БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын белгіленген кесте бойынша төлем ретінде алуға кімдер құқылы?

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар мынадай тұлғаларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады:

  • зейнет жасына толған адамдар (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас (2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып, 2031 жылы 63 жасқа жетеді));
  • 55 жасқа толған, зейнетақы төлемін алуға өтініш берген кезде өздері үшін жиынтығында кемінде күнтізбелік 84 ай бойы МКЗЖ төленген, уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен өндірістердің, жұмыстардың және жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан адамдар;
  • бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар.

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтар бойынша зейнетақы төлемдерін жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ, яғни 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері мүгедектік тобына және оның белгіленген мерзіміне қарамастан, мүгедектігі бар адамдарға да беріледі. Бұл ретте төлемдерді алу кестесін салымшы өзі дербес белгілейді.

Жарияланған күні

22 қазан 2026 08:36

Жаңарту күні

22 қазан 2026