қорғаудың маңыздылығы атап өтілді.
2024 жылғы 18 маусымда Президентке балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілгенін және балаларға қатысты зорлықтың кез келген түріне жаза қатаңдатылғанын атап өтті. Заңға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен азаматтық қоғам секторы бірлесе ұсынған нормалар топтамасы енді.
Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір аталған заңнамалық нормаларды нақты жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. «111» бірыңғай байланыс жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ мектептерде буллингпен күресу үшін КiVa бағдарламасы және 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қауіпсіздік сабақтары енгізіледі. Балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері үшін арнайы оқу курсы басталады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарын күшейту мәселесі пысықталып жатыр.
Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен серіктестік негізде 6 аутизм орталығы, 11 өңірлік оңалту орталығы ашылды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің есебін тыңдаған соң Президент құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру және оқушылар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау маңызды екенін айтты.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін еске салды. Аталған бағдарлама өскелең ұрпақтың бойына адами және ұлттық құндылықтарды сіңіріп, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауды, өз бетінше әрекет ету және креативті ойлау дағдыларын дамытуды көздейді. Динара Зәкиеваға осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін педагогтер мен ата-аналардың арасындағы жұмысты үйлестіру міндеті жүктелді.
Кездесу барысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй бөлу, сондай-ақ ауылдық жерлерде жеткіншектерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы балалар мен жөспірімдер арасында суицидке итермелейтін жағдайлардың белең алуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев балалар травматизмі мен оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі