Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда және қашан жүгіну қажет?
Зейнет жасына толуына байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақыны тағайындату үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Өтінішті зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын беруге болады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің барлық түрі өтініш берілген күннен бастап жүзеге асырылады. Бұл ретте алушы зейнет жасына толған болса, ХҚКО-да өтініш пен қажетті құжаттар тіркелген күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал егер өтініш зейнет жасына толғанға дейін берілсе, зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып саналады. Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны алу үшін уақытылы жүгінудің маңызы ерекше. Себебі оны тағайындау кезінде алушы ұсынған құжаттар негізінде еңбек өтілін тексеру қажет. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы, ал БЖЗҚ-дан алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, 50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар адамдар ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ның сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы, сондай-ақ Қордың кеңсесіне барып өтініш бере алады.
6