Қонаевта Алматы облысының алғашқы жастар коворкинг орталығы ашылды
БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
Алматы облысы, Қонаев қаласы
2024 жылғы 22 ақпан, сағат 16:00
Алматы облысында алғашқы жастар коворкинг орталығы ашылды
Өңір орталығы Қонаев қаласында өткен салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров қатысты.
Екі жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының жұртшылығымен кездесуінде: «Қонаев ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек» деген болатын.
Осы мақсатта облыс әкімінің бастамасымен ашылған жаңа коворкинг орталық жастардың жан-жақты дамуына арналған орынға айналмақ. Бұл жерде жастарға білікті мамандардың психологиялық және заңгерлік қолдауы, қаржылық сауаттылық бойынша кеңестер ұсынылады, сондай-ақ NEET санатындағы жастардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі.
Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров: «Еліміздегі жастар саясатының басты мақсаты – әрбір жастың қоғамда өз орнын табуына қолдау көрсету. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында ауыл жастарын кәсіби дамыту және олардың кәсіпкерлік арқылы әлеуетін іске асыруға қолайлы жағдай жасау көзделген. Құзырлы органдар еліміздің барлық өңірінде осы бағыттағы жұмысты күшейтеді», – деп атап өтті.
Коворкинг орталықтары өңір жастарын әлеуметтендірудің маңызды құралына айналмақ. Жаңа жастар алаңында тегін негізде бизнес-тренингтер, шеберлік сабақтары, кездесулер, көрмелер, үйірмелер және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған.
«Қазір Алматы облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 420 мыңнан астам жас тұрады. Бірақ жастар үшін бас қосып, ой бөлісетін, қиын жағдайда көмек көрсететін орталық болған жоқ. Біз бұл мәселені жүйелі түрде және кезең-кезеңімен шешудеміз. Алдағы уақытта облыстың басқа аудандарында жастар үшін заманауи инфрақұрылым құруға тырысамыз. Бұл жастар арасындағы миграция деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Басты міндет – коворкинг орталықтарды жастардың „екінші үйіне“ айналдыру», – деді Алматы облысының жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов.