Меню

Страницы

Статья

ДІН ЖӘНЕ ЗАҢ

  Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап көпэтносты және поликонфессиялық қоғам құру жолына түсті. Бұл үрдіс кездейсоқ пайда болған жоқ – елімізде ұлттар мен діндердің әртүрлілігі тарихи қалыптасқан құбылыс. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына көші-қон үдерістері жанданып, ал Кеңестік кезеңде индустриализация мен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстанға миллиондаған адам көшіп келді. Кеңес дәуірінде дінге тыйым салынғандықтан, рухани сенім екінші қатарға ысырылды. Алайда КСРО тарағаннан кейін дін мәселесі қоғамда қайта жанданып, өзекті тақырыпқа айналды. Сол кезеңде Қазақстан қоғамы діни тұрғыдан өте әртүрлі еді, сондықтан мемлекеттің алдында діни алауыздықтың алдын алып, түрлі сенім иелерінің бейбіт өмір сүруіне жағдай жасау міндеті тұрды.

  Қазақстан Республикасы өз Конституциясында өзін зайырлы мемлекет деп жариялаған. Бұл қағидат елімізде діни сенім бостандығы қамтамасыз етілетінін, бірақ діннің мемлекет істеріне араласпайтынын білдіреді. Діннің еркін дамуы тек заң шеңберінде ғана жүзеге асады. Мемлекетімізде 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы – осы саладағы негізгі құқықтық акт. Аталған заң азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуге бағытталғанымен қатар, діни бірлестіктердің қызметін де қатаң қадағалайды. Заңға сәйкес, Қазақстан қандай да бір дінді мемлекеттік немесе міндетті деп танымайды. Білім беру жүйесі діни ұйымдардан бөлінген, тек арнайы діни білім беру мекемелері ғана рұқсат етілген. Сонымен қатар, мемлекет ханафи мазхабындағы ислам мен православие христиандығының ел мәдениеті мен руханиятының дамуына қосқан тарихи үлесін мойындайды және басқа да дәстүрлі діндерге құрметпен қарайды.

 2025 жылы Қазақстанда «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдама» қабылданды. Бұл құжат азаматтардың құқықтық санасын арттыру, заң үстемдігін бекіту, құқықтық мәдениетті нығайту сынды бағыттарды көздейді. Мұнда діни ұйымдар да серіктес ретінде қарастырылған, себебі олардың да қоғамға моральдық-этикалық тәрбие беру әлеуеті жоғары. Тұжырымдамада дін өкілдерінің заңға құрмет танытуы, экстремизм мен деструктивті ағымдардың алдын алу, діни білімнің сапасын арттыру мәселелері қарастырылады. Дін мен құқықты ұштастыра отырып, мемлекет зайырлылықты сақтап, діни сенім иелерінің еркіндігін шектемей, керісінше заң шеңберінде қорғай білуге тырысуда.

 Заңға сәйкес, мемлекет азаматтың қандай дінді ұстанатынына немесе ұстанбайтынына араласпайды. Бұл қағидат баланың тәрбиесіне де қатысты: ата-ана баласын діни бағытта тәрбиелеуге құқылы, алайда егер ол баланың денсаулығына, өміріне қауіп төндірсе немесе оның құқықтары бұзылса, мемлекет тиісті шара қолдануға құқылы. Сол сияқты, діни ұйымдардың саяси үдерістерге араласуына, партия құруына немесе қолдауына тыйым салынған. Мемлекет те діни бірлестіктерге мемлекеттік органның функцияларын жүктей алмайды. Сонымен қатар, заң діни ұйымдарға азаматтарды күшпен тартуға немесе ұйымнан шығуға кедергі жасауға қатаң тыйым салады. Егер қандай да бір діни ұйымның қызметі зорлық-зомбылықпен, азаматтардың құқықтарын бұзумен, заңға бағынбауға шақырумен немесе басқа да зиянды әрекеттермен байланысты болса, мемлекет тиісті шара қабылдайды.

   Дін мен заң бір-біріне қарсы тұратын емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын құндылықтар жүйесі. Дін адамның ішкі рухани өмірін реттесе, заң – оның қоғамдық қатынастардағы мінез-құлқын реттейді. Екеуінің үйлесімі – бейбіт әрі тұрақты қоғамның негізі.

  Қазақстан тәжірибесі көрсетіп отырғандай, этностық және діни әртүрлілік жағдайында да қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Бұл ретте заңнамалық базаның, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың, діни ұйымдардың жауапкершілігі мен қоғамның құқықтық мәдениетінің маңызы зор. Қазақстанда дін мен заң арасындағы қарым-қатынас – зайырлы мемлекеттің бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы табысты моделі. Діни сенімге еркіндік бере отырып, заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама осы бағыттағы жұмыстардың жаңа кезеңін бастап берді. Ендігі міндет – осы саясатты жүйелі жүзеге асырып, құқықтық және рухани мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру.

Теолог  Байжігітов Диас

 

Дата публикации
30 июня 2025
Дата обновления
30 июня 2025
Тип

Сейчас читают

Информация
02 октября 2026
Информация о социальных проектах и (или) социальных программах государственного социального заказа на 2027 год
Статьи
25 июня 2026
АНОНС о начале обсуждения результатов внутреннего анализа коррупционных рисков в Управлении по делам религий Акмолинской области
Статьи
26 мая 2026
АНОНС О начале проведения внутреннего анализа коррупционных рисков в ГУ «Управление по делам религий Акмолинской области»

Социальные медиа

Меню подвал

Послания Президента РК
Сайт Президента РК
Сайт Премьер-Министра РК
Концепция цифровой трансформации
Жизненные ситуации
Государственные символы РК
Термины и обозначения
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Экранный диктор
Концепция развития искусственного интеллекта на 2024 – 2029 годы