Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы болды

 Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы болды

Бүгiн облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бесiншi сессиясында облыс әкiмi Мәлiк Мырзалиннiң қатысуымен депутаттар сессияға дейiн болған депутаттық сағатта 2017-2019 жылдарға арналған бюджетке өзгерiстер енгiзудi бекiттi.

Экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Малғаждаровтың ақпараты бойынша бюджет қаражатының 3,5 млрд. теңгесiн келесiдей бөлу жоспарланды:

-769,3 млн. теңге жылумен қамтамасыз ету кәсiпорындары мен әлеуметтiк сала объектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге;

-393,5 млн. теңге — сумен қамтамасыз ету, тазалау және канализация желiлерiн дамытуға;

-742,4 млн. теңге — әлеуметтiк сала объектiлерiн қаржыландыруға және мемлекеттiк, әлеуметтiк-маңызды iс-шараларды жүргiзуге;

-829,8 млн. теңге — тұрғын үй құрылысын, инженерлiк және транспорттық инфрақұрылымды дамыту саласына;

-87,8 млн. теңге — табиғатты қорғау iс-шараларын қаржыландыруға көзделген.

Сонымен қатар, бруцеллезбен ауыратын ауыл шаруашылық малдарының құнына мал иелерiне қайтару үшiн 57,7 млн.теңге бағыттау қарастырылған.

«Бизнестiң жол картасы 2020» бизнесiн қолдаудың және дамытудың бiрыңғай бағдарламасының жобасын қаржыландыруға қол қойылған келiсiм-шарттарға сәйкес қабылданған мiндеттемелер бойынша 107 млн. теңге көзделген.

Қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн жергiлiктi полиция қызметiне материалдық-техникалық жабдықтауға 95,7 млн. теңге қаражат жiберiледi».

Сондай-ақ, сессияда Ақмола облысындағы көшi-қон процестерiн реттеу қағидаларын бекiту, қосымша дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы, консультативтiк-кеңес органдарының құрамдарына өзгерiстер енгiзу және бекiту бойынша шешiмдер қабылданды.