Ұлттық деректер нарығын қалыптастыру туралы анықтама

Қазақстан деректер экономикасын дамыту үшін құқықтық және технологиялық негізді жүйелі түрде қалыптастырып келеді.

Бұл бағыттағы маңызды кезең 2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің қабылдануы болды. Кодексте алғаш рет «цифрлық деректер өнімі» және «цифрлық деректер өнімдерін алмасу және олардың айналымы платформасы» ұғымдары бекітіліп, деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері айқындалды.

Кодексті іске асыру аясында 2026 жылы платформалардың жұмыс істеу тәртібін, оларды мемлекеттік тізілімге енгізу өлшемшарттарын және цифрлық деректер өнімдерінің құнын бағалау әдістемесін реттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер бекітілді.

Нарықтың негізгі қатысушылары айқындалды. Олар: платформалар иелері, цифрлық деректер өнімдерін жеткізушілер және тұтынушылар. Платформа иелері платформалық инфрақұрылым мен қолжетімділік шарттарын қамтамасыз етеді, жеткізушілер деректер өнімдерін орналастырады, ал тұтынушылар оларды талдау, цифрлық сервистер әзірлеу және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдаланады.

Платформаларды электрондық лицензиялау жүйесі және мемлекеттік тізілім арқылы тіркеу тетігі құрылды. Бұл мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми ұйымдар және нарықтың басқа да қатысушылары арасында деректермен қауіпсіз алмасудың ашық әрі құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Бұл ретте айналым объектісі жеке деректер емес, оларды өңдеу және иесіздендіру нәтижесінде қалыптастырылған цифрлық деректер өнімдері болып табылады.

Тізілімге тіркелу платформаның ресми мәртебесін растайды және жеткізушілер, тұтынушылар, мемлекеттік ұйымдар, банктер мен инвесторлар тарапынан сенімді арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда тізілімде нарықтың 7 қатысушысы тіркелген.

Осылайша, реттелетін деректер нарығын қалыптастырудың нормативтік және технологиялық негізі қаланды. Келесі кезеңде сапалы деректер өнімдерінің санын арттыру, қатысушылар аясын кеңейту, сұранысты қалыптастыру, сондай-ақ деректерді бағалау және коммерцияландыру тетіктерін дамыту көзделген. Бұл жасанды интеллектіні енгізуге, цифрлық сервистерді дамытуға және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді. 

Жарияланған күні

25 қараша 2026 16:33

Жаңарту күні

25 қараша 2026