Жеке қайырымдылық қор облыстық балалар ауруханасына жаңа медициналық жабдықты табыстады

Бүгiн Көкшетауда Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қоры Ақмола облыстық балалар ауруханасына жаңа медициналық жабдықты табыстады.
«Асыл Мирас» қорының ұйымдастыру комитетi бiр жастан асқан балалардың тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн жабдықты сатып алу жөнiнде шешiм қабылдады. Баспасөз мәжiлiсi кезiнде ауруханаға орталықтандырылған медициналық газбен жабдықтау жүйесi, 15 реанимациялық консоль, неонаталдық электрод жиынтығымен жабдықталған 12 монитор, 12 шприцтiк мөлшерлегiш және 1 Pentax фиброгастроскобы табысталды. Ендi аурухана PENTAX фиброгастроскоп көмегiмен асқазан-iшек жолдарындағы патологияларды дұрыс диагностикалауға, дәрiлiк препараттарды егуге, кейбiр хирургиялық емшараларды жүргiзе алады.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мырзабекова Бибiгүл Өмiрзаққызы атап өткендей, Ақмола облыстық балалар ауруханасы — бұл 0 — 15 жас аралығындағы балаларға жоғары бiлiктi медициналық көмектi көрсететiн көп бейiндi мамандандырылған мекеме. Жыл сайын аурухананың анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлiмшесiне орташа есеппен алғанда 400-ден 550-ге дейiн науқас бала ауруханаға жатқызылады. Олардың iшiндегi 60%-ы бiр жасқа толмаған балалар (оның 30%-ы жаңа туылған нәрестелер). «Алайда ең озық медициналық жабдықсыз жоғары бiлiктi мамандар, жоғары сапалы дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету мұндай жағдайда көмектесе алмауы мүмкiн. Жаңа нормативтер медициналық жұмысшылардың бiлiктiлiк деңгейiне және де балалардың жансақтау бөлiмшелерiнiң жоғары технологиялық медициналық жабдықпен қамтамасыз етiлу жағына жаңа талаптар қойып отыр. Баланың демi таусылып жатқанда оған көмектесе алмау ең қорқынышты нәрсе», — дедi Бибiгүл Өмiрзаққызы.
Ақмола облыстық балалар ауруханасының бас дәрiгерi Ақшалов Серiк Болғанбайұлы «Асыл Мирас» қорына алғыс бiлдiрiп, осындай жабдықты сатып алудың маңыздылығына тоқталып өттi: «Асыл Мирас» қорына зор алғысымызды бiлдiремiз. Сатып алынған жабдық кiшкентай емделушiлерiмiздiң өмiрiн сақтап қалуға үлкен үлесiн қосатыны сөзсiз. Нақты уақыт тәртiптемесiнде тәулiк бойы гемодинамика мен инфузия көлемiне мониторинг жасауға мүмкiндiк беретiн заманауи жабдықпен (мониторлар, инфузомат) оңалту бөлiмшесiн қамтамасыз ету арқасында нәрестенiң хал-жағдайына нақты бақылау жасап, дәрiлiк препараттарды жылдам егуге мүмкiндiк алып отырмыз, сондай-ақ, бұл кiшкентай науқастың қауiпсiздiгiн сақтап, барынша жоғары терапиялық әсердi тигiзуге мүмкiндiк бередi».
Ұйымдастырушылар мұндай көмектi осыған дейiн Қазақстанның бiрнеше медициналық мекемелерiне көрсеткенiн атап өткiмiз келедi. «Өкiнiшке орай, заманауи технологиялар әлi елiмiздiң барлық медициналық мекемелерiнде ендiрiлмеген. Нәрестелердiң өмiрiн қамтамасыз етуде аса маңызды рөл ойнайтын осындай жабдықты табыстап отырғанымызға аса қуаныштымыз. Бұл жабдықты 2016 жылы жазда «Charity Tour de Burabay» велошеруiнен жиналған қарайымдылық қаржы есебiнен сатып алып отырмыз. Бұл — ерекше қажеттiлiктерге ие балаларға көмек көрсетуге арналған бағдарламаларымыздың бiрi», — деп атап өттi баспасөз мәжiлiсi кезiнде «Асыл Мирас» қорының директоры Айтмағамбетов Марат Темiрғалиұлы. — Сондай-ақ, бiздiң қызметiмiз аясында аутистiк бұзылыстары бар балаларға арналған 4 орталық жұмыс жасауда. Мемлекет, үкiметтiк емес ұйымдар және отандық бизнес өкiлдерiнiң жұмылып жұмыс жасауы арқасында балаларымыздың әл-ауқатын көтеруге болатынына бiздiң сенiмiмiз зор».
Естерiңiзге салып өтсек, Бурабайда қайырымдылық велошерудi 2013 жылдан бастап өткiзгелi берi Қазақстанның медициналық-әлеуметтiк мекемелерi 303 млн. теңгеге қажеттi медициналық, оңалтушы және техникалық жабдықтармен, ойын алаңдарымен және көлiкпен қамтамасыз етiлдi.