Республикалық айтыс

Республикалық айтыс

   2023 жылдың 28-29 қыркүйек аралығында Алматы облысында "Алматы облысының білім басқармасы мемлекеттік мекемесінің "Жас дарын" облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы" КММ-сінің ұйымдастыруымен  «Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық жас ақындар айтысы өтті.Сөз барымтасында әр облыстың іріктеу кезеңінен өткен, әр өңірден оза шапқан кілең жүйріктер сынға түсті.  Байқаудың мақсаты: оқушылар арасында Жамбыл Жабаевтың шығармаларын насихаттау,суырыпсалмалық қабілеттерін, табиғи дарындарын анықтау және айтыскер жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру;
Байқау «Тақырыптық айтыс» және "Қайым айтысы" болып екі бағытта өтті.Өрелі сөздің өрнегін өрген "ғасыр ақынының" рухты, жігерлі жырларын бойына жиған жас өрендер, сахнаның көрігін қыздырып, көрермендерін тәнті етті.
 " Тақырыптық айтыс" және "Қайым айтыс" номинациясы бойынша қазылар алқасының шешімімен ақтық сынға шығып, жеңімпаз және жүлдегер атанған 20 жас ақынға ҚР Парламенті Мәжілісінің Бас жүлдесі мен І, ІІ, ІІ дәрежелі дипломдары, сондай-ақ РҰПТ-ның арнайы марапаттары мен ақшалай сыйлықтары табыс етілді. Көпшіліктің ықыласына бөленген жас дарын иелерінің ішінде ауданымыздың мақтанышы, былтырғы оқу жылында Тараз қаласында өткен республикалық "Менің Кіші отанымның тарихы" атты ғылыми жоба жарысынан 2-орын иеленген, республикалық " Жыр алыбы-Жамбыл"  жас ақындар айтысының облыстық кезеңінде Бас жүлдені қанжығасына байлаған, республикаға жолдама алған  Қадылханова Еркежан Абай облысының намысын қорғауға бел байлады. "Көркемсөз" оқудың шебері, ән, күй, би өнерлерін  жетік меңгерген жан-жақты дарын иесі Аягөз ауданының " N 1 ЖОББМ" КММ-нің 11 сынып оқушысы   Қадылханова Еркежан Ермекқызы  (Жетекшісі:қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Аманбаева Г.О.) республикалық "Жыр алыбы-Жамбыл" атты жас ақындар айтысында қыз бен жігіт айтысының әдемі өрнегін көрсетіп, жүлделі ІІІ орынға табан тіреді.
Қазақтың қасиетті сөз өнері додасында жас өрендер Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын, жалпы елдегі хал-ахуал жайын жырға қосып, бір біріне мәнді де мағыналы жауап қайтарып, сөз мәйегінің майын тамызды.
Ақын қызымыз Еркежанның ҰБТ- дан жоғары ұпай жинап, қалаған мамандықтың иесі болуына шын жүректен тілектеспіз.