«Ұлы Жібек Жолымен – 2024» ХII Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі

«Ұлы Жібек Жолымен – 2024» ХII Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі

2024 жылғы қарашаның 20-22 аралығында Алматы қаласында «Атакент» Қазақстан іскерлік-ынтымақтастық орталығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Атакент-Экспо» Халықаралық көрме компаниясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығымен бірлесіп, «Ұлы Жібек Жолымен – 2024» ХII Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесін өткізеді.

«Ұлы Жібек Жолымен – 2024» көрмесі – жәрмеңкеге қатысушы баспагерлер, кітап таратушылар және полиграфистер қызметінің, Алматы қаласының қонақтары мен тұрғындарының мәдени өміріндегі айшықты оқиға саналады.

Көрменің негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстандағы заманауи кітаптарды кеңінен таратуға қол ұшын беру, отандық кітап ісі саласын нығайту, баспа жұмысының субъектілері арасында тәжірибемен алмасу, отандық кітап нарығында ұлттық өндірушілердің орнын нығайту болып табылады, сонымен қатар көптеген елдердің баспагерлік, полиграфиялық және кітапсатушы компаниялар арасында мәдени және іскерлік байланыстарды ұлғайту, елдер мен серіктес компаниялар арасындағы байланыстарды әріқарай дамыту, полиграфия, кітапсату және кітап өндірісіне ең соңғы технологиялар енгізу және т.б.

​​            «Ұлы Жібек Жолымен-2024» ХІІ Халықаралық кітап және полиграфиялық көрмесіне Қазақстан, Германия, Ресей, Тәжікістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран елдерінің жетекші баспалары, полиграфиялық компаниялары мен кітапханалары, жазушылары қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Қазақстандық ірі баспалардың, атап айтқанда «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп», «Arman-PV», «Дарын», «Адал Кітап», «Smart University» баспаларының жаңадан шыққан кітаптардың тұсаукесерлерін өткізу жоспарлануда. Соның ішінде, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы директорының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, танымал ақын Маралтай Райымбекұлының «Балбалтас» өлеңдер жинағының тұсаукесері өтетінін атап айтуға болады.

«Ұлы Жібек Жолымен – 2024» XII Халықаралық кітап және полиграфиялық көрме бағдарламасында кітап нарығы мамандарына – баспагерлерге, кітапсатушыларға, әдеби агенттіктеріне, полиграфиялық компанияларға арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер енгізілген. 

Кітап жәрмеңкесі аясында, Қазақстанның Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы, «Nomad Culture Foundation» қорының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылдың 18-19 қараша күндері Орталық Азияда алғаш рет «Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Алматыдағы семинары: баспа ісіндегі заманауи үрдістер және авторлық құқық менеджменті» атты семинар өтеді.

Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойы қарсаңында «Қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағына 90 жыл» атты ақын-жазушылармен кездесу болады.

 

 

 

Оқиға күні

19 қараша 2024

Өткізу орны

г.Алматы

Оқиға түрі

Жәрмеңке