Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы

2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу және өткізу науқаны аясында Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтті.
Отырысты Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева ашып, алдағы сайлау науқанының маңыздылығына тоқталды. Ол сайлау үдерісін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастыру, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау науқанының ашықтығы мен заңдылығын сақтау басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес отырыста төмендегідей мәселелер қаралды:
- 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Атырау облыстық мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы;
- Округтік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін бекіту туралы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сайлау науқанын ұйымдастыруға қатысты негізгі міндеттер талқыланып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары айқындалды. Бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мерзімі 1 қараша сағат 18:00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт кезеңі 1 қарашада сағат 18:00-ден кейін басталып, 28 қарашада сағат 00:00 аяқталады. Дауыс беру күні 29 қараша.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес қабылданған қаулы бойынша Атырау облысындағы округтік сайлау комиссияларының жұмыс кестесі бекітіліп, жұмыстың басталуы 09 сағат 00 минут, түскі үзіліссіз, жұмыстың аяқталуы 18 сағат 00 минут деп белгіленді.
