«РОДИНА» АГРОФИРМАСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН БАСҚА ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНА ТАРАТУ ҚАЖЕТ – А. МАМИН

ҚР Премьер-Министрi Асқар Мамин «Ауыл — Ел бесiгi» жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ, елорда айналасында «азық-түлiк белдеуiн» құру аясында Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Родина ауылына жұмыс сапарымен барып, онда «Родина» агрофирмасы» ЖШС жұмысымен танысты.
Үкiмет басшысы ауыл шаруашылығы техникасы паркiн, сүт кешенi мен «Родина» агрофирмасының зауытын аралады, сондай-ақ, аттас ауылдың әлеуметтiк инфрақұрылым нысандарын — хоккей кортын, орта мектептi, супермаркет пен жайлы пәтерлердi көрдi.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту мәселелерiне зор көңiл бөлiп отыр. Сiздердiң агрофирма Қазақстандағы жетекшi әрi үлгiлiк кәсiпорындардың бiрi, жинақталған тәжiрибенi елiмiздегi басқа да шаруа қожалықтарына тарату қажет», — дедi А. Мамин.
«Родина» агрофирмасының басшысы И. Сауэр Премьер-Министрге кәсiпорынның жұмысын одан әрi кеңейту жөнiндегi жоспарлары туралы баяндады.
«Родина» агрофирмасы 2005 жылы аттас кеңшар базасында құрылған, Қазақстандағы өсiмдiк шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiру және қайта өңдеу бойынша жетекшi шаруа қожалықтарының бiрi. ЖШС-да жұмыс iстейтiндер саны — 520 адам. Соңғы үш жылда орташа жылдық өндiрiс көлемi 2,52 млрд теңгенi құрады. Агрофирма сиырларды сауу және қолда бағу үшiн цифрлық технологияларды, жел-энергетика қондырғысы мен басқа да озық технологиялық жүйелердi пайдаланады.
Егiс алқаптары құрылымына дәндi (бидай, арпа, сұлы), майлы (күнбағыс, зығыр майы) дақылдар, сүрлемге жүгерi, бiр жылдық және көп жылдық шөптер, картоп, көкөнiстер кiредi. Шаруашылық қара шұбар және голштино-фриз тұқымды iрi қара малды өсiретiн асыл тұқымды мал зауыты дәрежесiне ие.
primeminister.kz/kz/news/neobhodimo-rasprostranyat-opyt-agrofirmy-rodina-na-drugie-krestyanskie-hozyaystva-a-mamin



