Кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?

Кесте бойынша зейнетақы төлемдері мынадай тәртіппен есептеледі: төлемдерді алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы 6,5% мөлшеріндегі зейнетақы жинақтарының төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне сәйкес ұлғайтылады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – ЕТК) кемінде 70%-ын құрауға тиіс.

Алушылардың жекелеген санаттары үшін, атап айтқанда, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдарға, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары жиынтығында кемінде 60 ай бойы төленген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан адамдарға қатысты Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Егер алушы жоғарыда аталған талаптардың бірнешеуіне бірдей сәйкес келсе, мәні ең жоғары түзету коэффициенті қолданылады.

55 жасқа толған және өздері үшін жиынтығында кемінде 84 ай бойы МКЗЖ төленген адамдарға зейнетақы төлемдерін есептеу және жүзеге асыру кезінде:

  • зейнетақы төлемінің мөлшеріне қатысты ЕТК-нің кемінде 70%-ын құрауы тиіс деген ең төменгі шек қолданылмайды;
  • түзету коэффициенттері қолданылмайды;
  • жеке зейнетақы шотындағы ЕТК-нің 70%-ынан аз қалдық кезекті зейнетақы төлемінің сомасымен бірге төленбейді.

Айта кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

 

Егер БЖЗҚ-дан төлем жүзеге асырылатын күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, жинақтар біржолғы төлем түрінде беріледі.

Жарияланған күні

22 қазан 2026 08:37

Жаңарту күні

22 қазан 2026