Атырауда білім сапасын арттыру мақсатында 64 мектепте 2 484 камера жұмыс істейді

Оның 2300-і таза сыныптар бойынша бақылауда. Былтырдан бастап Атырау қаласында білім беру сапасын жақсартуға бағытталған «Nazar» жобасы жұмыс істейді. Бұған дейін жылына шамамен 1 500 сабақ бағаланса, жаңа жүйе бұл көрсеткішті 5 100 сабаққа дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Жобаның мақсаты – мұғалімдердің сабақ беру сапасын әділ бағалау, әсіресе жас педагогтарға әдістемелік қолдау көрсету және білім беру процесін жүйелі түрде талдау.
⁃ Білім беру процесіне мониторинг жүргізуді Атырау облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинеті жүзеге асырады. Камералар арқылы сабақтың мақсаты, оқыту әдістері, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы өзара әрекеттестік, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, сабақ құрылымы және уақытты тиімді пайдалану критерийлері ескеріледі, - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.