2026 жылғы 24 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы «ЦУМ» сауда үйінің алаңында кең ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі.
Жәрмеңкеге Ақмола облысының 8 ауданы – Аршалы, Бұланды, Біржан Сал, Егіндікөл, Есіл, Қорғалжын, Сандықтау, Шортанды аудандары, сондай-ақ Қосшы, Степногорск қалалары қатысады.
Жәрмеңке аясында барлығы 50 павильоннан тұратын 100 сауда орны ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, «НК СПК Kokshe» АҚ тұрақтандыру қоры арқылы бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары төмендетілген бағамен ұсынылады. Атап айтқанда: сиыр еті, 1-сортты ұн, қант, күріш, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, картоп және сәбіз.
Жәрмеңкеге облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады. Олардың қатарында: «ҚазГер Құс» ЖШС, «Ижевский» ӨК, «Макинская птицафабрика» ЖШС, «Компания Алтын- Қазық» ЖШС, «Aitas RTC» ЖШС, «Целин Агро Трейд» ЖШС және басқа да кәсіпорындар бар.
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұтынушыларға жалпы көлемі 250 тоннадан астам 30-дан астам түрлі өнім түрін ұсынады, оның ішінде:
Бұдан бөлек, жәрмеңке барысында отын, көшет материалдары және басқа да маусымдық тауарлар ұсынылады.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – тұрғындарды отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен тікелей қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен ұсыну.
Барлық өнімдер нарықтағы орташа бағадан 10–15%-ға төмен бағамен сатылады.
Қарттар күніне орай Көкшетау қаласында өткен облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 200 тоннадан астам жаңа өнім жеткізілді. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынып, жәрмеңкеде 50 павильонға орналастырылған 100 сауда орнын қамтыды.
Сауда сөрелерінде сатып алушылар арасында ең жоғары сұранысқа ие өнімдер ұсынылды. Атап айтқанда, 50 тоннаға жуық ет өнімдері, 20 тонна сүт өнімдері, сондай-ақ 40 тоннаға жуық көкөніс пен картоп жеткізілді. Сонымен қатар жәрмеңкеден балық, жұмыртқа, ұн, жарма, өсімдік майы, маусымдық өнімдер мен көшеттерді сатып алуға болады.
«Жәрмеңкеге облыстың он ауданынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып отыр. Тұрғындардың ұсынылған өнімдерге белсенді қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Біздің аграршылар үшін мұндай жәрмеңкелер игі дәстүрге айналса, тұрғындар үшін қажетті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Жәрмеңке қазан айы бойы өтетін Қарттар күніне арналған айлық аясындағы іс-шаралардың бірі болды. Осы кезеңде өңірде аға буын өкілдерін қолдауға бағытталған бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған.
Саудада тұрақтандыру қорындағы өнімдерге ерекше сұраныс байқалды. Қала тұрғындарына сиыр еті, қант, күріш, бірінші сұрыпты ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, сондай-ақ картоп пен сәбіз нарықтағы бағадан 10–15%-ға төмен бағамен ұсынылды.
«Жәрмеңке өткен сайын осында келіп, қажетті азық-түліктерімді сатып аламын. Бүгін Зеренді ауданынан әкелінген жылқы етін сатып алдым – еттің балғын екені бірден көрініп тұр, бағасы да қолжетімді. Мұндай жәрмеңкелер қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Мұнда сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға болады. Жолдасым екеуміз бірге келуге тырысамыз – әрі қажетті заттарымызды аламыз, әрі жақсы көңіл-күймен қайтамыз», – дейді қала тұрғыны Салима Сахаева.
3 қазанда Халықаралық қарттар күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы «ЦУМ» сауда үйінің аумағында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтеді.
Жәрмеңкеге облыстың 9 ауданы мен Көкшетау қаласы, сондай-ақ 21 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысады. Тұрғындарға ет және шұжық өнімдері, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, көкөніс, жарма және өсімдік майы сияқты 30-дан астам өнім түрі ұсынылады.
Жәрмеңкеге жалпы көлемі 200 тоннадан астам өнім шығарылады. Барлығы шамамен 100 сауда орны ұйымдастырылады.
Сонымен қатар «НК СПК Kokshe» АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері төмендетілген бағамен сатылады.
📍 Мекенжайы: Көкшетау қаласы, «ЦУМ» сауда үйінің аумағы
📅 Күні: 3 қазан
💰 Бағасы: нарықтағы бағадан 10–15%-ға төмен
Тұрғындарды жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға шақырамыз! 🥕🥩
Ақмола облысы Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі әлеуетін нығайтып келеді. Бұланды ауданындағы «Даниловское и К» ЖШС егіс алқаптарында облыс әкімі Марат Ахметжановтың және Нидерланд, Польша, Латвия, Эстония мен Солтүстік Македония елшіліктерінің өкілдерінен құралған шетелдік делегацияның қатысуымен кездесу өтті. Шетелдік қонақтарға өңірдің ауыл шаруашылығы және экспорттық әлеуеті таныстырылып, астықтың жоғары сапалық көрсеткіштері мен терең өңдеуге бағытталған жұмыстарға баса мән берілді.
Өңірдегі егін жинау науқаны агроөнеркәсіптік кешеннің жоғары нәтижелерін көрсетіп отыр. Ақмолалық диқандар 5,2 млн тонна астық бастырды. Биыл шаруалар үшін басты жетістік – өнім көлемімен қатар, оның жоғары сапасы. Нан қабылдау кәсіпорындарына түскен астықтың 86%-дан астамы жоғары сұранысқа ие 3-сыныпқа жатқызылса, құрамында ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді.
Бұл көрсеткіштерге жаз айларындағы қуаңшылық секілді күрделі климаттық жағдайларға қарамастан қол жеткізілді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұған мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары, заманауи агротехнологияларды енгізу және саланы цифрландыру айтарлықтай ықпал еткен.
«Биыл ауа райының күрделі жағдайларына қарамастан, Мемлекет басшысының қолдауы мен кешенді тәсілдің арқасында жақсы өнім алып отырмыз. Астықтың басым бөлігі – тауарлық өнім, оның Hi-Pro көрсеткіштері жоғары. Мұндай бидайсыз Еуропада сұранысқа ие жоғары сапалы макарон өнімдерін өндіру мүмкін емес. Біз жыл сайын 3,5 млн тоннадан астам тауарлық астық экспорттаймыз. Сонымен қатар экономикалық саясатымыз терең өңдеуді дамытуға бағытталған. Қазір өңірде екі ірі кәсіпорын салынып жатыр. Аршалы ауданында жылына 1 млн тонна бидайды терең өңдейтін кешен бой көтерсе, Көкшетау қаласында майлы дақылдардың тұқымын өңдейтін май экстракциялық зауыт салынады», – деді Марат Ахметжанов.
Жоғары сапалы өнім көрсеткіштері экспортқа бағытталған жеткізілімдерді кеңейтуге мүмкіндік береді. Өткен жылдардағы астық қалдығын ескергенде, 2026 жылдың қорытындысы бойынша астық экспорты 4 млн тоннаға, ал майлы дақылдар тұқымының экспорты 500 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Ақмола облысы әлемдік нарықтағы үлесін кезең-кезеңімен арттырып, Еуропаның Эстония, Италия және Бельгия сияқты елдерімен ынтымақтастықты дамытып келеді. Сонымен қатар Норвегия, Алжир және Марокко секілді жаңа экспорттық бағыттар ашылуда.
Шетелдік делегация өкілдері өңірдің аграрлық секторындағы даму қарқынына жоғары баға берді. Нидерланд Елшілігінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ари Велдхаузен сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін халықаралық стандарттарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
«Ақмола облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті зор. Өңір Қазақстандағы астық өндіретін негізгі аймақтардың бірі саналады. Біз үшін өндіріс көлемімен қатар, өнім сапасына, технологияларға, сақтау мен өңдеуге деген назардың артып келе жатқаны ерекше қызығушылық тудырады. Алайда Еуропа – талаптары жоғары нарық. Мұнда азық-түлік қауіпсіздігіне, өнім сипаттамаларының тұрақтылығына, тауардың қадағалануына және өндірістің тұрақтылығына үлкен мән беріледі. Зертханалық зерттеулер Ақмола облысының астығы жоғары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін көрсетті», – деп атап өтті Ари Велдхаузен.
Агросектордың бәсекеге қабілеттілігін жүйелі түрде арттыруға мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдау да ықпал етуде. Соңғы 3 жылда облыстың агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 707 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Өңірде машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері 51,6 млрд теңгеге 941 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ал жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тонна астық қоймалары жиналған өнімді толық сақтауға мүмкіндік береді.
Өңірге жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов облыс тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Онда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелері, мемлекеттік қолдау шаралары және саланы одан әрі дамыту болашағы талқыланды.
Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығының жалпы өңірлік өнім үлесі 15%-ға жетті. Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,3%-ға артты.
Биыл өңірдегі жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарды құрады. Бұл ретте майлы дақылдар егілетін алқаптың көлемі 70%-ға ұлғайып, 840 мың гектардан асты. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өндірісті әртараптандыруға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 668 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 93,8 млрд теңге көлемінде жеңілдікті қаржыландыру берілді. Қаржыландыру 1,2 млн гектар егістік алқапты қамтыды.
Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында жалпы құны 30,9 млрд теңге болатын 475 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 345 шарт жасалды.
«Бүгінде өндіріс көлемін жай ғана ұлғайтудан толық құн тізбегін дамытуға көшу маңызды. Бұл ретте қаржыландыру мен өндірістен бастап, өнімді сақтау, қайта өңдеу және өткізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамту қажет.
Үкімет мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын бекітті. «Игілік», «Береке» және «Жайлау» кредиттік өнімдері іске қосылды. Айналым қаражатын толықтыруға 5% мөлшерлемемен кредит беру бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл ресурстар шаруашылықтарды дамытуға, атап айтқанда, асыл тұқымды мал басын сатып алуға және жемшөп базасын нығайтуға тікелей бағытталуы тиіс», – деді Азат Сұлтанов.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру, қайта өңдеу өндірісін кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу инфрақұрылымын дамыту жөнінде ұсыныстарын білдірді.
«Бүгін айтылған барлық ұсынысты егжей-тегжейлі пысықтап, нақты шешімдерге айналдыру қажет. Жұмысымыздың басты өлшемі – мемлекеттік қолдау шаралары нақты экономикалық нәтиже беріп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын арттыруға ықпал етуі тиіс», – деді вице-министр.
Сапар аясында Азат Сұлтанов азаматтарды жеке қабылдады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі басым бағыттар айқындалды.
Ақмола облысы әкімдігінің аталған қаулысының жобасын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 107 бұйрығымен бекітілген Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының 64-тармағына сәйкес Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы әзірледі.
Қаулының жобасы 2026 жылға арналған субсидияланатын пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) тізбесіне және пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) 1 литріне (килограмына, грамына, данасына) берілетін субсидиялар мөлшерлеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу мақсатында әзірленді.
Қаулы жобасын қабылдау 2026 жылға арналған субсидияланатын пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) тізбесін және тиісті субсидиялар мөлшерлерін өзектендіруге мүмкіндік береді. Қаулының жобасымен толығырақ «Ашық НҚА» порталында мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15903251.
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинге Ақмола облысындағы «Burabay Milk» ЖШС-нің инвестициялық жобаларын іске асыру барысы таныстырылды.
Баянбай ауылында 1 440 азықтық мал басына арналған тауарлы-сүт фермасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде Германиядан фермаға голштин тұқымды 330 бас сиыр әкелінді. Жоба аясында төрт сиыр қорасы мен сауын залын кезең-кезеңімен пайдалануға беру көзделген.
Сонымен қатар, «Burabay Milk» ЖШС директоры Ғалымжан Абдықаликов Щучье қаласында тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін сүт зауытын салу жобасын таныстырды. Нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылғы қарашада басталды. Қазіргі уақытта Shugao және Fibosa компанияларымен жабдық жеткізу туралы келісімшарт жасалды.
«Жобаларды іске асыру өңірде сүтті мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға, сондай-ақ отандық сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруға бағытталған. Екі нысанды да жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобалар іске қосылғаннан кейін шамамен 100 тұрақты жұмыс орны ашылады», – деп атап өтті Ғалымжан Абдықаликов.
Ақмола облысында егін жинау науқаны қарқын алып келеді. Өңірдің барлық аудандарында шаруалар алқаптарға шығып, бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі – науқанды ұйымдасқан түрде, оңтайлы мерзімде және өнім сапасын жоғалтпай өткізу. Осы мәселелер Бурабай ауданында өткен ауқымды агрокеңесте талқыланды. Жиынға облыстың 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі қатысты. Жиында қалыптасқан жағдайды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин талқылады.
Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің негізгі астық өндіретін өңірлерінің бірі болып саналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 5,6 млн гектар алқапқа орналастырылса, оның 4,5 млн гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың көлемі 838 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Қазір барлық аудандарда егін жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде шаруалар 800 мың гектардан астам дәнді дақылды жинап, 978 мың тонна астық бастырды. Орташа өнімділік гектарына 12,2 центнерді құрайды. Жалпы, биыл облыста шамамен 8 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жоспарланып отыр.
Биылғы науқанға өңір толық техникалық дайындықпен кірісті. Егін жинау жұмыстарына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, машина-трактор паркінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге науқанды өткізу үшін 81 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шамамен 433 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
Техниканы жаңарту жұмыстары да жалғасуда: жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,1 мың техника сатып алған, оның 842-сі жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында алынған.
«Бүгінде аграрийлердің алдында тұрған міндет – өнімді жай ғана жинап алу емес, оны сапалы әрі оңтайлы мерзімде жинау. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалды: техника, жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштар қамтамасыз етілді. Біздің міндетіміз – егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде өткізу және туындаған мәселелерді жедел шешу», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Өңір басшысы атап өткендей, мемлекеттік қолдау нақты нәтижемен өлшенуі тиіс. Соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешенге қомақты қаржы бағытталуда. 2025 жылы Ақмола облысының ауыл шаруашылығын қолдауға шамамен 245 млрд теңге бөлінді. Ал биыл АӨК-ті дамытуға шамамен 316 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен шамамен үштен біріне артық.
«Барлық жерде нәтиже болуы керек. Мемлекеттік қолдау шаралары өндіріс көлемінің өсуін, өнімділіктің артуын, салық түсімдерінің көбеюін, жерді тиімді пайдалануды және бизнестің жауапкершілігін қамтамасыз етуі тиіс. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, жерді оны сауатты әрі тиімді пайдалана білетін адамдар игеруі керек. Жер – еліміздің байлығы. Сондықтан бюджеттен бөлінген әрбір теңге ауыл шаруашылығын және ауыл экономикасын дамытуға жұмыс істеуі тиіс», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде мемлекеттік қолдау алып қана қоймай, бөлінген ресурстарды тиімді пайдаланатын, заманауи технологияларды енгізетін, тыңайтқыштарды уақытылы қолданатын және техниканы жүйелі түрде жаңартып отыратын шаруашылықтарға ерекше көңіл бөлінуде.
«Мемлекет сіздерге осындай қолдау көрсеткен кезде, оның қайтарымы болуын күтуге толық құқылы. Бізге болашаққа бағытталған, ғылыми негізделген тәсілдерді қолданатын, цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізетін шаруашылықтар қажет. Мұның барлығы түптеп келгенде өнімділікке, өнім сапасына және шаруашылықтардың экономикалық тұрақтылығына әсер етуі тиіс», – деді облыс әкімі.
Биыл басты назар өнім көлеміне ғана емес, астықтың сапасына да аударылып отыр. Жекелеген аудандарда клейковина мөлшері 40 пайызға дейін жетеді. Жарқайың және Есіл аудандары жоғары көрсеткіштер көрсетуде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жаңа өнімнің шамамен 40 пайызы құрамында ақуыз бен клейковина мөлшері жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие Hi-Pro стандартына сәйкес келеді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі ірі көпсалалы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Журавлевка-1» ЖШС-нің егіс алқаптарындағы орақ науқанының барысымен танысты. Шаруашылық ауқымды егіншілікті, техникалық паркті жаңартуды, заманауи технологияларды енгізуді және жұмысшылар үшін тұрақты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді ұштастыра отырып, заманауи аграрлық өндірісті дамытудың кешенді тәсілін көрсетіп отыр.
Шаруашылық дәнді және дәнді-бұршақты, майлы, жемшөп және көкөніс дақылдарын өндіруге маманданған. Сонымен қатар мал шаруашылығын, оның ішінде қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын асылдандыру бағытындағы жұмыстарды дамытып келеді.
Кәсіпорынның жалпы жер қоры 169 мың гектарды құрайды, оның 134 мың гектары – егістік алқаптар. Жер учаскелері Бұланды және Бурабай аудандарының аумағында орналасқан.
Кездесу барысында заманауи агротехнологияларды енгізу, соның ішінде майлы дақылдарды жинауды ұйымдастыру тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы заманауи жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникасы пайдаланылатын рапс жинау барысымен танысты. Жалпы бүгінгі таңда шамамен 30 мың гектар алқап жиналып, орташа өнімділік гектарына 18 центнерді құрап отыр.
«Майлы дақылдар есебінен егіс алқаптарын әртараптандыру шаруашылыққа тек экономикалық тиімділік беріп қана қоймайды. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдың әлеуметтік саласын дамытуға, мал шаруашылығы үшін жемшөп базасын қалыптастыруға, сондай-ақ өндірістік және тұрмыстық қажеттіліктерге баламалы экологиялық таза отын алуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, зығыр сабаны астық кептіргіштер мен қазандықтарға отын ретінде пайдаланылады. Қауыз құс фабрикаларына өткізіледі және малға төсеніш ретінде қолданылады. Алдағы уақытта оны жылыту мақсатында кеңінен пайдалану жоспарлануда», – деді кәсіпорынның бас директоры Арман Құдайбергенов.
Технологиялық операциялардың дәл орындалуын қамтамасыз ету, егістіктер мен техниканың жағдайын бақылау, ресурстарды тиімді пайдалануды оңтайландыру және объективті деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін шаруашылықта цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады.
Атап айтқанда, GPS-навигация және автоматты басқару жүйелері, егістіктерді спутниктік мониторингтеу, агродрондар, автоматты метеостанциялар және басқа да заманауи құралдар енгізілген.
Шаруашылықта еңбек нәтижесіне тікелей байланысты еңбекақы төлеу жүйесі де енгізілген. Бұл еңбек өнімділігін 30%-ға дейін арттырып, қызметкерлердің түпкі нәтижеге деген қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде кәсіпорындағы орташа айлық жалақы шамамен 589 мың теңгені құрайды.
«Журавлевка-1» ЖШС ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге ғылыми негізделген әрі жүйелі тәсіл қалыптастырып, мемлекеттік қолдау шараларын мақсатты әрі тиімді пайдаланып келеді.
Сауатты жоспарлау, заманауи технологияларды енгізу және ресурстарды ұтымды пайдалану нәтижесінде шаруашылық тұрақты көрсеткіштерге қол жеткізуде. Сонымен қатар кәсіпорын әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөліп, ауылдық аумақтарды дамытуға үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп отыр», – деді Марат Ахметжанов.
Ақмола облысында – Қазақстанның негізгі астықты өңірінде – егін жинау науқаны қарқынды кезеңге өтті. Қолайлы агроклиматтық жағдайлар, әртараптандырудың тиімді стратегиясы, заманауи ғылыми технологияларды қолдану және ауқымды мемлекеттік қолдау жергілікті диқандарға егін орағының қарқыны мен өнім сапасы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Биылғы ауыл шаруашылығы маусымында өңірдегі егіс алқабының жалпы көлемі 5,6 млн гектарды құрады. Оның ішінде 4,5 млн гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға, ал 840 мың гектары майлы дақылдарға тиесілі. Орақтың бастапқы кезеңінде қамбаларға 85,6 мың тонна астық құйылды. Сонымен қатар мал шаруашылығына қажетті мал азығын дайындау жұмыстары аяқталуға жақын: 1,2 млн тонна пішен жиналып, жоспардың 90 пайызы орындалды, сондай-ақ 172 мың тоннадан астам пішендеме дайындалды.
Биылғы өнімнің басты ерекшелігі – оның жоғары сапасы. Жаңадан жиналған астықтың шамамен 40 пайызы халықаралық Hi-Pro премиум стандартына сәйкес келеді. Желімше мөлшерінің жоғары болуы және нан пісіру қасиеттерінің жақсылығы Ақмола бидайын шетелдік нарықтарда жоғары сұранысқа ие шикізатқа айналдырып отыр. Әсіресе ол жоғары сұрыпты ұн және макарон өнімдерін өндіруші шетелдік кәсіпорындар үшін аса құнды. Егін жинау қарқыны мен өнім сапасы бойынша дәстүрлі түрде Есіл және Жарқайың аудандары алдыңғы қатардан көрінуде.
«Ақмола астығының құндылығы – табиғи қолайлы жағдайлардың, заманауи сорттардың генетикалық әлеуетінің және ғылыми негізделген агротехнологиялардың үйлесімді нәтижесі. Бұған дұрыс ұйымдастырылған ауыспалы егіс, минералдық қоректендіруді оңтайландыру және өсімдіктерді дер кезінде қорғау шаралары кіреді», – деді А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, бидайдың 30-дан астам сортының авторы Татьяна Шелаева.
Егін орағының жоғары тиімділігі Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың кешенді қолдауының арқасында қамтамасыз етілуде. Биыл өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қаржыландырудың жалпы көлемі 265 млрд теңгеден асты. Бөлінген қаражат «Кең Дала-2» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген несиелеуге, субсидиялауға, форвардтық сатып алуға және машина-трактор паркін жаңартуға бағытталды.
Егін жинау науқанын табысты өткізу үшін 81,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, ал алқаптарда 14,5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Топыраққа 433 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді, бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,7 есе жоғары. Облыстағы астық сақтау инфрақұрылымының жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тоннаға жетеді. Оның құрамына 67 астық қабылдау кәсіпорны мен 1,5 мың шаруашылық қоймасы кіреді. Бұл жиналған астықтың толық сақталуын қамтамасыз етеді.