Ақмола әкімі журналистер үшін гид қызметін атқарды

Ақмола әкімі журналистер үшін гид қызметін атқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бурабайда туризмдi дамыту жобаларын таныстыруға арналған баспасөз туры барысында Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин БАҚ өкiлдерiне Бурабайдың туристiк орындарына саяхат ұйымдастырып, гид қызметiн өзi атқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тiлшiсi.

Щуче-Бурабай курортының басты PR менеджерi ретiнде Мәлiк Мырзалин журналистер мiнген автобуста «Бурабайға қош келдiңiздер, бүгiн облыс әкiмi қызметiнен бөлек, сiздерге арналған саяхатта өзiм жетекшiлiк етемiн», — деп бастады сөзiн облыс басшысы.

«Сiздерге туризмдi дамытуда қандай жұмыстар жасалынып жатыр, болашаққа қандай жоспарлар барын айтып, көрсеткiмiз келедi. Әрине проблемада жоқ емес, ол проблемаларды бiз бiлемiз», — деп толықтырды өз сөзiн.

Оның айтуынша Бурабай кентiнде аумағы 14 га жердi қамтитын жаңа мөлтекаудан құрылысы басталды, сонымен қатар кенттiң орталық алаңы мен көшелерiнде жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, жаңадан 2 аллея салынды және қалдықтарды қалдықтарды сұрыптап тастайтын заманауи контейнерлер қойылды.

 

«Орталық көшелерде жаяу жүргiншiлерге арналған жол белгiлерi салынды, бұрын болмаған, соның әсерiнен жолда оқыс оқиғалар жиi орын алатын, қазiр айтарлықтай тыйылды, бұл алдымен қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуi», — дедi өңiр басшысы.

 

Гид алдымен орталық алаң және туристiк орталықпен таныстырды. Онда өлкетану және табиғат музейi, хайуанаттар саябағы мен хайуанаттарды тамашалау бұрышы, кәдесый дүкендерi, ойын-сауық орталықтары орналасқан.

Бұл жерде сол сияқты туристерге тегiн жол картасы мен терминалды пайдалануға болады. «Болашақта хайуанаттар саябағын сафари-саябақ ретiнде аясын кеңейту жоспарда бар», — деп толықтырды облыс әкiмi.

Одан әрi саяхат көл жағалауына қарай жалғасты. Көл жағасына ағылшын инвесторлары 10 су сырғанақтан тұратын төбешiктен тұратын үстi жабық аквасаябақ салу ниеттерi бар. Құны 200 млн теңгенi құрайтын инвесторлардың есебiнен салынып жатқан аквасаябақты 2019 жылы аяқталады деп көзделiп отыцр.

«Келiсiм оңайға түспедi, себебi инвесторлар ашық аспан асты аквасаябағын тұрғызғысы келдi, ал бiзге туристер үшiн аквасаябақтың жыл бойы жұмыс iстегенi тиiмдi», — дедi М.Мырзалин.

Сөз арасында аймақ басшысы көл жағалауында ақылы және тегiн жағажайлардың барын айтып, бағасы 500 теңгеден басталатынын және оның iшiне бiрнеше қызметтердiң кiретiнiн тiлге тиек еттi.

 

Одан әрi әкiм журналистерге серуен ретiнде Бөлектаудың биiк жерiне шығуды ұсынды. Таудың биiк тұсынан жаяу шыққан журналистер Бурабайдың ең ғажайып көрiнiсiн тамашалауға мүмкiндiк алды.

 

 

Саяхат соңы Бурабайдағы 4 жұлдызды «Park House» қонақ үйiнiң аспан асты террасасында Бурабайда туризмдi дамытуда жүзеге асырылатын басты жобаларды таныстыруға арналған баспасөз мәслихатына ұласты.

Айта кету керек, облыс әкiмi саяхат барысында курортты аймақтағы уақыт созбай шешiмiн табуы тиiс бiрқатар проблемаларғада тоқталып өттi. Соның бiрi әжетхана мәселесi «Көбiсi әкiм бұндай ұсақ-түйек мәселемен айналыспауы тиiс деп сынап жатады. Мен ол оймен келiспеймiн, керiсiнше айналысуы керек», — дедi әкiм.

Ақмола басшысы әжетхана мәселесiн бекер көтермедi, себебi халық арасында және әлеуметтiк желiлерде жиi қозғалатын тақырып. Әсiресе «Астана-Бурабай» тасжолы бойындағы әжетханалар мәселесi күнi бүгiнге дейiн сынға ұшырап келдi. Бүгiнде тасжол бойында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының республикалық жобасы аясында салынған «Kazway» павильоны iске қосылған. Оның iшiнде дәмхана, дүкен, әжетхана, телефон қуаттайтын құрылғы, wi-fi, автотұрақ, басқада жолаушыға қажеттiнiң бәрi бар. Бiр павильонның құны 22 млн теңгенi құрайды және ол шағын кәсiпкерлерге жалға берiлуде. Ақмола облысы бойынша 6 павильон бар, оның 4-i тасжол бойында, 2-i Бурабай курортында орналасқан.

 

 

Бұған дейiн айтқанымыздай баспасөз туры барысында облыс әкiмi халық арасында жиi айтылып жүрген Бурабайда демалу Түркиямен салыстырғанда неге қымбат деген журналистердiң сұрағына түсiнiктеме берген болатын.

 

Сонымен қатар, аймақ басшысы жұмыс бабымен Бурабайға жиi келгенiмен демалудың сәтi түсе бермейтiнiн айтты.

Қорытындылай келсек Бурабай курортына демалуға келетiн туристердiң саны жыл санап артуда, өткен жылы 850 мың турист келсе, биыл бұл көрсеткiш тағы 50 мыңға артады деп күтiлуде.