Атырау қаласының «Жұлдыз-2» ықшамауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған екі ауысымда 1800 оқушыны қабылдайды.
Жалпы аумағы 10 860,64 шаршы метр ғимаратта 40-қа жуық оқу кабинеті бар.
Ғимараттың сәулеті оқушылар мен ұстаздарға ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Атырау облысының әкімі көпшілікті ҚР Конституция күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Мектеп ішінде 255 орындық асхана,
мұғалімдерге арналған коворкинг аймағы,
үш спорт зал, 206 орындық акт залы–кинолекторий, кітапхана және кітап сақтау қоймасы, STEM зертханасы, кең вестибюль мен оқушыларға арналған гардероб, медициналық бөлім, қабылдау және іс жүргізу кабинеттері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лифт бар.
- «Жұлдыз-2» ықшамауданында бұрын-соңды мектеп болмаған. Балаларымызды «Жұлдыз-1-дегі» мектепке апаратын болдық. Қатынау мәселесі қиындық туғызғаны рас. Енді, міне, үйіміздің жанынан үлкен білім ордасы ашылып жатыр. Екі балам осы №48 жалпы білім беретін орта мектепте оқитын болады. Біздің , жалпы ауыл халқының қуанышында шек жоқ,- деді «Жұлдыз-2» ықшамауданының тұрғыны Зарина Шағыраева.
Мектеп ауласы да жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін инфрақұрылыммен жабдықталған. Нақтырақ айтқанда,
балалар ойын алаңдары,
жасанды көгал төселген футбол алаңы,
тартан жабыны бар волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, көпшілік іс-шараларға арналған алаң, тыныш демалыс аймағы, бастауыш сыныптарға арналған жеке ойын алаңы салынған.