АЛМАТЫДА БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

АЛМАТЫДА БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі еліміздің 20 өңірінде алғаш рет жаңа форматта «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» деген атаумен бастау алды.

Бүгін Алматы қаласында ұстаздардың басын қосқан педагогикалық қызметкерлердің тамыз форумы өтті. Кездесуде қатысушылар Қазақстандағы балалардың әл-ауқатын арттыру, оның ішінде білім беру жүйесін, атап айтқанда, мектептегі сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру түйткілдерін талқылады.

Отырыс барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, мектеп оқушыларының денсаулығына кепілдік беретін жағдай жасау мемлекет қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатынын айтты. Яғни, мектеп ұйымдары қызметтерін білім беруге ғана емес, сондай-ақ оқушының денсаулығы мен әл-ауқатына, физикалық белсенділік пен бос уақытына, сапалы әрі ыстық тамақтануына бағытталуы тиіс екендігін мәлімдеді.

Конференцияда Насымжан Оспанова көптеген балалар дұрыс тамақтанбау салдарынан артық салмақ немесе семіздікке ұшырайтынын атап өтті. Бұл балалардағы ас қорыту бұзылыстарының үдемелі өсуін көрсетеді.

«Балалардың денсаулық деңгейінің төмендеуінің басты себебі – дұрыс тамақтанбау. Ал мектеп оқушыларының тамақтануын ұйымдастыру – бұл мемлекет пен қоғамның күш-жігерін бағыттау қажет нақты сала. Министрлік бұл бағытта көптеген мәселелер мен даму перспективаларын көріп отыр. Мәселен, бүгінде 3 миллионнан астам оқушыға ыстық тамақ ұйымдастырып отырмыз. Бұл нақты, әрі шынайы көрсеткіш», - деп жеткізді ҚР Оқу-министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.

Қазіргі таңда Министрлік «Ұлттық мектеп асханасы» жобасын іске асыруда, оның аясында сапалы, дәмді, алуан түрлі дәрумендерге бай және ең бастысы, дұрыс тамақтану қамтамасыз етілмек. «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлеуметтік саясат қағидаттарының бірі аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, балалардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттарды сақтау болып табылатынын атап өткен жөн.  Аталған жоба аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, ұлттық тамақтану моделін құру жөніндегі мақсатқа жақындата түспек. Осы орайда, ағымдағы жылы «Ұлттық мектеп асхана» жобасы шеңберінде Астана қаласының мектептерінде пилоттық режимде әуе жолаушыларын борттық тамақтандыруға ұқсас комбинаттық тамақтану жүйесі енгізілетін болады.

«Балаларды тамақтандыру саласындағы ұлттық саясат Министрлік үйлестіретін және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру мәселесін шешуге тікелей әсер етпек. Оған – азық-түлік жүйесін цифрландыру, ауыл мектептеріндегі асханаларды жаңғырту, қоректік заттарға физиологиялық қажеттілік нормаларын жаңарту, тамақтану сапасын комиссиялар мен ведомствоаралық сараптамалық топтардың бақылауы кіреді», - деп мәлімдеді Насымжан Оспанова.

Кездесу соңында Насымжан Оспанова мектепте тамақтануды ұйымдастырудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу, жеткізушілердің тізілімін және рұқсат етілген өнімдердің тізімін енгізудің уақыты келгенін айтты.

Сондай-ақ, ол ұлттық білім беру жүйесінің тарихи мұраты қашанда тек білім мен тәрбие беруде ғана емес, әр балаға қамқорлық жасау екеніне тоқталды. Ал балалар мекемелерінің барлық қызметкерлері осы миссияның игілігіне үлес қосуы керек.