Есімдері ешқашан ұмытылмайды

Кеше облыс әкiмi Ермек Маржықпаев коронавирус iндетiмен күресiп жүрiп, қауiптi дерттен қайтыс болған жерлес дәрiгер Олег Исаев пен орта медициналық қызметшi Сәуле Байғабылованың қайтыс болғаннан кейiн тағайындалған мемлекеттiк жоғары наградаларын туған-туыстарына табыс еттi.
Адамның өмiрi үшiн аса қауiптi коронавирус iндетi елiмiз бойынша қаншама белгiлi тұлғалардың, осы дертпен алғашқы күннен-ақ күрескен медицина қызметкерлерiнiң өмiрiн қиып әкетуде. Бұл — елiмiз бен отандық денсаулық сақтау саласы үшiн үлкен орны толмас қаза. Адам өмiрiне араша түсiп, ауыр науқастарды өлiм аузынан алып қалу үшiн жан берiспей күресiп жүрiп, өздерi де осы дерттiң құрбаны болып кеткен ақ халаттылардың iшiнде Көкшетау қалалық көпбейiндi ауруханасының анестезиолог және реаниматолог дәрiгерi Олег Исаев пен Егiндiкөл аудандық ауруханасының орта медициналық қызметкерi Сәуле Байғабылова да бар. Олардың жұқпамен күрестегi еңбегi ересен. Талай жанды ажалдан құтқарған олар өздерi сұм ажалдың құрбаны болды.
– Коронавируспен күрестегi олардың қаһармандығы мен ерлiгi, баға жетпес еңбегi әрқашан да медицина қызметкерлерiне үлгi-өнеге болмақ. Олардың туған туыстарына, жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңiл айтамын, –дей келе, аймақ басшысы бiр минут үнсiздiкпен марқұмдарды еске алды.
13 шiлде жалпыұлттық аза тұту күнi болып жарияланып, дәл осы күнi Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев iндетпен күресте қайтыс болған дәрiгерлердi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапаттау туралы №370 Жарлығына қол қойған болатын. Бұл тiзiмде коронавирус iндетiмен күресте алғашқы күндерден-ақ адамдардың денсаулығы үшiн аянбай еңбек етiп, өз өмiрiн құрбан еткен қаһарман дәрiгер Олег Исаев та бар едi. Оған жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiсi — «Қазақстанның Еңбек Ерi» атағы берiлiп, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендерi тапсырылатыны белгiлi болды. Бұл жоғары дәрежелi награда марқұм Олег Исаевтың қызы Алинаға тапсырылды. Ол өз кезегiнде әкесiнiң денсаулық сақтау саласына сiңiрген зор еңбегiн бағалап, құрмет көрсетiп жатқан Мемлекет басшысы мен облыс әкiмiне алғыс айтып, көзiне жас алды.
Азаматтардың денсаулығын сақтауда жанқиярлықпен еңбек еткен Егiндiкөл аудандық ауруханасының орта медициналық қызметкерi марқұм Сәуле Байғабыловаға «Құрмет» орденi тапсырылды. Награда аудандық аурухананың бас дәрiгерi Асхат Әбiлбековке табысталды.
Олег Николаевичпен бiрге денсаулық саласында жиырма жылдан астам бiрге жұмыс iстеп, үзеңгiлес болған әрiптестерi де бұл жиында өз iсiнiң кәсiби шеберi, бiлiмдi де бiлiктi, еңбекқор дәрiгер туралы жүрекжарды пiкiрлерiн бiлдiрiп, оның аты халқының жадында мәңгi сақталатынын айтты.
Жиын соңында өңiр басшысы облыстағы коронавируспен күрес барысындағы қазiргi жағдайдың күрделiлiгi, тиiстi iс-шаралардың жан-жақты жүргiзiлiп жатқандығы жайында мәлiмет бердi.
Облыста осы күнi коронавируспен күреске арналған 10 жұқпалы аурухана мен 12 провизорлы емхана жұмыс iстеп жатыр. Өңiрде iндет жұқтырушылардың саны 1500-ден асыпты, олардың жартысынан көбi емделiп шыққан.
«Арқа ажарының» өз тiлшiсi.