
Астанада педагогтер арасында үздік әдістемелік әзірлемелер байқауын өткізу ұсынылды. Бұл бастама «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында меморандумға қол қою кезінде айтылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Құжатқа Астана қаласындағы «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев пен «Өрлеу» ұлттық орталығының филиалы – елордалық Кәсіби даму институтының директоры Ерлан Қалмақов қол қойды.
Меморандумның мақсаты – әдебиетті халық арасында кеңінен насихаттау бағытында ынтымақтастық орнату.
Бірлескен жұмыстың алғашқы қадамдарының бірі ретінде әдістемелік әзірлемелер байқауын өткізу жоспарланып отыр. Мұғалімдер балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыратын өз тәсілдерімен бөлісе алады.
Үздік жұмыстарды одан әрі жетілдіріп, Астананың білім беру жүйесінде қолдану көзделген.
Бұл бастамалар республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысушыларға да пайдалы болмақ. Марафон аясында оқушылар мен басқа да қатысушылар 15 кітап оқып, әрқайсысына пікір жазуы керек.
Ұйымдастырушылар үшін марафон аяқталғаннан кейін де оқуға деген қызығушылықтың сақталуы маңызды.
«Біз оқу мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Кітап оқу әдетке айналып, бала он бесінші кітапты оқығаннан кейін он алтыншы кітапты да өз еркімен оқығысы келсе дейміз», – деді Жақсыбай Боранбаев.
Ол үшін тәлімгерлер қатысушылардың қызығушылығын қолдаудың тиімді әрі түсінікті тәсілдерін меңгеріп, олардың кітап оқуға ынтасы төмендей бастағанын дер кезінде байқай білуі керек. Байқау осындай әдістерді жинақтауға, соның ішінде мұғалімдердің ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.
Мектеп кітапханашыларына да ерекше көңіл бөлінбек. Жақсыбай Боранбаевтың айтуынша, олармен арнайы кездесу өткізу, ұсыныстарын тыңдау және кітап оқу мәдениетін дамытудағы рөлін талқылау жоспарланып отыр.
«Кітапханашы – кітап күзетушісі емес, білімнің шырақшысы», – деді ол. Сондай-ақ бүгінгі күні бұл мамандықтың маңызы жеткілікті бағаланбай жүргенін атап өтті.
Кездесу барысында педагогтер мектептерге кітап авторларын шақырып, балаларды әдебиетпен әртүрлі форматта таныстыру үшін айтыс ұйымдастыруды ұсынды. Айтылған барлық ұсыныс қаралады.
Астананың Алматы ауданы әкімдігі суретшілерді, граффити шеберлерін және шығармашылықпен айналысатын барша азаматты қала кеңістігін жаңартуға үлес қосып, жаңа муралдардың авторы атануға шақырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Суретшілер мен граффити шеберлері Астананың Алматы ауданындағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына салынатын жаңа муралдарға өз жобаларын ұсына алады.
Қатысу үшін:
1. Муралдың немесе граффитидің эскизін дайындау.
2. Жұмыстың идеясын және тұжырымдамасын сипаттау: нені бейнелегіңіз келетінін және туындыға қандай мағына бергіңіз келетінін түсіндіру.
Ұсынылған эскиздер іріктеліп, келісілгеннен кейін жобаны іске асыратын орын анықталады.
Қосымша ақпаратты Алматы ауданы әкімінің кеңесшісі Аяна Қанаттан мына телефон арқылы білуге болады: 8 708 928 80 30.
Астанада ересектер арасында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Алау» мұз айдынында өткен жарыс қорытындысы бойынша елордалық спортшылар 16 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын, сегізі – күміс, төртеуі – қола, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Чемпионатқа еліміздің сегіз өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Олар 500, 1000, 1500, 3000 және 5000 метр қашықтықтарда, сондай-ақ масс-стартта, командалық спринт пен командалық жарыста бақ сынады.
Елордалық спортшылар жеке және командалық сайыстарда жоғары нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, Кристина Силаева әйелдер арасында 500 метр қашықтықта 38,28 секунд нәтижесімен Қазақстан чемпионы атанды. Артур Галиев 1000 метрде, ал Ақжол Нұралы 1500 метрде алтын медаль жеңіп алды. Тағы бір алтын жүлдені командалық жарыста бірінші орын алған Астананың ерлер құрамасы иеленді.
Чемпионаттың күміс жүлдегерлері қатарында 500 метр қашықтықта Артур Галиев, 1000 метрде Кристина Силаева мен Ақжол Нұралы бар. Елизавета Голубева 1500 және 3000 метр қашықтықта екі күміс медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, Астананың ерлер және әйелдер құрамалары командалық спринтте екінші орын иеленсе, елорданың әйелдер командасы командалық жарыста күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қола медальдарды 500 метрде Алина Дауранова, 3000 метрде Диана Бачурина, 5000 метрде Абылайхан Қайырғазы және масс-стартта Азамат Сәтқожа жеңіп алды.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша қараша айында басталатын конькимен жүгіруден әлем кубогының кезеңдеріне қатысатын спортшылар іріктеледі.
Елорданың Алматы ауданында Triathlon Ice Park мұз айдынын абаттандыру жұмысы басталды. Мұз алаңының аумағы 1 200 шаршы метрді құрайды. Мұз айдынын қазан айының соңында ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Арнайы тоңазыту жабдықтары мен мұзды ұстаудың заманауи технологиясының арқасында мұнда ауа райы жылы күндері де коньки тебуге болады.
Мұз айдыны Жаңа жылға орай безендіріліп, түрлі шамдармен жарықтандырылады. Бұл орын қала тұрғындары мен қонақтарына қысқы мерекенің ерекше көңіл күйін сыйлайды. Келушілер конькиді жалға ала алады. Сондай-ақ мұнда жылытылатын демалыс орны, ыстық сусындар мен тағамдар ұсынылады.
Triathlon Ice Park қыста демалып, отбасымен және достарымен көңілді уақыт өткізуге болатын жаңа орынға айналады. Мұнда қала тұрғындары қысқы демалыстың қызығын сезініп, жақсы естеліктер жинай алады.
Астанадағы Өндіріс спорт кешенінде 25 қазан – Республика күніне орай күрестен «Жас сарбаз барысы» турнирі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған іс-шараны «Жас сарбаз – намыс пен рух алаңы» жобасы аясында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жас сарбаз жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қалалық филиалы» ұйымдастырды.
«Бүгін елордалық жас сарбаздар арасындағы «Жас сарбаз барысы» турнирі өтіп жатыр. Бұл – қазақ күресінен екінші рет өткізіліп отырған сайыс. Турнирде білім беру ұйымдары мен мектептерден келген 40-қа жуық палуан күш сынасады. Қатысушылар 2010-2011 жылы туғандар, салмақтары 80 келіден жоғары. Бүгін олардың арасынан түйе палуанды анықтап, жеңімпаз атанған қатысушы республикалық «Жас сарбаз барысы» турниріне жолдама алмақ. Сонымен қатар, бұдан басқа да жүлделі орындар сарапқа салынады», – деді «Жас сарбаз жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қаласы бойынша төрағасы Айдархан Махамбет.
Жарысқа қатысушы жасөспірімдердің бірі чемпион болу басты мақсаты екенін айтып, алдағы жоспары жайлы ой бөлісті.
«Республикалық медицина академиясынан келдім. Жасым 16-да. Күреске қатысқаныма 6-7 жылдай болып қалды. Бүгінгі сайыста жақсы күресіп, чемпион болуды мақсат етемін. Қазақстандықтарды келе жатқан мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын», – деді турнир қатысушыларының бірі Ілияс Кәкімов жарыс алдында.
Айта кетейік, ұйымдастырушылардың мәліметінше, елордалық жас сарбаздар арасында спорт іс-шарасымен қатар, әскери-патриоттық әндер сайысы да өтіп жатыр.
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін төрт робот-ит қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі уақытта робот-иттер адам көп шоғырланатын сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда жұмыс істеп, полиция қызметкерлеріне қоғамдық кеңістіктердегі жағдайды бақылауға көмектесіп жүр.
Робот-иттер жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған бейнекамералар арқылы айналадағы жағдайды бақылап, бейнеақпаратты нақты уақыт режимінде тікелей Жедел басқару орталығына жеткізеді. Бұл полиция қызметкерлеріне қоғамдық орындардағы ахуалды жедел бағалап, қажетті жағдайда тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Технологияның маңызды мүмкіндіктерінің бірі – іздеуде жүрген адамдарды анықтауға көмектесу. Робот-иттерге интеграцияланған жасанды интеллект жүйесі бет-әлпетті сәйкестендіреді. Сәйкестік анықталған жағдайда Жедел басқару орталығына автоматты түрде дабыл хабарламасы жіберіледі.
Бұл технология полицияның жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, іздеудегі адамдарды анықтау жұмысына қосымша қолдау көрсетеді.
Қауіпсіз қала – тек қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар ықтимал қауіптердің алдын алу, оқиғаларға уақытылы әрекет ету және әрбір азаматтың тыныштығын қорғау.
Елордада өтіп жатқан World Aquatics 2026 жүзуден әлем кубогының қорытынды кезеңіне қатысушылар Астананың туристік орындарын аралады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жарысқа 39 елден 300 спортшы қатысып жатыр. Шетелдік спортшылардың, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің келуі оқиғалы туризмнің дамуына ықпал етіп, қонақүй, көлік, экскурсия және басқа да қызметтерге сұранысты арттырады.
Шетелдік қонақтар «Бәйтерек» монументін, Тәуелсіздік алаңын, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін және «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығын аралады. Олар елорданың заманауи сәулетіне, қаланың абаттандырылуына, қазақстандықтардың қонақжайлығына және еліміздің бай мәдени мұрасына жоғары баға берді.
Спортшылар да Қазақстанның өзіндік «елшілеріне» айналып отыр. Олар ел туралы әсерлерін әлеуметтік желілерде жариялап, сапар жайында жақындарына әңгімелейді. Осылайша, халықаралық аудиторияға Қазақстанның туристік мүмкіндіктері жайлы таныстырады.
Еске салайық, 2026 жылдың басында Туризм және спорт министрлігі оқиғалы туризмді дамытуға және өңірлерге туристер тартуға бағытталған негізгі оқиғалық іс-шаралар күнтізбесін алғаш рет бекітті. Күнтізбені іске асыру, ақпараттық жұмысты жандандыру және өңірлермен үйлесімді жұмыс жүргізу іс-шараларға келушілер санының артуына ықпал етті.
Жүргізілген жұмыстың оң нәтижелерін ескере отырып, министрлік туристік іс-шаралар күнтізбесін Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарының кестесімен сәйкестендіру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұл тәсіл спорттық және мәдени-туристік бағдарламаларды ұштастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында жарысқа қатысушылар мен шетелдік қонақтар спорттық бәсекелерді тамашалап қана қоймай, мәдени іс-шараларға қатысып, ұлттық дәстүрмен және еліміздің көрікті жерлерімен таныса алады.
Атап айтқанда, 2027 жылы Қазақстанда спорттың әр түрінен алты әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Астанада үстел теннисі, дзюдо, қазақ күресі, бокс және таеквондодан әлем чемпионаттары өтеді. Сондай-ақ УЕФА конгресі де маңызды халықаралық оқиғалардың бірі болмақ.
Астанада жүзуден World Aquatics Swimming World Cup 2026 әлем кубогының қорытынды кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған беделді халықаралық турнирге әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы жиналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнирдің ашылу салтанатына World Aquatics халықаралық су спорты федерациясының президенті Хусейн әл-Мусаллам, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ спорт қоғамдастығының өкілдері қатысты.
«Әлем кубогын өткізу – отандық спортты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл турнир спортшыларымызға әлемнің үздік атлеттерімен бақ сынап, құнды тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Жарыс жас спортшыларға жаңа серпін беріп, мыңдаған баланы жүзумен айналысуға шабыттандырады деп сенемін. Ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы халықтар мен мәдениеттерді байланыстырып келді. Бүгінде бұл тарихи жол бізді спорт, достық және адал бәсеке арқылы қайта біріктіріп отыр», – деді Ербол Мырзабосынов.
Жарыс 15-17 қазан аралығында елорданың «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатыр. Жүлделер үшін әлемнің жетекші жүзушілері, соның ішінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бақ сынайды.
Қазақстан атынан өз алаңында өтетін жарысқа 22 спортшы қатысады. Олардың арасында Астана қаласының өкілдері де бар.
2026 жылы Әлем кубогы Silk Road Tour халықаралық сериясы аясында өтіп жатыр. Алғашқы екі кезең Әзербайжанның Баку қаласында және Өзбекстанның Ташкент қаласында ұйымдастырылды. Ал Астана жарыстың қорытынды кезеңін қабылдап отыр.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан салынатын сумен жабдықтау нысандары туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қаланы дамыту барысында инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлеміз. Жылумен, электрмен жабдықтау, кәріз, нөсер суын ағызу және сумен жабдықтау нысандарын салып, жаңғыртып жатырмыз. Қаланың сумен жабдықтау мәселесіне толығырақ тоқталып өтейін.
Мәселен, 2024 жылы су тұтыну көлемі тәулігіне 340 мың текше метр болса, биыл бұл көрсеткіш 380 мың текше метрге жетті. Оның қуатын арттыру үшін бірқатар нысан салып, жаңғыртып жатырмыз.
Осыған дейін үшінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-3) салып, пайдалануға бердік. Жобаның қуаты – тәулігіне 105 мың текше метр. Келесі жылы ССС-3 станциясын кеңейту жобасына кірісуді жоспарлап отырмыз, бұл тәулігіне қосымша 70 мың текше метр су береді.
Сол сияқты маңызды жобалардың бірі – Телман сорғы станциясынан техникалық су құбырын тарту. Жоспарланған 13,2 шақырым желінің 10,5 шақырымы төселді. Бұл су құбыры су дайындау станцияларына тәулігіне 50 мың текше метр бастапқы су жеткізеді.
Бұдан бөлек, Қ. Сәтбаев атындағы арнадан су жеткізетін құбыр тарту арқылы төртінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-4) салу жобасын іске асырып жатырмыз. Жобаның қуаты тәулігіне 210 мың текше метр болады.
Алдағы жылдары сумен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу бойынша жалпы саны 20-ға жуық жобаны іске асыру қажет. Бұл жобалар елорданың ары қарай дамуы мен су тұтыну көлемінің өсетінін ескере отырып, қаланы сенімді әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етеді», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Астана қаласында «Қазақстан Республикасы теннис федерациясы» балалардың дене белсенділігін арттыруға және ерте жастан тенниске деген қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған «Baby Tennis» жобасы жүзеге асырып жатыр, деп хабарайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған жоба № 1, 11, 37, 58, 84, 89, 93, 98 балабақшаларында инновациялық жоба енгізілген. Ал № 8, 9, 12, 15, 21, 25, 26, 27, 31, 32, 33, 35, 39, 40, 42, 43, 46, 47, 49, 54, 55, 60, 61, 63, 66, 67, 69, 70, 71, 72, 73, 75, 76, 78, 79, 83, 87, 88, 90, 91, 94, 95, 97, 99 балабақшаларында қосымша ретінде теннис элементтері өтіп жатыр.
Жобаның негізгі мақсаты – мектеп жасына дейінгі балаларды теннистің бастапқы элементтерімен таныстыру, ракетканы дұрыс ұстау және допты басқару дағдыларын қалыптастыру арқылы олардың ептілігін, қимыл дәлдігін, тепе-теңдікті сақтау қабілетін және қозғалыс үйлесімділігін дамыту.
Бағдарлама мазмұны балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын арқылы теннистің қарапайым тәсілдерін меңгеруге бағытталған. Допты домалату, лақтыру, қағып алу және ракеткамен бағыттау сияқты жаттығулар қол мен көз қимылының үйлесімділігін жетілдіруге, кеңістікті бағдарлау қабілетін дамытуға және зейінді шоғырландыруға ықпал етеді. Сонымен қатар балалардың жеке мүмкіндіктерін ескеруге және қимыл-қозғалыс жаттығуларын қауіпсіз ортада орындауына жағдай жасауға ерекше мән беріледі.
«Baby Tennis» жобасы мектеп жасына дейінгі балалардың қимыл-қозғалыс тәжірибесін байытып, дене қабілеттерін дамытуға, спортпен жүйелі айналысуға деген қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтына баулуға ықпал етеді.