Алматы облысында ірі ет өңдеу зауыты іске қосылды

Ет өңдеу цехында арнайы киім киген жұмысшылар мен конвейердегі ет .

Республика күніне орай Алматы облысының Кеген ауданында «КегенМясПром»  ет өңдеу зауыты ашылды. Инвестиция құны – 2,5 млрд теңге. Заманауи кәсіпорында күніне 10 тонна ет өңделіп, жартылай фабрикатталған 20 түрлі өнім дайындалады. Қазіргі таңда мұнда 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Жоба өңдеу өнеркәсібін дамытып, ішкі нарықтағы отандық өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған. Сонымен қатар кәсіпорын жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. 

Зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс, аудан басшылығы, сала мамандары, кәсіпорын қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі жаңа ет комбинаты шалғай ауданның тыныс-тіршілігіне жан бітіретін маңызды жоба екенін атап өтті.


 «Заманауи кешеннің басты артықшылығы – тұрғылықты азаматтар малын шалғайға тасымай-ақ, өз елді мекенінің аумағында бордақылап, тиімді шарттармен өткізе алады. Сондықтан өз тарапымыздан осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңа инвестициялық жобаларға қажетті жағдай жасауымыз қажет. Жаңа ет комбинаты Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады деп сенеміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы. 

Зауытта күніне 120 бас ірі қара, 100 бас ұсақ мал және 20 бас жылқы еті бордақыланып, өңделеді. Дайын өнім ірі сауда желілері мен өндіріс цехтарына жөнелтіледі. Кәсіпорында мамандарды оқыту жұмысы да жолға қойылған. 

«КегенМясПром» ЖШС директоры Светлана Козубакова ет өңдеу зауытын Кеген ауданында ашуы бекер емес екенін айтады.

«Бұл жақтың табиғаты мал өсіруге өте қолайлы. Жайлаудың шүйгін шөбін жеп өскен малдың еті өте дәмді әрі экологиялық таза болады. Жаңа кәсіпорын толығымен заманауи жабдықтармен қамтылған. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп, техника сатып алуға субсидия берілді. Алдағы уақытта өндіріс ошағының жанынан 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз», – деді кәсіпорын басшысы.