АТЫРАУДА БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі еліміздің 20 өңірінде алғаш рет жаңа форматта «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» деген атпен өтті.
Атырау облысындағы кездесу «Балалар үшін - қауіпсіз орта» деген атауға ие болды. Кеңес балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ сапалы және қауіпсіз өмір сүру құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Пленарлық отырыста ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан, еліміз адам құқықтары саласындағы маңызды халықаралық шартқа қол қойған әлемдегі 53-ші мемлекет екенін атап өтті. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында республикада адам құқықтарына байланысты 60-тан астам халықаралық құжат ратификацияланған болса, оның 15-сі балалардың құқықтарын қорғауға қабылданған. Оның сөзінше, аталған құжаттың ең алғашқысы Бала құқықтары туралы Конвенция болып табылады.
«Бүгінде Министірлік тарапынан Балалар құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мақсатында кешенді шаралар қолға алынып, арнайы жол картасы қабылданды. Одан бөлек, елімізде алғаш рет заңнамаға баланы жәбірлеу, яғни буллинг ұғымы енгізілді. Ал орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет қағидаларын әзірлеу жөніндегі құзыреттілігі бекітілді», - деп баяндады Жолдас Батырхан.
Кездесу барысында төраға орынбасары әкімдіктердің қолдауымен Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облысы, Алматы, Астана қаласының мектептерінде психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру орталықтары құрылғанын хабарлады. Сондай-ақ, жиында өткен жылы Оқу-ағарту министрлігімен балалардың хал-ахуалының индексі әзірленіп, қабылданғанын айтты.
«Индекс балалардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына жүйелі мониторинг жүргізуге мүмкіндік бермек. Индикаторларды талдау нәтижелері бойынша биылғы жылы балалардың хал-ахуалының орташа көрсеткіші анықталды. Мәселен, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар облыстары балалар үшін ең саламатты өңірлер болып табылады», - деп мәлімдеді Жолдас Батырхан.
Тамыз конференциясында көтерілген тағы бір мәселе - балаларды зорлық-зомбылықтан және оларға қатыгездікпен қараудан қорғау құқығын іске асыру. Ол үшін Министрлік тарапынан кешенді жоспар аясында арнайы шаралар көзделген.
Біріншісі. Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы әзірленбек.
Екіншісі. Құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық және басқа да жағымсыз құбылыстар мәселелерін қарастырудың барлық деңгейлерінде «кейс-менеджмент» технологиясы енгізілмек.
Үшіншісі. Тұрмысы қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік қызметтермен жан-жақты сүйемелдеу үшін «Әлеуметтік патронат» жобасы іске қосылмақ.
Жолдас Батырханның айтуынша, жыл сайын балалардың құқық бұзушылық жағдайларының түр-сипаты күрделену үстінде Министрлік мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың, буллингтің алдын алу» бағдарламасын еңгізіп, 80 сағаттық біліктілік курстары бастау алды. Одан бөлек, Министрлікпен әрбір оқыту деңгейіне (бастауыш, орта, жоғарғы буын) арналған психолог бірлігін енгізу мәселесі де қарастырылуда екенін айтты.
Сөз соңында Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан, Балалардың қауіпсіздігін, саламаттылығын толық қамтамасыз ету үшін әр ұстаздың жүрегі мейірімге толы, балаға қамқор, шын жанашыр және үнемі қырағы болуы керек деп жеткізді.