2026 жылдың 9 айының қорытындысы: Алматы облысының цифрлық дамуы
Көру саны:3
Алматы облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, байланыс сапасын арттыру, зияткерлік технологияларды енгізу және электрондық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Елді мекендерді цифрландыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, IT-индустрияны дамытуға және өңір тұрғындары үшін қолайлы сервистер құруға ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ақпарат және байланыс қызметтерінің нақты көлем индексі 110,9%-ды құрап, жылдық жоспардан 7,6%-ға жоғары болды. Көрсетілген қызметтердің көлемі 15,5 млрд теңгеге жетті.
Басым бағыттардың бірі – тұрғындарды, оның ішінде шалғай ауылдық елді мекендерді сапалы әрі қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету. Байланыс операторларымен ынтымақтастық аясында облыстың 160 ауылына жоғары жылдамдықты интернет тартылды. Сонымен қатар 73 ауылдық мектеп жылдамдығы 200 Мбит/с дейін жететін Starlink спутниктік интернетіне қосылды.
2027 жылдың соңына дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 85 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу, сондай-ақ тағы 76 елді мекеннің тұрғындарын жоғары жылдамдықты сымды интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында және облыстың туристік аймақтарында (Қара шатқал, Асы үстірті, Есік көлі) мобильді байланыс сапасын жақсарту, инвесторлар есебінен антенна-діңгек құрылыстарын (АДҚ) салу жұмыстары жүргізілуде.
Өңірде зияткерлік бейнебақылау жүйесі кезең-кезеңімен дамытылуда. Облыс аумағында 42 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың қатарында Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен біріктірілген жүйелер де бар. Жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің зияткерлік жобасын іске асыру құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және оқиғаларға жедел ден қоюға бағытталған. 2026 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 1177 құқық бұзушылық тіркеліп, 877 әкімшілік хаттама жасалды. Жалпы сомасы 3,8 млн теңгені құрайтын 877 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл есептелді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша халықтың өтініштерін орталықтандырылған түрде қабылдауды қамтамасыз ететін 109 бірыңғай байланыс орталығын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қызмет іске қосылғаннан бері 72 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, олардың 99%-ы есептік деректерге сәйкес оң нәтижемен аяқталды. Ал 2026 жылдың басынан бері 34 574 өтініш қабылданды. Республикалық референдум кезінде 1 534 қоңырау түсті. Қазіргі уақытта азаматтарға 2026 жылғы 29 қарашаға жоспарланған мәслихат сайлауы туралы анықтамалық және түсіндірме ақпарат берілуде.
Аталған сервис тұрғындарға коммуналдық мәселелер туралы хабарлауға, қажетті ақпарат алуға және өтінімдердің қаралу нәтижелерін бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, iAlmobl.kz цифрлық платформасы дамытылуда. 2026 жылы осы платформа арқылы 1 037 өтініш тіркелді.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру. 2026 жылы өңірлік ақпараттық жүйе арқылы балаларды кезекке қоюға және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауға қатысты 68 мыңнан астам өтініш өңделді.
Балалардың сабаққа қатысу есебінің шынайылығын арттыру мақсатында QR-кодтарды пайдалану арқылы электрондық табельдеу тетігі енгізілді. Жүйеде 1 080 мектепке дейінгі ұйым тіркелген, олардың 95,2%-ы мобильді қосымшаны белсенді пайдаланады.
Балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Аталған жүйені облыстың барлық мектепке дейінгі ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу 2027 жылға жоспарланған.
Alatau Hub өңірлік инновациялық орталығы IT-қоғамдастықты дамыту, стартаптарды қолдау және халықтың цифрлық құзыреттілігін арттыру үшін маңызды алаңға айналуда.
2026 жылы орталық алаңында 4 500-ден астам адамның қатысуымен 290 іс-шара өткізілді. Хакатондар, білім беру интенсивтері, практикалық семинарлар, робототехника бойынша жарыстар және жасанды интеллектке арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Жастарды ақпараттық технологиялар саласына тартуға, инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға және цифрлық экономика мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.
Жер ресурстары, инфрақұрылым нысандары және облыс аумақтары туралы кеңістіктік деректерді біріктіретін SmartGeoHub өңірлік геоақпараттық жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
2026 жылы картографиялық деректер жаңартылып, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау мүмкіндіктері кеңейтілді және сауда-саттық арқылы жер учаскелерін беру бойынша 83 өтінім өңделді.
Сонымен қатар су тасқыны үдерістерін болжауға және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға арналған Tasqyn ақпараттық жүйесі дамытылуда.
Сондай-ақ өңірде мемлекеттік органдар орналастыратын ашық деректердің 51 жиынтығына тұрақты мониторинг жүргізілуде. 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша оларды орналастыру, өзектендіру және белгіленген талаптарға сәйкестік көрсеткіштері 100%-ды құрады.
Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қорғау шаралары күшейтілуде. Антивирустық шешімдер, ақпараттың сыртқа таралуын болдырмау жүйелері және киберқауіптерге орталықтандырылған мониторинг жүргізу жүйелері енгізілуде.
Алматы облысының цифрлық трансформациясы бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі міндеттердің қатарында телекоммуникациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, цифрлық коммуналдық сервистерді кеңейту, ақпараттық қауіпсіздікті арттыру және электрондық мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бар.
Іске асырылып жатқан жобалар мен іс-шаралар туралы толығырақ ақпаратты Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасының ресми сайтынан және Instagram желісіндегі @digital.alm.obl парақшасынан алуға болады.